Шиеліде елді емдеген егіздер тұрады

Қара тас та бөлінеді емес пе? Алайда Айымхан мен Күнімхан Донбаеваларға қарап, осы сөзді негізсіз дер едік. Өйткені олардың әлемі бір, жан дүниесі ұқсас. Тіпті, таңдаған мамандықтары да... Адам жанын емдеуді өздеріне борыш деп санаған олар бүгінде Шиелі аудандық емханасында тәжірибелі мейірбике болып жұмыс істейді. 1963 жылы өмірге келген қос егіз бала күннен бері ақ халатты абзал жан болуды арман еткен. Екеуі де 1971 жылы Шиелідегі бұрынғы «Қазанның 14 жылдығы» атындағы қазақ орта мектебіне қабылданып, 1981 жылы осы мектепті үздік тәмамдаған. Сөйтіп, армандарына бір қадам жақындаған соң 1981 жылы Жезқазған қаласындағы бұрынғы медицина училищесіне «акушерлік ісі» мамандығына оқуға түседі. Аталған оқу орнын үздік аяқтаған олар алғашқы еңбек жолдарын Шиелі аудандық емханасынан -бастады. Күнімхан Ахметқызы балаларға арналған учаскелік бөлімшесінде аяжан болып жұмысқа орналасса, 2015 жылдан бері эндокринолог аяжаны болып еселі еңбек етіп келеді. Ал Айымхан Ахметқызы Шиелі аудандық «Жедел жәрдем» бөлімінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, 2009 жылдан бері жалпы тәжірибелік бөлімі-жалпы тәжірибелік мейірбикесі болып қызмет етуде.
Мейірбике – мейірім иесі. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз соның дәлелі. Табиғатттың тылсымымен үндесіп, отбасылы болса да бір-бірінен ажырамай, бір салада еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп жүрген егіздердің еңбегі еселі. Олардың тағдыр жолы да ешкімге ұқсамайды. Иә, дертке шипа беріп, жан саулығы үшін күресіп жүрген олар әрдайым ел назарында. Олар аяулы ана, сүйікті жар ғана емес, ұжымға сыйлы әріптес. Ал біз іскерлік қабілеттерімен ерекшеленіп тұратын Айымхан мен Күнімхан Донбаевалардың еңбек жолына сәттілік, жұмыстарына табыс тілейміз!