Ким Ман Сам кімнен кем?
Қазақ халқы қашан да өткенге құрметпен қарап, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» – деп, алдыңғы толқын ағаларды, азаматтарды ардақтаудан жаңылған емес. Бұл біздің қанымызға, бүкіл бітім-болмыс жанымызға ата-бабамыздың салт-дәстүрі, жол-жоралғысы арқылы сіңген қасиет.
Қасиетімізді қашырмай, шама-шарқымызша осы үрдісті келешек ұрпаққа ұластыру, жастарға үлгі-өнеге ету бағытында жоспарлы жұмыстар жасалып та келе жатыр. Республикада, облыста, ауданда Алаш жұрты, аймақ халқы, аудан-ауыл тұрғындары үшін «Толарсақтан саз кешіп» ел үшін бардан баз кешіп, «болса елге болсын» – деп жұмыс жасаған жандар құрметтеліп жатыр. Мәселен, соғыс ардагерлері, Еңбек Ерлері, ғалым және басқа да зиялы қауым өкілдерін, олардың туған жылдарын атаулы күндерде атаусыз қалдырмай мерейін асырып, мерекелеп өткізу дәстүрі қалыптасты бізде.
Арыға бармай-ақ, соңғы жылдары Шиелі ауданының өзінде осындай бағыттағы түрлі мәдени-танымдық-көпшілік шаралар ұйымдастырылғанын сөз етсек те жеткілікті. Атап айтқанда, Ы.Жақаевтың 120,125 жылдығы, Ш.Есеновтың 90 жылдығы, М.Шоқайдың, Н.Бекежановтың 120,125 жылдықтарын тағы да басқа осындай бағытта мерейлі мерекелер ұйымдастырдық. Ел болып, жұрт болып, шиелілік азаматтар атқарған мұндай шаралардың дабысы мұқым республикадан ары асып, алыс-жақын шет-елдерден қонақтар келіп жатты. Ел екендігімізді, жұрт екендігімізді таныттық.
Бұның барлығы құптарлық, дұрыс іс. Мысалы, дала академигі Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың 120-125 жылдық мерейтойлары қарсаңында Иіркөл ауылдық округінің орталығы Ы.Жақаев ауылы бір емес бірнеше рет абаттандырылды. Көшелері самаладай жарықтандырылып, жолдары тақтайдай тегіс асфальттанды. Халық тойдың игілігін осылай көрді. Еңбек Ері елін осындай игіліктерге кенелтті. Біз бұның барлығын не үшін жазып жатырмыз. Соған тоқталсақ. Әлқиссаның ауылы төмендегі түйткілден тарқатылып тұр.
Биыл, Шиелідегі ең іргелі ауылдардың бірі Ақмая ауылының 80 жылдық мерейтойы аталып өтпекші. Ауыл 1938 жылы құрылған. 16 Еңбек Ері шығып, ақ күріштен тау тұрғызған Ақмаяның да кезінде атағы дүрілдеп, барша КСРО аймағына танылған-ды. Еңбек Ерлері демекші, осылардың көш басында әйгілі Ким Ман Сам бастап тұрды. Онымен іркес-тіркес ауылдан 15 Еңбек Ері шықты. Бір Еңбек Ері шыққан Ы.Жақаев ауылы мен 16 Еңбек Ері шыққан Ақмая ауылының бүгінгі көрінісін салыстыруға келмейтінін көзі қарақты оқырман бек жақсы түсінеді.
Әлқиссаны әрі қарай тарқатсақ. Патшалы Ресейдің әскери топографы, шығыстанушы В.К.Арсеньевтың «Дерсу Узала» атты романымен көпшілік оқырман жақсы таныс деп білеміз. Онда табиғаты көркем, қоршаған ортасы жасыл желекке көмкерілген, қыс айы керемет Уссури өлкесі суреттеліп, аңшылардың өмір сүру дағдысы, сондағы халықтың тыныс-тіршілігі керемет баяндалған. Романның негізгі желісі дала адамы, Дерсу Узала туралы. Міне, осы өлкеде, біздің кейіпкеріміз де өмір есігін ашқан-ды. Примор өлкесі негізінен Жапон, Кәріс және Қытай елімен шектесіп жатқан күн шығыстағы ең қиыр аймақ. Айналасы теңізбен қоршалған.
