Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАНЫ БӨЛЕК, ТӘНІ БІР

ЖАНЫ БӨЛЕК, ТӘНІ БІР

Он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратқан Алланың шеберлігінен асқан құдірет жоқ шығар. Міне сол құдіретті жаратылыстың бірі – егіздер. Кез келген отбасының бағына бұйыра бермейтін мұндай жаратылысқа әлі күнге дейін таңданыспен қарайтынымыз сөзсіз. Өмірге келген әрбір сәби отбасының көз қуанышына айналып, шаңырақты шаттыққа бөлесе керемет емес пе? Ал, өмірге егіздер келсе, нұр үстіне нұр.
Әлемдегі сирек кездесетін таңғажайып құбылыс ретінде егіздер адам санасын қызықтырып, аңыз ертегілерге арқау болғаны шын. Ықылым заманнан бері егіздерді болашақты болжайтын, табиғи және адам өмірінде болатын оқиғаларға әсер ете алатын тылсым күш иесі ретінде де қабылдаған. Жаратқанның ерекше жаратылысы екені рас. Әр дәуірде әр ұлттың санасында егіздер беймәлім дүниенің жаршысы іспетті болған. Адам баласының ана құрсағында өзі сияқты екінші бір ұрықпен (баламен) қатар жетіліп, дүниеге бір уақытта келуі, егіз болып туылуы көз бен құлаққа үйреншікті жағдай.
Естіген боларсыздар, «сырт келбеті жағынан бір-бірінен ажырату қиын егіздерді (бір ұрықты егіздер) екі жаққа бөлек етіп жіберіп, бақыласа, бірінің денсаулығы нашарлағанын екіншісі сезеді» деген сөздер айтылып жатады. Бұнысы – ақиқат. Көптеген егіздердің өмірінде аталған жағдай кездескен. Бірақ оның қандай тылсым құбылыс екенін анықтап, сырын аша алған бір де бір ғалым да, оқымысты да, дәрігер де жоқ. Туылғанынан бастап екі бөлек жерде өмір сүрген егіздердің бойындағы түрлі қасиеттердің қашықтыққа немесе сол сияқты кедергілерге қарамастан бірдей болатындығы да бар.
Егіздер туралы наным сенімді қазақ ауыз әдебиеті мен дастан қиссаларда жиі кездестіреміз. Олардың жаратылысы жайында көптеген оқиғалар да айтылады.Мәселен, егіздер үнемі көпшіліктің назарында жүреді. Ырым-тыйымға сенсек, егіздерге жиі көз тиіп, ауырып қалады екен. Бұл ақпаратты аудан тұрғындары ­Мерей мен Нұрай да растайды.
– Менің есімім Нұрай. Шиеліде тұрамын. Егіздің сыңарымын. Сыңарымның есімі – Мерей. Қазір тұрмыста. Біз бір жұмыртқалы егіздерміз. Сондықтан бір-бірімізге қатты ұқсаймыз. Анамыз бізді бойжеткен шағымызға дейін бірдей киіндіріп қоятын. Әлі күнге дейін біріншіміз ауырсақ, екіншіміз де сырқаттанып қаламыз. Және бір-бірімізді қатты сеземіз. Мерей қазір алыста болғандықтан мен оны қатты сағынамын. Бірақ қазақта «Бірге тумақ болғанымен, бірге жүрмек жоқ» деген сөз бар емес пе? Сондықтан, егіздердің екіге бөлінуі заңдылық. Егіз болғанның артықшылығымен қоса, кемшіліктері де баршылық. Жасыратыны жоқ, олар көп жағдайда қарапайым заттың өзіне таласып қалып жатады. Бұл жағдай барлық егіздерде кездеседі деп ойлаймын. Бізде де солай. Біз бір-бірімізге қатты ұқсайтын болғандықтан, туыстарымыз да әлі күнге дейін бізді ажырата алмай жатады.

ЕГІЗДЕР ЖАЙЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, егіздердің 22%-ы – солақайларды құрайды.Ал ғалымдар егіздерді бір жұмыртқалы (көп зиготалы) және екі жұмыртқалы (дизиготалы) деп бөледі. Сондай-ақ олар бір күнде туылмауы, әкелері бір болмауы мүмкін. Кейбір егіздердің саусақ іздері әр түрлі болады. Тіпті, көп жағдайда бір жұмыртқалы егіздер бір жынысты болмайды. Америкалық дәрігерлер егіз жасушаларын біріктіріп оны әйелдің құрсағына салуға болатындығын дәлелдеген. Ең ауыр егіздердің салмағы туылғанда 12 кг 350 грамм болса, ең кіші егіздердің салмағы 400 граммды құраған.
Әлемде түрлі қызық бар. Сіз бен біз білмейтін ақпаратты естігенде таңданып та, таң қалып та қарайтынымыз рас. Егіздер көп жағдайда бір күнде өмірге келеді. Бірақ, сіз араға бір ай салып, тіпті бір жыл салып жарық дүниеге келген егіздер жайлы естімеген боларсыз. Мұндай ерекше факторлар біздің елде тіркелмегенімен, американдықтарда көптеп кездескен. Мәселен, Маями қаласының тұрғындары Джонс пен Джекстің жас ерекшеліктері 3 жыл. Олардың егіз жасуша арқылы өмірге келгендігіне дәрігерлер таңданыспен қараған. 1980 жылы Джонс, 1983 жылдың тамыз айында Джекс өмірге келеді. Арада қанша жылдар өткенен кейін екеуі бір-бірінсіз жүре алмай, бірдей сырқаттанып, бірдей ойлайтын күйге жетеді. Сол кезде ғана дәрігерлер оларды қайта тексерістен өткізіп, олардың егіз жасушалы екендігін дәлелдейді.
Егіздердің кейбірі бір-біріне қаты ұқсас болса, енді бірі екіншісіне мүлде ұқсамайтын болып өмірге келеді. Мұндай егіздердің түрлерін екінші зиготалы егіздерге жатқызуға болады. Қытайда мұндай егіздер жиі туылады. Ал Кореядағы егіздер бір-бірне өте ұқсас болып келеді.
Егіз балаларды дүниеге алып келу қаншалықты қуанышы мол жағдай болса, соншалықты деңгейде әйел ағзасына күш түсіретін биологиялық процес болады. Мысалы, іштегі екі баланың салмағын қосқандағы салмақ қалыпты жағдайдағы бір баланың салмағынан ауыр келеді, зәр шығару жүйесіне ауырлық түседі, ағзасындағы кальцийдің көп мөлшерін жоғалтады, босану процесі ұзаққа созылады. Ондай кездерде жүкті әйелдің күтімі үнемі қадағалауда болып, іштегі балалардың денсаулығына зиян келтіретін заттар мен оқыс қимылдардан аулақ жүру керек.
Әлемде 70-80 млн-ға жуық егіздер бар екен. Егіздерді өмірге алып келуі жағынан көш басында Нигерия тұр. Жер шарының төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай соңғы орында болса, Қазақстан 48 орынға жайғасыпты. Ал Шиелі ауданында жылына шамамен бес-алты егіз өмірге келеді. Қазағымыздың саны көбейіп, егіздеріміздің қатары артқаны ­демография­ны да түрлендіре түсері сөзсіз.

Сымбат СҰЛТАН
01 сәуір 2022 ж. 574 0