Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіздер – ерекше жандар

Егіздер – ерекше жандар

Қазақтың сөз қоржыны алтынға бергісіз қазына іспетті. Өйткені, бір ғана мақал немесе мәтел адамның күллі өміріне өнеге болатындай тағылым береді. Мәселен, «Артында қызы қалғанның – ісі қалғаны, ұлы қалғанның – өзі қалғаны» деген тәмсілді алайықшы. Бұл даналық сөзден адам өмірінде қыз бен ұлдың айрықша орын алатынын аңғарамыз. Бір ауыз сөзге қарап-ақ бала сүйіп, ұрпақ өрбітудің ғанибет екенін ұғынамыз.
Иә, дүниеге сәби келіп, шаңырақты шаттыққа бөлесе қуаныш емес пе? Ал бір мезетте екі немесе үш баланы дүниеге әкеліп, өрісі кеңейген отбасының сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Себебі, егіз бен үшемдер – кез келген жанға бұйыра бермейтін ерекше жаратылыс иесі.
Әр баланың өз несібесі мен ырзығы барын түсінген қазақ елі егіздерді өмірге әкелуде 48 орында. Көш басында Нигерия елі тұр. Онда әрбір 22-адамға бір егізден келеді. Ал Шиелі ауданында жылына 1200-дей сәби өмірге келетін болса, оның 5-6-сы егіз болады. Алайда, биылғы статистикалық деректер ауданда егіздер санының өткен жылғыдан артқанын көрсетеді. Сексен мыңнан аса халқы бар Шиелі өңірінде небәрі екі үшем бар. Оның алғашқысы осыдан 12 жыл бұрын өмірге келсе, екіншісі биыл көктем мезгілінде жарық дүние есігін ашты.
Бейсенбі күні №46 мектеп-лицейінде «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өнерлі егіздердің басын қосқан шара өтті. «Егіздер шеруі» атты концертте алғашқы болып аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Әшімхан Оспанов сөз сөйледі. Ол егіздердің ерекше жаратылыс екенін тілге тиек етіп, егіздер туралы қызықты деректермен бөлісті.
– Бүгінде егіздердің дүниеге келуін мамандар жастардың кеш үйленуі және бедеулікпен байланыстырады. Менің ойымша, бұл қате пікір. Себебі, қазақ қоғамында егіздердің дүниеге келуі таңсық дүние емес. Бұл – Құдайдың жаратылысы, табиғаттың берген сыйы, – деді Әшімхан Орынбасарұлы.
Одан кейін аудандағы тұңғыш үшемдер, №46 мектеп-лицейінің шәкірттері Жаннұр, Ернұр, Айдын тыңдарманға әннен шашу шашты. Ал №127 мектеп-лицейінің 4 сынып оқушылары Гүлзат пен Бекзат би билеп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сахнада сән құрып, өнерін ортаға салғандардың қатарында Диана мен Аяна, Айя мен Аделя, Балауса және Балкен, Айман мен Шолпан, Саят пен Сая, Дамира мен Замира, Бақдәулет пен Нұрдәулет сынды егіздер де бар.
Шара соңында «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шамшат ­Оразымбет сөз алып, қатысушыларға және егіздерді дүниеге әкеліп, тәрбие берген ата-аналарға ақжарма тілегін жолдап, алғысын білдірді. Содан кейін 62 тамырын идіріп, ақ жаулық тағынған аналарға аудан әкімі Әшім Оразбекұлының алғыс хатын табыстады. Сөз арасында Ш.Оразымбет алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.
– «Егіздер шеруі» шарасының негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау. Біз 2017 жылы аудандық ішкі саясат басқармасының тапсырмасы негізінде осындай шара өткізгенбіз. Сол кезде 5 жұп егіз қатысса, қазір 9 жұп егіз қатысуда. Сондықтан біз келесі жылы кең көлемде аудандық егіздер фестивалін өткізуді жоспарлаудамыз, – деді ол.

Маржан БОЛАТ
19 қараша 2019 ж. 1 576 0