Ким Ман Сам 1883 жылы осы өлкеде өмірге келеді. 1929-1937 жылға дейін сол жақта колхоз құрушы, еңбек адамы ретінде көзге түседі.
Жезмұрт көсемнің тым күдікшілдігі Орталық Азия, Қап тауының және Еділ бойы халықтарынан ары асып, қиыр шығыстағы Приморе өлкесінде тыныш қана күрішін егіп жүрген кәріс ағайындарға да сор болып жабысады. 1937 жылы шығыс-сібір кәрістерін Қазақстанға күштеп жер аудару саясаты жүреді. Осының негізінде Ким Ман Сам және басқа да Уссурилік кәрістердің жартысы Қызылорда облысына, енді басқасы Шығыс Қазақстан облысына қоныстандырылғанын тарихтан білеміз.
Мұнда келген кәрістер, Авангард атты колхоз құрып, жұмысын жасап, күрішін егіп, күн шыққаннан кеш батқанға дейін тынымсыз еңбек етіп, ауылдың тыныс-тіршілігін жандандырыпты. Осыдан кейін Ақтөбе, Большевик яғни, бұған дейінгі Ақмая ауылдық кеңесіне қарасты бірнеше шағын колхоз бірігіп, ортақ Авангард совхозы болып құрылады.
Ким Ман Сам Ақмая ауылында 1938 жылдан 1954 жылға дейін тұрады. Осында көзге түсіп, Еңбек Ері атанады. 1940-44 жылдары қатарынан бірнеше рет күріш өнімінен рекорд жаңартып, түрлі мемлекеттік сыйлықтарға, орден-медальдарға ие болады. Өзіне тағайындалған мемлекеттік сыйлыққа Ақмая ауылынан клуб үйін салдырып беріпті. Сөз басында айттық, Ким Ман Самнан соң ауылда іркес-тіркес 15 Еңбек Ері шықты. Ақмая яғни, сол кездегі Авангард совхозы Уссури өлкесі секілді көк желекке көмкерілді. Көше біткен тал-дарақ, ауылдың екі шетінде үлкен алма-жүзім бақтары болды. Тіптен, кейінірек осынау баққа Қазақ ССР бірінші басшысы Д.А.Қонаев түсіп, ауылға қонақ болған деген әңгіме бар. 1953 жылы КСРО бірінші басшысы В.И.Сталин өліп, жеке басқа табынушылық, халықтарға деген саяси-сенімсіздік атты тоталитарлық режимнің құрсауы босай бастаған соң Ким Ман Сам да 1954 жылы өзінің туып өскен Уссури өлкесіне кетіп, сол жақта дүниеден өткен екен. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» – деген осы болса керек. Шиелілік кәріс ағайындар барғаннан соң болар бәлкім, Примор аймағының Уссури өлкесінде де Авангард деген совхоз құрылыпты. Ол ауылда да қайнаған еңбек жүріп, халқы мұқым КСРО-ға танылыпты. Бұл да болса, осы жақтан кеткен кәріс ағайындардың Шиелінің Авангардын ұмытпай ширек ғасыр яғни, 25 жылдан соң өздері түскен қиыр шығыстағы ауылды осындағы Авангард атымен атап кеткен секілді. Әлқисса, осымен тәмам болсын. Біз сөзіміздің түпкі төркініне тоқталсақ.
Осынау 16 Еңбек Ері шыққан ауылда Ы.Жақаевтың атымен аталатын көше бар. Бұның да жарығы жоқ, жолы нашар. Жел тұрса, жарығы сөніп қала береді. Еңбек Ері Ыбекемнің шапағаты қашан түсіп, көше тұрғындарын қашан қуаныш кенелтетіні белгісіз. Биыл, Шиелінің 90 жылдығы мен Ақмаяның 80 жылдығы кезінде жағдай дұрысталмаса?
