Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күнгейдегі керемет

Күнгейдегі керемет


Кеңес Одағы кезінде 16 Социалистік Еңбек Ерлері шығып, тұқым дайындайтын іргелі шаруашылық болған «Авангард» күріш совхозына биыл 80 жыл толып отыр. Бұл шаруашылық тәуелсіздік алған жылдардағы қиыншылық кезінде басқа шаруашылықтардай бөлшектеніп кетпей, негізін сақтап қалған және бүгінде еңсесін тіктеп даму жолына түскен аудандағы алдыңғы қатардағы елді-мекеннің бірі.
1937-1938 қуғын-сүргін жылдарында қиыр шығыстағы Приморск өлкесіндегі Корей халқына да дүрбелең келіп, Қазақстанға жер аударыла бастайды да, 1938 жылы 277 отбасы Шиеліге әкелінеді. Осы отбасылардың бір тобы қазіргі Ақмая елді-мекеніне орналасып, колхоз құрып, егін егумен айналысады. Жаратылысынан бейнетқор корейлер қамыс пен шеңгел басқан алқапты зордың күшімен тазартып, егістікке айналдырады. Бұлар құрған колхоз «Авангард» деп аталған. Ал, корейлердің келесі бір тобы «Большевик» колхозын құрған. Өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан аудан халқы, корейлерді жылы қабылдап, үй-жай салып, орналасуларына көмектесіп отырған.
1950 жылы шаруашылықтарды ірілендіру саясаты бойынша «Авангард» пен «Большевик» колхоздары біріккен де оған бөлімше болып, қазақ колхозы «Ақтөбе» қосылған. Осылайша, іріленген «Авангард» колхозының басшысы Ким Хан Бин болған. Колхоз егін егумен айналысқан. Негізгі күш көлік ат арба, өгіз арбалар болған. Біртіндеп күріш ақтайтын орын, киім тігетін шеберхана, мектеп, аурухана соғылған. Колхозда №49 мектеп негізі осы кезде қаланған. Сабақ орыс тілінде жүретін мектепте «Ақтөбе» колхозының қосылуына байланыс­ты бастауыш қазақ сыныптары ашылған. Егіннен басқа колхоз фермалар ашып, ірі қара, қой, шошқа бағуды қолға алған.
Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдары «Авангард» колхозының еңбекшілері егіннен жылма-жал мол өнім жинап, облыс және республикаға танымал дәрежеге жеткен. Оның бір себебі, корейлерді соғыс кезінде әскер қатарына алмаған, қазақ ауылдарындай емес, оларда қол күші ер азаматтар жеткілікті болған еді.
1946-1949 жылдары күріштің әр гектарынан орта есеппен 80-120 центнерден өнім алған «Авангард» колхозының бір топ күрішшілеріне СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 20 мамыр 1949 жылғы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп «Алтын жұлдыз» және «Ленин» ордені қоса тапсырылған. Оларды атап айтар болсам, Ким Хон Бин – «Авангард» колхозының басқарма төрағасы, Ким Ман Сам – күрішші, звено жетекшісі болған.
1942 жылы 5 гектар күріштен 150 ц. өнім алған, 1941 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1945-1946 жылдары екі рет «Еңбек қызылту» орденімен, 1947 жылы Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлық алған Ким Ман Самға 1949 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген. Ол 1947 жылы алған Мемлекеттік сыйлығына (50 мың) колхозға клуб соғып берген. Ким Хон Бин және Ким Ман Саммен бірге тағы 9 күрішші Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Ал, 1950 жылы Большевиктен 5 күрішшіге осы атақ берілген. Осылайша, «Авангардтан» 16 Социалистік Еңбек Ері шықты. Ким Ман Самды осы Еңбек Ерлерінің ұстазы деп атаған екен. Осы Еңбек Ерлерінің арқасында «Авангард» колхозының атағы шығып, бүкіл КСРО-ға танымал болды және бәрінің басында биыл 135 жасқа толатын Ким Ман Сам тұрды. Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін колхоз басқармасы төрағалары жиі ауысып отырған. Себебі, шаруашылықтарды ірілендіру басталған болатын.
1952-1954 жылдары «Авангард» колхозы басқармасы төрағасы Социалистік Еңбек Ері Тян Гым Чер, 1954-1955 Хан Бон Хо, 1956-1959 жылдары Ни Иван Макарович, 1960-1963 жылдары Александр Семенович Кван, 1963-1966 жылдары Төлеген Жакыпов, 1967-1973 жылдары Цай Ен Мун болған. 1973 жылы «Авангард» күріш совхозы болып өзгертіліп совхоз директоры болып Константин Васильевич Хван бекітілген. Хванның совхоз экономикасын көтеруде еңбегі зор болды.
1978-1988 жылдары совхоз директоры Виталий Петрович Хан болса 1988 жылы К.Хван екінші рет директор болған. Бұдан кейін совхозды Нәрзілда Айдаров, Жақсылық Әлиев, Сәрсенбек Баймағанбетов басқарса, 2003 жылы нарық қыспағында қысылған ауылды тығырықтан шығару үшін, ауыл ақсақалдарының шақыруымен К.Хван үшінші рет келіп «Шиелі-Авангард» ұжымының төрағасы болады.
