Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыт сынынан өткен азамат

Уақыт сынынан өткен азамат

Адамның өмір жолы – өз қолымен жазылатын тағдыр кітабы іспетті. Біреу сол кітаптың беттерін бос қалдырса, енді біреу әр жолын мағынаға, әр кезеңін мазмұнға толтырады. Насырбек ­Мырзабеков – өмір жолын мағыналы істермен өрнектей білген, ел есінде еңбегімен қалған азамат.
1959 жылдың маусымында дүниеге келген қарапайым ауыл баласының болашақта елге сыйлы жанға айналарын сол кезде ешкім де дөп басып айта алмас еді. Бірақ оның бойындағы еңбекқорлық пен алға ұмтылыс бала кезден-ақ байқалатын. Көпбалалы отбасында өскен ол ерте есейді, тіршіліктің шынайы бағасын ерте түсінді.
Мектеп қабырғасындағы алғырлығы мен білімге деген құштарлығы оны өзгелерден даралап тұрды. №50 Абай атындағы орта мектепті үздік аяқтауы оның табандылығының алғашқы жемісі еді. Бұл тек бір белес қана болатын.
Жастықтың жалынды шағында ол үлкен өмірге нық қадам басып, білім жолын таңдады. 1977 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химико-технологиялық институтына оқуға түсіп, 1982 жылы «инженер-құрылысшы-технолог» мамандығы ­бойынша диплом алды. Ал әскери кафедрада оқып, офицерлік шен алған ол – тәртіп пен талапты қатар ұстанғанды.
Еңбек жолы 1982 жылы Көкшетау қаласындағы құрылыс материалдарын шығаратын комбинатта қарапайым шеберліктен басталды. Бірақ Насырбек Аябекұлының бойындағы қайсарлық пен іскерлік оны көп күттірмей биікке шығарды. Араға екі жыл салып цех бастығы қызметіне көтерілді. Бұл – «еңбек еткеннің еңсесі биік» екенін дәлелдеген кезең еді.
Алайда туған жердің топырағы әрқашан ыстық. 1985 жылы Сыр өңіріне оралған ол өз білімін туған елінің игілігіне жұмсауды мақсат етті. Шиеліде жүріп, қарапайым қызметтен бастап, ел сеніміне ие болған басшыға дейін өсті. Кооператив төрағасы ретінде ел экономикасының бір бөлігін еңсеріп, талай жанның нәсібіне себепкер болды.
Тәуелсіздік жылдары – батыл шешімдердің кезеңі. Бұл уақытта ­Насырбек Аябекұлы да тың бастамаларға бел буды. 1996 жылы «Мөлдір және компания» серіктестігін құру арқылы тұтас бір өңірдің тыныс-тіршілігіне серпін берген маңызды қадам жасады. Құрылыс, өндіріс, тасымал – бәрі де ел игілігіне бағытталды.
Адамның азаматтық келбеті оның елге жасаған шынайы игілігімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Насырбек Аябекұлының әрбір бастамасының астарында халыққа деген жанашырлық пен жауапкершілік жатыр. Сол жылдары ашылған «Мөлдір» дәріханасы да ел қамын ойлаған азаматтың жүрек жылуынан туған игі іс еді.
Бүгінде бұл дәріхана тек дәрі-дәрмек сататын орын ғана емес, халыққа жан-жақты медициналық қызмет көрсететін орталыққа айналған. Мұнда келушілер қажетті дәрісін алып қана қоймай, ине егу, дәрігер кеңесіне жүгіну мүмкіндігіне ие.
Тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып отырған қызметтің тізгінін қазір туған інісі, білікті фармацевт Нұрлыбек Мырзабеков ұстап отыр.
2006 жылы Насыр Мырзабеков «Бастау» микрокредиттік ұйымын құру арқылы – талай адамның өз кәсібін бастауына жол ашып, бүтін бір қоғамның дамуына үлес қосты.
Мемлекеттік қызметте де оның қолтаңбасы айқын. 2010 жылы құрылыс бөлімінің басшысы, араға бір жыл салып аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 2013-2016 жылдары Шиелі кентін басқаруы – үлкен сенім мен зор жауапкершілікті талап етті. Ол осы сенім үдесінен шыға білді.
Еңбектен жалықпаған жан қашанда жаңалыққа ұмтылады. 2016 жылдан бастап «Мөлдір және К» толық серіктестігінің бас директоры болды. Сөйтіп серіктестік жанынан «Шиеліқұс» фермасын ашу арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қоса ­бастады. Бүгінде аудан халқы сапалы өніммен қамтылып отырса, оның артында осындай тынымсыз еңбек жатыр.