Содан кейін, Шиелі кентінде Еңбек Ері Ким Ман Сам атына бұйырған шағын, келте ғана қайырылған шолақ көше бар. Ана басы мен мына басына ентікпей жеті-сегіз минутта жетіп баруыңызға болады. Бірақ, бұл көшенің де жағдайы мәз емес. Қыс, көктем, күзде аяқ алып жүргісіз батпақ, жазда борпылдаған шаң. Жел тұрса, бағана сымдары шайқалып, жарығы өшіп, тұрғындарын түнекке қамап тұрғаны.
Біреудің жұмысын сынау немесе жоққа шығарудан аулақ жатқан жанбыз. Әрине, елдің ілгері кетіп, дамып келе жатқанына шүкіршілік дейміз. Біраз тірлік тындырылды. Жұмыстар да жасалды. Әлі де жасалып жатыр. Жоққа шығармаймыз. Ендеше, бұның барлығын не үшін жазып отырмыз.
Биыл, Ким Ман Сам атты Еңбек Ерінің 135 жылдығы келіп тұр. Бұл дата атаусыз қалатын секілді. Кәріс ағайындардың көшбасшысы назардан тыс қалмаса екен дейміз. 135 жылдық деген де мерейлі мереке емес пе? Өткен жылы Ақтөбенің Ойыл ауданы ақ тарының төресі Шығанақ Берсиевтің 135 жылдығын атап өтті.
«Түрі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір» – деп ассамблея өкілдері мен өмірімізді бір арнаға бұрған жұртпыз ғой.
Шиелі бүгінгі таңда Қызылорда қаласынан кейінгі өзге ұлт өкілі ең көп шоғырланған өлке екені белгілі. Олай болса, тілегіміз бен жүрегіміздің бір екендігін білдірейік, сездірейік. Ким Ман Самның 135 жылдығына орай Шиелі кентіндегі Ким Ман Сам көшесін жөндейік, асфальттайық, жарық орнатайық, трансформаторын жаңалап берейік. Ақмая ауылының 80 жылдық мерейтойына Ким Ман Самның 135 жылдығын қоса енгізейік. Ауылдағы Еңбек Ерлеріне арнап орнатылған шағын алаңқайды абаттандырайық. Ақмаядағы Ы.Жақаев көшесін асфальттап, жарық орнатайық. Себебі, бұл ауылдағы Ким Ман Сам көшесінде асфальт, түнгі көше шамдары самаладай жарқырап тұрғанда өзіміздің Ыбекем атам атындағы көшенің күңгірт тартып, ойдым-шұқыр шаңдатып тұрғаны тағы да жараспайтыны анық. Атымызға, атамызға сын секілді.
Жалпы, жоғарыдағыны қорытындылай келе, жазылған жай, келтірілген кеңес, ұсынылған ұсыныстарымыз Шиелі ауданының 90 жылдық және Ақмая ауылының 80 жылдық атаулы мерейтойларының іс-шара жоспарына енгізілсе дейміз. Күзге дейін бірталай уақыт бар. Үлгірерміз бәлкім.
Бұл іске әрине бір ауылдық округ әкімінің әлеуеті жеткіліксіз болуы ықтимал. Сондықтан, аудан әкімі аппаратында отырған облыстық ассамблея хатшылығының жауапты мамандары облыс әкімі аппаратының жанынан құрылған «Қоғамдық келісім орталығымен» байланыс орнатып, оның құрамындағы «Қызылорда кәрістер қауымдастығы» облыстық филиалына шығып, Ким Ман Самның 135 жылдығын бірігіп атқаруды ұсыну қажет деп білеміз. Сол кезде аймақтағы барша этно-мәдени бірлестіктердің басын қосып, ассамблея өкілдерінің түрлі мәдени-көпшілік шараларына атсалысып отырған орталықтың әлеуетін пайдаланып, олардың да ұсыныс пікірлерін ескеріп, іс-шаралар жоспарына енгізсек келісіп пішкен тонымыздың келте болмасы анық.
Нұрболат Сәдуақасұлы.