АУЫЛДАҒЫ АССАМБЛЕЯ
Ұлт бірлігін негіздейтін бірінші қағидат – әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының яғни, Қазақстан Республикасының ортақ екенін ұғыну. Осы ретте 1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясының орны мен рөлі ерекше.
Ассамблея құрудағы негізгі бағыт – елімізде өмір сүріп жатқан барлық халықтардың мәдениетін, тілін, дінін дамытуға қолайлы жағдай жасау. Жалпы, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері қоныс тепкен. Кең пейіл қазақтың дархан даласына тағы да 130 ұлт өкілі сыйып кетері анық. Бүгінде облыста 96 процент қазақ, 4 процентке жуық өзге ұлт өкілдері тұрады. Яғни бұл облыста 35 мыңның үстінде өзге этнос өкілдері өмір сүріп жатыр деген сөз. Ал 2019 жылдың статистикалық мәліметтеріне сенсек, Шиелі ауданында 3423 өзге ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Атап айтқанда орыстар – 1796, кәрістер – 823, өзбектер – 557, беларусь – 57, шешендер – 47, татарлар – 37, немістер – 29, украиндер – 27, әзірбайжандар – 25, қырғыздар – 7, гректер – 3, ұйғырлар – 3, молдавандар – 1 тағы басқа ұлттар мен ұлыс өкілдерінің 18-і ауданның тұрғылықты тұрғынына айналған. Ең көп этнос өкілдері шоғырланған жердің бірі – Ақмая ауылдық округі.
Таң сәріден тынымсыз тірлікті бастаған ауыл тұрғындарына қарасаңыз илеуіне дән тасыған құмырсқа дерсіз. Тырбаң қағып, арқасына жүк аудара сала бұралаңдап бара жатқан жұмыр басты пенденің күнделікті тауқіметі осы. Кең даланың төсінде жан бағарлық жағдай бар. Құнарлы жердің топырағын аударғанда айналаға қанық түс рең беріп қалады. Жер ананың иісі жаңбырдан соң аңқығанда ішке тартқан деміңді сыртқа шығаруға қимайсың. Самал жел сипап кеткенде, денең де тітіркеніп қала береді. Ауылдың ауасы да, адамы да өзгерек болады деуші еді. Расында, алысқа ұзап шықсаң ауылға аңсарың ауып тұрады. Алтын сабағы майысып, дәндері күнге шағылысқан күріштің қамбасы да осы ауылда. Байлығы былай тұрсын, тұрғындарының пейілі кеңдігі соншалық, кәрісті де, орысты да құшақ жая қарсы алады. Бірлігі жарасқан Ақмая ауылы бұл. Бір шаңырақ астында 42 орыс, 89 корей, 1 татар, 1 шешен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Шиелінің киелі жері деуге болады. Түрлі ұлтпен бірлесіп той да жасайды. Ақмая ауылының бір кереметі, орысы қазақша амандасса, кәрісі қазақ тілінде сайрап тұр. Оның бір дәлелі Елена Пак. Қазақ тілін біліп қана қоймай ұлы Абай Құнанбаевтың 150 өлеңін жатқа айтады. Көмейінен төгілген қара сөздер анық әрі нақ айтылады. Сонымен қатар өзіне берілген Мемлекеттік сыйлыққа ауылдың қақ ортасынан 1949 жылы клуб салып берген «Еңбек Ері» Ким Ман Самды ел мақтана айтып жүр. Тіпті 16 Еңбек Ері шыққан еңбектің қайнаған ортасы десе де болғандай. Олар «Авангард» колхозы басқармасының бірінші төрағасы болған Ким Хон Бин бастаған Ким Ман Сам, Ким Хан Гу, Ким Чан Ден, Ли Бен Сер, Ли Ен Гын, Ким Ик Се, Тян Гым Чер, Хван Чан Ир, Хе Се Ун, Цой Сун Се және Ан Дон Дю, Ли Ен Гу, Ким Хи Як, Пак Дон Нер, Хе Бен сынды кәріс ұлтының өкілдері. Сондай-ақ, Шиелінің мақтанышына айналған Татьяна Нуштаеваны да көпшілік таниды. 2012 жылы Астана қаласы «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында Сыр елі жастарының атынан сөз сөйлеген болатын. Қазіргі таңда «Шиелі аудандық мәдениет үйлері мен клубтары» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында жұмыс жасайды. Ел бірлігін нығайтып, ұлтараздық тудырмай бір отбасына айналған үлкен әулет, бір мемлекет атандық. Шүкір!
Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық осы елді-мекеннің маңызды байлығы. Бұл жетістікті бағалап, оны сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – ел бірлігін арттыру болса, оған бірлігі жарасқан осы елді-мекенді үлгі етуге болады. Барды саралап, оң мен солды таразылайтын, этносаралық қатынас мәселелерін ортаға салатын ассамблеяның жұмысы өз жемісін беруде. «Бірің қара, бірің сары, бірің ақ» деп бөліп жармайтын, жалпақ жұртқа жұғымды жайсаң мінез тек біздерге тән қасиет. Содан шығар «бірлігі жарасқан мемлекет» атанып отырмыз.