Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ақмая» – сан ұлтқа сая

«Ақмая» – сан ұлтқа сая

«Ақмая» – Шиелінің іргесіндегі ауыл. Бар-жоғы 15 шақырымды артқа тастайсыз. Жолы да теп-тегіс. Тіпті кейбір тұрғындар аудан орталығына қатынап та жұмыс істейді.

Бұл ауылдан 16 Еңбек Ері шығыпты. Барлығы да – корей ұлтының азаматтары. 1937-1938 жылдары Шиеліге жер аударылған корейлердің басым көпшілігі Хабаровск пен Владивосток өлкесінен еді. Сол уақыттағы қиындыққа қарамай қара жерден нәпақасын айырған осы еңбекші халықтың егін егудің алдыңғы қатарында болғаны рас. Тумысынан бейнеткеш корейлер жабайы жерді аршып, күріш өсіруді қолға алды. Одан кейінгі жетістік тарихтан-ақ белгілі. Әрине, бұл жерде жергілікті халық – қазақ ұлтының қонақжайлығы, сол уақытта өздері тауқымет тартса да тамағының бір бөлігін жырып беруі  сырттан келгендерге көп қолдау болғанын баса айтуымыз керек.


Бүгінде іргелі ел болған «Ақмаяның» бұрынғы атауы – «Авангард». Кеңестік кезеңде ірі кеңшар болған. Сыр салысын егуде озат атанып, диқандардың тәжірибесі республикаға да таралды. Қазір де егін егуде алда тұрған ауылдың берекесі таймаған. Жергілікті тұрғындармен бірге өзге ұлт өкілдері тізе қосып, жыл сайын күріш пен бақша өнімін жинауда алда келеді.

«Ақмаяға» аялдағандағы мақсат – кетпен шауып, егін салған ағайынның еңбегін дәріптеу. Әлеуметтік нысандары түп-түгел ауылда биыл 4800 гектарға жуық жерге түрлі дақыл егілген. Қазірдің өзінде осындағы диқандар 350 тонна қауын-қарбыз, 85 тонна көкөніс, 10 тонна асқабақты жан-жаққа сатып үлгеріпті.

– Биыл да жылдағыдай бірнеше гектар жерге бақша ектім. Оның ішінде картоп, қызанақ, сәбіз, пияз, орамжапырақ, баклажан, соя, асбұршақ пен жүгері сияқты дақылдар бар. Қарбыз бен қауын, асқабақ егуді жыл сайын қалдырмаймыз. Күз туысымен өнімді жиып, аудан мен облыс орталығына өткіземін. Бұрыннан бері менің еккен көкөністерімді тұрақты сатып алатын адамдар жеткілікті. Әсіресе, сәбіз бен қызанақ, сондай-ақ, қысқы салат түрлерін дайындауға керекті дақылдар өте өтімді, – дейді 65 жастағы Антонина Цзю.

«Ақмаяда» туып, осы жерде өсіп-өнген корей ұлтының өкілі 1993 жылдан бері бақша өсіреді. Ал оған дейін ауылдағы құрылыс саласында, фермада түрлі жұмыс істеген.

– Кіндік қаным осында тамған соң менің отаным да осы жер. Мен «Ақмаядан» өзге жерге қоныс аударуды елестете алмаймын. Мұнда барлығы маған туысқан, барлығы менің бауырым. Шыны керек, 90-шы жылғы қиындықтан соң жолдасым екеуміз жер өңдеп, егін еккелі тұрмысымыз түзелді. Қазір отағасы қайтқалы бес жыл болды. Қос қызым тұрмыста, қолымда 96 жасқа келген қарт анам бар. Әрине, мұнша жерді игеруге өзім үлгермеймін, ауылдағы жігіттерге айтып, ақысын төлеп, түрлі дақылды егеміз. Кейде қыздарым «бақша екпе» деп те ұрсады, бірақ, жыл сайын егін екпесем, ауырып қалатындай болып тұрамын, – деп ағынан жарыла күлді ол.
Зейнеткер Антонина бұдан бөлек, тауықтың түр-түрін өсіріп отыр. 150-ден астам үй құсымен қатар, шошқа да бағады. Әлі де тың, жүрісі ширақ диқан апай бақша басына өз жеңіл көлігімен келіп-кетіп жүр. Дұрысы, жер өңдеуден бөлек, техника тілін де меңгерген.

Ал біз ауыл маңындағы егістік пен бақшалықты аралап жүріп тағы бір еңбек адамына жолықтық. Елу жылдан бері күрішші болып келе жатқан Герасим Пактың жасы 73-ке келген. Жас кезінде жатка мен комбайн тізгіндеген ақсақал әлі де еңбек сапынан түспепті. Ол қазір «Ақмая» шаруашылығында сушы болып жүр. Ал балалары түрлі салада қызмет істейді. Жұбайы екеуінің 7 немересі бар.

– Біздің әкелеріміз, аталарымыз қиындықты көріп, өз жерінен осында зорлықпен көшті емес пе? Ал мұндағы қазақ туысқандар бізді құшақ жая қарсы алды. Алдындағы асын берді, үйлі болуға жәрдемдесті. Бұның барлығы ұмытылмайды, тіпті, менің ұрпағым да осындай құрмет пен қолдауды біліп жүретін болады. Өйткені, бізге де өз ата-анамыз қазақ халқының қонақжайлығын естен шығармау керектігін айтып кетті, – дейді ол.

Кейінгі бес-алты жылда «Ақмая» шаруашылығы бойынша екі рет озат атанған Герасим қария бір рет көлік мініп, екіншісінде миллион теңге ақшамен марапатталған. Шаруашылықтағы жасы ең үлкен егіншінің көпжылдық мол тәжірибесіне жас диқандар да сүйенеді. Бүгінде Герасим Пак өзіне бекітілген 85 гектар күріштің суын байлап, атызын құрғатуда. Жақын күндері орақ түседі.

Сан ұлтқа сая болған «Ақмая» ауылында еңбекті сүйген, бейнетке жақын мұндай жан көп. Бастысы, осындағы өзге ұлт өкілдерінің ұстанымы – бірлік пен татулық. Әрі сол құндылықтан таймай келеді. Қиыншылықта ауызбіршілікпен қимылдап, ауыр күндерді еңсерген ақмаялықтар бейбіт күнде де ауыл тіршілігін жандандырып жүр. Біз де соған қуандық.

Ержан Қожас
24 тамыз 2023 ж. 189 0