Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЕКШЕ ЖАРАТЫЛЫС ИЕЛЕРІ

ЕРЕКШЕ ЖАРАТЫЛЫС ИЕЛЕРІ


Егіздер Жаратқанның ерекше жаратылысы екені рас. Әр дәуірде әр ұлттың санасында егіздер беймәлім дүниенің жаршысы іспетті болған. Адам баласының ана құрсағында өзі сияқты екінші бір ұрықпен (баламен) қатар жетіліп, дүниеге бір уақытта келуі, егіз болып туылуы көз бен құлаққа үйреншікті жағдай. Бірақ егіздер жайлы не білеміз?
Он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратқан Алланың шеберлігінен асқан құдірет жоқ шығар. Міне сол құдіретті жаратылыстың бірі – егіздер. Кез келген отбасының бағына бұйыра бермейтін мұндай жаратылысқа әлі күнге дейін таңданыспен қарайтынымыз сөзсіз. Өмірге келген әрбір сәби отбасының көз қуанышына айналып, шаңырақты шаттыққа бөлесе керемет емес пе? Ал, өмірге егіздер келсе, нұр үстіне нұр.
Естіген боларсыздар, «сырт келбеті жағынан бір-бірінен ажырату қиын егіздерді (бір ұрықты егіздер) екі жаққа бөлек етіп жіберіп, бақыласа, бірінің денсаулығы нашарлағанын екіншісі сезеді» деген сөздер айтылып жатады. Бұнысы – ақиқат. Көптеген егіздердің өмірінде аталған жағдай кездескен. Бірақ оның қандай тылсым құбылыс екенін анықтап, сырын аша алған бір де бір ғалым да, оқымысты да, дәрігер де жоқ. Туылғанынан бастап екі бөлек жерде өмір сүрген егіздердің бойындағы түрлі қасиеттердің қашықтыққа немесе сол сияқты кедергілерге қарамастан бірдей болатындығы да бар.
Егіздер туралы наным сенімді қазақ ауыз әдебиеті мен дастан қиссаларда жиі кездестіреміз.Олардың жаратылысы жайында көптеген оқиғалар да айтылады.Мәселен, егіздер үнемі көпшіліктің назарында жүреді. Ырым-тыйымға сенсек, егіздерге жиі көз тиіп, жиі ауырып қалады екен. Ал осындай егіздерді өмірге алып келетін алтын құрсақты аналардың орны біздер үшін әркез ерекше.
Егіз балаларды дүниеге әкелу қаншалықты қуанышы мол жағдай болса, соншалықты деңгейде әйел ағзасына күш түсіретін биологиялық процес болады. Мысалы, іштегі екі баланың салмағын қосқандағы салмақ қалыпты жағдайдағы бір баланың салмағынан ауыр келеді, зәр шығару жүйесіне ауырлық түседі, ағзасындағы кальцийдің көп мөлшерін жоғалтады, босану процесі ұзаққа созылады. Ондай кездерде жүкті әйелдің күтімі үнемі қадағалауда болып, іштегі балалардың денсаулығына зиян келтіретін заттар мен оқыс қимылдардан аулақ жүру керек.
Әлемде 70-80 млн жуық егіздер бар екен. Егіздерді өмірге алып келуі жағынан көш басында Нигерия тұр. Жер шарының төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай соңғы орында болса, Қазақстан 48 орынға жайғасыпты. Ал Шиелі ауданындағы статистикалық деректер егіздер санының өткен жылғыдан артқанын көрсетеді. Ауданда жылына шамамен бес-алты егіз өмірге келеді. Қазағымыздың саны көбейіп, егіздеріміздің қатары артқаны демографияны да түрлендіре түсері сөзсіз.

Сымбат Сұлтан
16 наурыз 2021 ж. 1 341 0