Еңбектің еленуі – елдің бағасы
Адам еңбегінің шынайы бағасы – уақытпен өлшенеді. Жылдар өте келе маңдай термен атқарылған әр іс өз жемісін береді. Насырбек Аябекұлының өмір жолы – осы сөздің айқын дәлелі. Оның ұзақ жылғы еңбегі ел тарапынан лайықты бағасын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет дамуына қосқан үлесі үшін 2001 жылы «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен марапатталды. Уақыт өткен сайын оның елге сіңірген еңбегі жаңа белестермен толыға түсті. 2005 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тарапынан алғыс хатқа ие болуы – оның қоғам алдындағы абыройының артқанын көрсетті. Кейін 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», ал 2016 жылы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медальдарымен марапатталып, ел дамуына қосқан үлесінің үздіксіз екенін аңғартты. Сол 2016 жылы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісін алуы – оның құрылыс саласындағы кәсіби шеберлігінің жоғары бағаланғанының дәлелі еді. 2018 жыл да табысты жылдардың бірі болды. Облыс әкімінің алғыс хаты мен І дәрежелі дипломы, «облыстың үздік құс өсірушісі» атағы берілгенін жерлестері кәсіпкерлік саладағы жаңашыл еңбегінің нәтижесі деп қабылдады.
Кейінгі жылдары да Н.Мырзабековтің еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2021 жылы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерекелік медалімен және Президент алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімдері Гүлшара Әбдіқалықова мен Нұрлыбек Нәлібаев тарапынан берілген алғыс хаттар – оның қоғам алдындағы беделін айқындай түсті. Ардагердің еңбегі тек өңір деңгейінде ғана емес, республика көлемінде де бағаланып, 2022 жылы салалық министрлік тарапынан алғыс хат алды. Ал 2023 жылы туған жердің ең жоғары құрметі, ел сенімінің айқын көрінісі – Шиелі ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Кейінгі жылдары да марапаттар легі жалғасын тапты. 2024 жылы Республика күніне орай құрмет грамотасы, 2025 жылы облыстық «Құрмет грамотасы», ал 2026 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан алғыс хатпен марапатталуы – оның елге қызметі әлі де жалғасып жатқанын дәлелдейді.
Бұдан бөлек, Насырбек Аябекұлы көптеген мерекелік медальдар мен аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Алайда оның шынайы болмысы тек марапаттармен өлшенбейді.
Насырбек Мырзабеков – қоғам өміріне белсене араласып жүрген азамат. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, қоғамдық кеңестің, ақсақалдар және алқа билер кеңесінің мүшесі ретінде ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылыққа өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, «Аманат» партиясы филиалының Бақылау комиссиясын басқара отырып, жауапты қызмет атқаруда.
Оның тағы бір қыры – жанашырлығы. Жастар арасындағы мәдени, діни және спорттық іс-шараларға тұрақты түрде демеушілік көрсетіп, өскелең ұрпаққа қолдау білдіруі – ардагердің азаматтық келбетінің айқын көрінісі.
Насырбек Аябекұлы – тек басшы, кәсіпкер ғана емес, үлкен әулеттің тірегі. Әке ретінде өнеге көрсетіп, ата ретінде ұрпағына тәрбие беріп отырған абзал жан. Жары Гүлзинет Мылтықбаева екеуі бейнеттің зейнетін көріп, үлгілі шаңырақтың шамшырағына айналып отыр.
Өмірде әр адам із қалдырғысы келеді. Бірақ сол іздің қандай болары – өз қолында. Біреудің ізі уақыт өте өшсе, біреудің еңбегі ел жадында сақталады. Насырбек Аябекұлының өмір жолы – дәл сондай өшпейтін іздердің бірі.
Бұл – маңдай термен жазылған тағдыр. Бұл – еңбекпен келген абырой. Бұл – елге қызмет етудің шынайы үлгісі.

Гүлхан ЯХИЯ
07 сәуір 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930