ҚАРА ӨЛЕҢГЕ ҚҰМАР ЕЛЕНА

Түрлі ұлт өкіліне құшағын айқара ашқан Ақмая ауылында бүгінгі күнге дейін корей ұлтының азаматтары тұрады. Қазақ халқымен етене жақын араласып, тіпті қазақтың ұлттық өнерін үйреніп, ұлттық асында әзірлейді. Үлкендері немерелерін қазақ мектебіне беруінің өзі үлгі боларлық іс. Сондай өзге ұлт өкілі бола тұра Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен 150-ге жуық өлеңін жатқа білетін Елена Пакты ерекше атап өтуге болады. Мектеп кезеңінде түрлі мәнерлеп оқу байқауларына қатысып, ұстазы Бибігүл Сұлтанованың жетекшілігімен қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиядасына қатысып республикалық кезеңінде жүлделі орынға ие болды. Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филология мамандығы бойынша білім алып, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанды. Былтырғы жылы Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген «Үздік Ауылдар» сайысында белсенді түрде үлесін қосып, нәтижесінде Ақмая ауылы жеңімпаз атанған болатын. Осындай береке бірлігі жарасқан елде дүниеге келгенін мақтан тұтатын Елена: – Жалпы өмір жолымдағы жеткен жетістіктерім үшін қазақ еліне, оның қонақжай халқына басымды иіп өтемін. Осы елге, қазақ халқына қызмет ету мақсатым. Қазақстанды өзімнің Отаным, өскен жерім деп, осы елге деген сүйіспеншілігімді жүрегімнің төрінде мәңгілік сақтаймын. Сондықтан қазақ халқына алғыс айтудан ешқашан шаршамаймын. Мереке құтты болсын! Халықтар достығы жасай берсін, – деп мереке қарсаңында өзінің құттықтау хатын жолдады кейіпкеріміз.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