ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЫ – СУДЫ ҮНЕМДЕП, ӨНІМДІ ЕСЕЛЕУ

Биыл вегетациялық кезеңге сәйкес, аудан бойынша жалпы көлемі 31 512 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұл – Жер-Ананы иіскеп, нәпақа терген диқандар үшін үлкен белес. Дәнді дақылдар – 14 783 гектар, майлы дақылдар – 1130 гектар, мал азығы дақылдары – 10 332 гектар, ал көкөніс, картоп пен бақша дақылдары – 5267 гектарды құрайды. Ал өңірдің брендіне айналған күріш – 12 500 гектарға егіледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көлемнің 89%-ы егілді, 79%-ы суға бастырылды. Бұл – жергілікті шаруалардың ұйымшылдығы мен техникалық жарақтануының нақты көрсеткіші. ТҰҚЫМ – ТІРШІЛІК БАСТАУЫ – 2025 жылдың егісіне қажетті 3125 тонна күріш тұқымының 156 тоннасы жоғары сұрыпты I-репродукциялы тұқымы және 705 тоннасы IIрепродукциялы, қалған 2264 тоннасы жалпылай тұқымдарға жатады. Егіске қажетті 15 200 тонна минералды тыңайтқыштар мен арамшөптерге қарсы 11738 литр гербицидтер 100% толық алынып, себілуде. Бүгінгі күнге күріштен басқа барлық межеленген ақ егіс толық егіліп аяқталды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков. Қоса кеткен жөн, биыл «Лидер», «Маршал», «Сыр сұлуы» сынды сыннан өткен сұрыптармен қатар, «Лазер» және «Каурис» сияқты жаңа тұқымдар сынақ ретінде егілуде. Бұл тәжірибе егіншілікке инновациялық серпін беретіні анық. ЕГІННІҢ НӘРІ Су – өңір үшін ең бағалы ресурс. Осыны терең түсінген шаруалар мен билік лазерлік тегістеу технологиясын белсенді енгізуде. Биыл Қызылорда облысы бойынша 60 мың гектар күріш алқабы лазермен тегістелуде. Бұл әдіс суды 20%-ға үнемдеп, өнімділікті 30%-ға арттыратыны дәлелденді. Мәселен, былтырғы 55 мың гектарға жасалған тегістеу нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделіп, орташа өнім гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін артқан. Бұл – ғылым мен тәжірибенің синтезі. Сонымен қатар 202 бірлік жер тегістегіш техника жұмылдырылып, заманауи агротехнологиялар ауылдағы қарапайым шаруаның еңбегін жеңілдетіп отыр. Ал Шиелі де суды үнемдеп пайдалану технологиясы қарқынды жүруде. Мәселен, «Таң ЛТД» ЖШС бүгінгі таңда 800 гектар алқапқа жүгері дақылын тамшылатып суғару әдісімен егуде. Ауылдық округтер бойынша 1300 гектар жерге бау-бақша дақылдары дәл осы әдіспен отырғызылған. Бұл – жерді қорғау, суды сақтау, ал ең бастысы – өнім көлемін ұлғайту жолындағы тиімді әдіс. – Өткен жылы суды үнемдеу бойынша 6268 гектар жер лазерлік тегістеуден өтсе, биыл лазерлік тегістеу жұмыстары 9500 гектарға ұлғайып отыр. Нәтижесінде, су 20%-ға үнемделіп, өнімділік 30%-ға ұлғаятындығы дәлелденді. Импорттық тәуелділікті азайтып, әр отбасының әлеуметтік маңызы бар өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз етуі – ауданның басты стратегиялық мақсаты. Осы мақсатта биыл 1 557 гектар жер үлескерлерге үлестірілуде. Бұл – тек аграрлық саясат емес, әлеуметтік әділет қағидасының да көрінісі, – дейді бөлім басшысы. ТЕХНИКА – ТІРЕК, ИНВЕСТИЦИЯ – ИГІЛІК Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 670 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылып отыр. Сонымен қатар 19 жаңа техника әкелініп, салаға 665 млн 7 мың теңге инвестиция тартылған. Бұл ауыл шаруашылығына деген сенімді көзқарасты білдіреді. Жанар-жағармай мәселесі де назардан тыс қалмаған. Мемлекет тарапынан 1 749,2 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруалар литрін «РК-Мұнай» ЖШС-нен 254 теңгеден сатып алуда. Айта кетейік, бүгінде Шиеліде 56 дана насос қондырғысы жұмыс істеп тұр. Олардың 10-ы – электрлі, 46-сы – дизельді. Бұл қондырғылардың біразы шаруашылықтардың, қалғаны мемлекеттік мекемелердің теңгерімінде. ҚАРЖЫЛАНДЫРУ – ҚОЛДА БАР ҚАРЕКЕТ Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаржы көлемі – 4 млрд 829 млн теңге. Оның 610 млн теңгесі шаруалардың өз қаражаты, 2 млрд 2 млн теңгесі – «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы, ал қалғаны басқа көздерден тартылған. «Кең дала» бағдарламасы аясында 13 шаруа қожалығы 415 млн 600 мың теңге көлемінде қаржыландырылса, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 23 млн теңге көлемінде 2 жоба мақұлданып, 57 млн теңге көлемінде 2 жоба қарастырылуда. ТҮЙІН Шиелі ауданы бүгінде тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, жаңа агротехнологияларды енгізу, су үнемдеу, инвестиция тарту, техникамен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында да көшбасшылық танытып отыр. Бұл – жүйелі жоспар мен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Күріштің иісі бұрқырап, егінге орақ түсіп, диқандар маңдай терінің өтеуін алған шақта – осы жұмыстардың бәрі ел игілігіне айналады. Бір сөзбен айтар болсақ, Шиелі – тіршілікке дем беретін қара жердің қасиетін терең түсінген, еңбектің қадірін білетін дала елі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА