ЕҢБЕКТІҢ ДӘМІ, КӘСІПТІҢ МӘНІ

Кейіпкеріміз 1964 жылы Тартоғай ауылында дүниеге келген. 1971-1981 жылдары Ш.Есенов атындағы №153 мектеп-лицейінде білім алған ол, кейін Қызылорда қаласындағы оқу орнына түсіп, 1983-1984 жылдар аралығында бухгалтер мамандығын меңгеріп шығады. Алайда мамандығы бойынша емес, тағдыр өз арнасымен жетелеп, туған ауылындағы мектебіне буфетші болып жұмысқа тұрады. Бұл өмір жолының алғашқы беттері еді. Қарапайым отбасында өскен қыз бала жастайынан еңбекпен есейді. Бойындағы табандылық пен жауапкершілік сезімі оны уақыт өте үлкен өмір мектебіне алып келді. 1988 жылы отбасымен Шиеліге қоныс аударып, жаңа тіршілік бастайды. Кәсіпкерлікке қадам жасаған сәтте – 30 жаста болатын. Сауданың нағыз мектебі базардан басталған еді. – Күннің аптап ыстығына да, қақаған суығына да қарамай, саудаға шықтым. Тапжылмай сауда жасадым. Ашулану дегенді білмеймін. Күліп қарсы алып, күліп шығарып салу – сауданың сыры. Артық 1 тиын жемеу керек – әр тиынның өз құны бар, – дейді ол өткен күндерге көз жүгіртіп. Балаларын тәтті кәмпит сата жүріп тәрбиелеген ананың еңбегі еш кетпеді. Екі ұлы мен бір қызы бүгінде ана жолын жалғап, кәсіптің құнын терең түсінетін жандарға айналды. «Отбасының қолдауы болмаса, бұл деңгейге жету қиын еді» дейді ол шүкіршілікпен. Бірі екіншісіне демеу болып, бір-бірінің ісіне сенім арта білген отбасы бүгінде Шиелі жұртшылығына жақсы таныс. Сол табандылық пен бірліктің нәтижесінде Шиелідегі алғашқы жеке азықтүлік сауда нүктелерінің бірі – «Нұр» дүкені, кейіннен халық игілігіне айналған «Aqua» бассейні ашылды. Қазір бұл нысандар тұрғындар қажетіне жарап тұр. Айта кетерлігі, «Нұр» атауының да өз мәні бар. Кейіпкеріміздің ұлы Дарханбек Сейтсұлтанов бұл дүкенге аналық құрметпен, терең мағынамен ат қойыпты: «Он сегіз мың ғалам Нұрдан жаралған, әуелі Алла, содан кейін сіз ғой. Сол себепті дүкенді «Нұр» деп атайық», – деген екен. Бұл сөз ана мен бала арасындағы сенім мен сүйіспеншіліктің, әрі рухани терең байланыстың көрінісі десек артық емес. Тілші түйіні: Кәсіпкер болу – тек пайда табу емес, адалдықпен халыққа қызмет ету. Нұржамал Дайрабайқызының өмір жолы – соның дәлелі. Қарапайым саудадан бастаған ісі бүгінде үлкен кәсіпке ұласты. Бірақ ол ешқашан биіктен қарап сөйлеген емес. Өз сөзімен айтсақ: «Бастысы – ниет таза болу керек, сонда ісің де, нәсібің де берекелі болады». Міне, осындай жанмен тілдескен бір күн – біз үшін де бір сабақ. Өмірдің мағынасы – адал еңбек пен шын көңілде екені тағы бір мәрте дәлелденгендей.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