Ал, 2008 жылы «Авангард» ЖШС төрайымы қызметін Қалима Қожасова атқарды. Қалимадан кейін 2015 жылға дейін шаруашылық төрағасы Жұмаділ Асқарбек болды. Бұлардың қай-қайсысы болса да өз мүмкіндіктерінше еңбек етті. 1954 жылы «Авангард» совхозының орталығына көшіп келгенге дейін бөлімше ретіндегі «Ақтөбе» қазақ колхозының бірінші басқарма төрағасы Назар Қайынұлы, 1940 жылы Мақатай Нұрекеев, 1941 жылы Сақ Палымбетов, 1943 жылы Малика Басанова, 1944-1946 жылдары Нақып Тыныбеков, 1947 жылы Сыздық Бақаев, 1950 жылы Нұрман Жақыпов басқарған.
Колхоздағы шағын мал фермасының меңгерушісі Өтеубай Палымбетов, мұраб Таубай Қирабаев, есепші Жолдыбай Ақмолдаев, бригадирлер Қадір Құлжанов, Бектай Елеупанов, Әзімхан Ауанов, механизатор Нұрғали Жандарбековтің еңбектері ерекше болған еді. 1954 жылы Ақтөбе бөлімшесі Авангард колхозының орталығына көшіп келіп орналасқан. 1976 жылға дейін Авангард, Большевик, Гигант, №22 бекет елді-мекендері Ақмая ауылдық Кеңесіне қарасты болған. 1976 жылы Гигант №22 бекет Гигант ауылдық кеңесіне өткен. Ауылдың кеңесті тәуелсіздік алғанға дейін 11 азамат басқарса, тәуелсіздік жылдары 8 азамат ауыл әкімі қызметін атқарған.
1960-1970 жылдары егістік жерлер инженерлік жүйеге көшіріліп егін егу көлемі мен одан өнім алу дәрежесі өскен. Совхоздың бригадирлері, звено жетекшілері мен механизаторлары ерен еңбектері арқасында егіннен мол өнім алып, көптеген еңбек озаттары марапатталып отырған.
1970-1980 жылдары Авангард күріш совхозы республика деңгейінде егістікте алған өнімімен, еңбек азаматтарымен танымал дәрежеде болған.
Совхоз орталығындағы негізі 1938 жылы қаланған мектеп басында орыс мектебі, аралас мектеп, кейіннен қазақ орта мектебі болып ұлағатты ұстаздары арқасында көптеген танымал шәкірттерін ұшырып отырған. Совхоз шаруашылығының бір саласы – мал шаруашылығы болса, 1972 жылы «Қарғалы» совхозының ашылуына байланысты 32 мыңнан аса қой, 350 бас жылқы жаңадан ашылған совхозға беріліп Авангардта ірі қара фермасы қалған. Совхоздың мал шаруашылығы саласында еңбек еткен ерлері бір шоғыр деуге болады.
Авангард совхозы – көпұлт өкілдерінің ұясы болған. Мысалы, 1987 жылы халық саны – 2340 болса, соның – 257-сі корейлер, 71-і орыстар, 5-і белорусь, 6-ы удмурд, 2-і чуваш болған.
1938-1941 жылдар аралығында колхозда қазақтар мен корейлер ғана болса, Ұлы Отан соғысы кезінде Еділ бойынан немістер, Кавказдан түріктер және шешен ағайындар келіп қосылған. Ал, 1950-1960 жылдары украйндар, белорустар, чуваштар, удмурдтар, татарлар келіп, 1959 жылы халық санағында колхоз 15 ұлт өкілінен тұрған және достық пен туысқандық белгісіндей интернационал жанұялар пайда бола бастаған. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда.
Бүгінде Ақмая ауылдық округінде – 474 отбасы, 2650 адам 4 ұлт өкілдері; 62-корейлер, 46-орыстар, 1-өзбек тұрады. Ауылдық округте 25 шаруа қожалығы, 1 кооператив, 1 мемлекеттік тұқым сынау учаскесі және негізгі «Ақмая» шаруа қожалығы бар.
Дәулет Жұмбеков басқаратын «Ақмая» шаруа қожалығы 160 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ақмая» ауылы халқы 16 Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ұлық тұтса. Отан үшін от кешіп, майдан даласында мәңгі қалған 27 боздағын қастерлеп есте ұстап, рухтарына тәу етіп бас иіп келеді.
2003 жылы «Ақмая» атауын алған «Авангард» Кеңес Одағы кезіндегі дәрежесіне қайта ұмтылуда.
2015 жылы басшылықты қолына алған кәсіпкер ауыл азаматы Дәулет Жұмбеков біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен шаруашылыққа жаңа тыныс, жаңа серпін беріп өрге сүйреп келеді. Ол басшылық жасаған жылдарда шарушылықта тәртіп, береке-бірлік орнап жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Биылғы егін-терім қорытындысымен «Ақмая» шаруа қожалығы облыста үшінші, ауданда бірінші орынды иеленіп, ел мерейін өсірді. Ауылда тұрмыстық-әлеуметтік нысандар соғылып ауыл ажары айшықталуда. «Ақмая» ауылы халқы араларынан шыққан ерлерімен, шаруашылықтың әрбір саласынан шыққан майталмандарымен, ақын-жазушыларымен, білімді ұстаздарымен, білікті дәрігерлерімен әрдайым мақтана алады.
«Ақмая» атауы, көнекөз қариялардың айтуы бойынша, бір өркешті түйенің бір түрінің мая атауынан. Ертеректе осы өңірде ақ түсті мая түйенің пайда болуына байланысты қойылған екен.


К.Палмағанбетов,
Ақмая ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
25 желтоқсан 2018 ж. 1 301 0