Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде үшем дүниеге келді

Шиеліде үшем дүниеге келді







Статистикалық мәліметтерге сүйенсек ауданда өткен жылмен салыстырғанда егіздер саны артқан. Ал үш сәбидің бірдей жарық дүние есігін ашуы сирек кездесетін қуаныш. Дүниеге үшем келіп, өрісі кеңейген шаңырақтың шаттығын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес шығар. Сан ғасырлық тарихы бар Шиелі өңірінде алғашқы үшем 2007 жылы, яғни, осыдан 12 жыл бұрын дүниеге келген екен. Жаннұр, Ернұр, Айдын есімді ұл-қызды сыйлаған алтын құрсақты ананың жолы бүгінде кент тұрғыны Жазира Ертаеваға бұйырды.
Дәрігерлердің айтуынша мамыражай мамырдың алғашқы күнінде облыстық «Ана мен бала» орталығында араға 1 минут салып туылған Айбибі, Айша, Ақнұр есімді қыздардың бүгінде жағдайлары жақсы. Салмақтары 2.415, 2.480, 1.648 кг болып дүниеге есігін ашқан. Айта кетейік соңғы үш айда облыстық перинаталды орталықта 2 үшем дүниеге келген. Ата-анасын ғана емес, түгел дүйім қазақ қуанышқа бөлеген шақалақтарды облыстық перинаталды орталықтан шығару сәтіне туған-туыс, жора-жолдастан бөлек, Шиелі ауданаралық ауруханасынан арнайы бас дәрігердің орынбасары, БАҚ өкілдері, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері қатысты.
– Өмірге үшем келеді деген сәттен бастап тағатсыздана күттік. Бұл отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Мамыр айының бірі күні облыстық «Ана мен бала» орталығында жүктіліктің 35 аптасында ота жасау арқылы босандым. Қазір Аллаға шүкір, өзімнің де, қыздарымның да жағдайлары жақсы. Көңілім тоқ. Дәрігерлер ауруханадан шығамыз дегенше жіті бақылауда ұстады. Қуанышымды бөлісіп келген адамдардың қарасы көп екен. Бұл да қазақ елінің анаға деген құрметі емес пе? –дейді жас ана. Бірден үш сәбидің әкесі атанған Жандос Махатаевтың да қуанышында шек болмады.
– «Үш қызы болса, жұмаққа кіреді» деуші еді. Сондай қасиетті мекенге тікелей жолдама берген әйеліме алғыстан басқа айтарым жоқ. Ерекше толқып тұрмын. Аллаға шүкіршілік айтамын. Барлық отбасыға осындай қуанышты сәт бұйырсын, – деп ағынан жарылды. Жандос пен Жазираның шаңырағында осыған дейін 3 жастағы Айару есімді қыз бар. Үшемді үйіне шығару 15 мамыр халықаралық отбасы күніне тұс­па-тұс келген отбасыға аудан әкімі Әшім Оразбекұлы да ерекше сый-құрметін көрсетіп, қылықтылардың әрқайсысына қоларбалар тарту етсе, облыстық перинаталды орталық киім-кешек жиынтығын сыйлады.
–Шиелі ауданында жылына 1200-ден астам сәби дүние есігін ашады. Оның 5-6-сы егіздер. Сонымен қатар жылына 25-27 пайыз жүкті аналар денсаулығына байланысты облыстық орталыққа жеткізіліп отырады. «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері Гүлнұр Жұмашевамен тікелей байланыста болып, өзіміз жіберген аналардың хал-ахуалын біліп отырамыз. Нәрестесін қолына алудың өзі үлкен ерлік пен жауапкершілікті талап етеді. Ал биылғы жылы үшемнің өмір­ге келуі аудан үшін зор мақтаныш. Бұл Шиеліде екінші рет орын алып отыр. Аналар дәрігердің тікелей бақылауында болуы шарт. Қуаныштың себепкері болып отырған үшемге жеке мейірбике қарастырылатын болады, –деді Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева.
Иә, бір нәресте дүниеге келсе, бір жусан артық өседі дейтін қазақ халқы о бастан бала-шағасымен арқа-жарқа болып өмір кешуді жаны сүйеді. Ендеше, көпбалалы аналардың қатары көбейе берсін деп тілейік.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
18 мамыр 2019 ж. 1 226 0