Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпағы өрісті, бірлігі бекем әулет

Ұрпағы өрісті, бірлігі бекем әулет

Көктемнің жайма-шуақ лебі сезілген сәрсенбінің сәтті күнінде «Ақтілек» мейрамханасының төрі ерекше бір жылылыққа бөленді. Табиғат түрленген шақта адамдардың да жан дүниесі жаңарып, сағыныш пен сауапқа толы сәттерге жол ашылғандай еді. Сол күні мұнда жай ғана жиын емес, тұтас бір тарихтың тынысы, ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі тоғысқан тағылымды кеш өтті.

Кіреберістен-ақ ұлттық болмыстың нәзік өрнегі сезілді. Ақ жаулықты әжелердің шашуы, келіндердің иіліп сәлем салуы – жүрекке жылу ұялатып, қазақы дәстүрдің қадірін тағы бір мәрте айқындап бергендей. Әжелер ансамблінің қоңыр дауыспен әуелете шырқаған «Беу айдай» әні кештің шымылдығын сырлы әуенмен ашып, әрбір жанның көңіл пернесін дөп басты.
Жиналған жұрттың жүзінен қуаныш пен мақтаныш қатар байқалады. Себебі бұл басқосу – тамыры тереңге кеткен, тағдыры талай сынақтан өткен, бірақ сынбаған, қайта шыңдалған әулеттің мерейлі сәті еді.

Барлығы алыстан бастау алады...
Ертеде ел ішінде Сарбалақ атты молда өмір сүрген деседі. Көкірегі ояу, көзі ашық, елге өнеге болған жанның жалғыз арманы – артында із қалдырар перзент сүю еді. Тілегі қабыл болып, дүниеге ұл келеді. Алайда тағдыр оған да өз шартын қойған. Сол бір нәзік шекарада дүниеге келген сәби кейін үлкен бір әулеттің тірегіне айналарын ешкім болжаған жоқ. Сәбидің есімі алғаш Ілімсақып аталып, кейін әкенің ырымымен Сатқанбай болып өзгертіледі. Тағдырдың жазуымен бала ерте есейеді. Жеті жасында әке-шешеден айырылып, өмірдің салмағын иығымен көтеруге мәжбүр болады. Бірақ жүрегіндегі үміт оты өшпейді. Қайта сол қиындықтар оның жігерін жанып, болашаққа деген сенімін бекемдей түседі.
Уақыт өте келе Сатқанбай ер жетіп, шаңырақ көтереді. Сол шаңырақтан тараған тоғыз ұл мен бір қыз – бүгінгі үлкен әулеттің алтын тамыры. Әрқайсысы өз алдына отау құрып, өмірдің жалғасын жалғады. Бір адамның тағдырымен басталған өмір жолы бірте-бірте үлкен бір қауым елге айналды.
Осылайша, тағдырдың талқысынан өткен сол бір қарапайым шаңырақ уақыт өте келе елге танылған, тамыры тереңге жайылған Бошайлар әулетіне айналды. Бүгінде бұл әулеттің аты тек бір отбасының ғана емес, бірлік пен берекенің, ұрпақ сабақтастығының символындай айтылады.
Сол тарихтың жалғасы іспетті кеште әулеттің өткені мен бүгіні бір арнада тоғысты. Көрсетілген бейнеролик көпшілікті терең ойға жетелеп, жүректерге сағыныш пен мақтаныш сезімін қатар ұялатты. Онда әрбір есім – бір тағдыр, әрбір тағдыр – бір шежіре секілді өріліп жатты.
Кештің өн бойы ұлттық дәстүрмен өрнектелді. Бесікке салу рәсімі – өмірдің бастауы мен ананың әлдиін еске салса, тұсаукесер – болашаққа жасалған ақ тілек, үміттің нышаны ретінде көрініс тапты. Әрбір көрініс, әрбір ән, әрбір сөз – бір-бірімен үйлесім тауып, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Абысын-ажындардың жарасымды әзіл-қалжыңы, әжелердің өнегелі сөзі – бәрі де қазақы ортаның қайталанбас көрінісін көз алдыңа әкеледі. Мұнда жасандылық жоқ, барлығы табиғи, жүректен шыққан шынайылыққа толы.
Жиын барысында ауданға сыйлы азаматтар арнайы келіп, өз пікірлерін білдірді. Шиелі аудандық білім бөлімінің бас маманы Талғат Бөпежанов дәстүр мен ұрпақ сабақтастығының қоғамдағы орны туралы сөз сөйлеп, әр шаңырақтың бірлігі мен берекесінің ұлт үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев ынтымақ пен татулықтың әр отбасыда сақталуы – қоғамның берік болуына негіз болатынын жеткізді. «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова мен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Молдабай Оразбекұлы мәдени құндылықтарды сақтау мен дамытуға қолдау білдірсе, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектептің бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары Болат Сейілханов білім мен тәрбиенің ұрпаққа үлгі болуын ерекше атап өтті. Барлық қонақтар кештің маңыздылығын мойындап, әулеттің ынтымағына ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найлә Палымбет сөз алып, әулеттің ынтымағына ризашылығын білдіріп:
– Осындай жарасымды бірлік – ұлттың ұстыны. Әр шаңырақ осындай татулықты сақтай алса, қоғам да берік болар еді, – деді.
Мәдениет саласының ардагері Құттықыз Ыханова кештің мазмұнына ерекше тоқталып, дәстүр мен тәрбиенің ұрпаққа үлгі болуын атап өтті. Оның пікірі бойынша, мұндай шаралар көрінбейтін құндылықтарды ұрпаққа жеткізіп, ұлттық болмысты сақтауда шешуші рөл атқарады.
Кеште мерекелік көңіл-күй сыртта ұйымдастырылған дәстүрлі ойындармен жалғасты. Ерлер арқан тартысқа шығып, күш пен төзімділіктің нағыз үлгісін көрсетті. Топтар бір-бірімен бәсекеге түсіп, әр тартыс көрермендердің шапалақтарына ұласқан қызықты сәттерге толы болды. Содан кейін әйелдер мен апалар арасындағы қол күресі ұйымдастырылып, қатысушылардың жігері мен төзімділігі көрініс тапты. Күлкі мен қызыққа толы ойындар жас та, кәрі де бірлік пен ынтымақтың, батырлық пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетті. Осындай спорттық және ұлттық дәстүрлі көріністер кештің мазмұнын одан әрі байытып, ұрпаққа өз дәстүрін дәріптеу мен бірлікті көрсетуге бағытталған маңызды шараға айналды.
Осындай тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне ауданға белгілі кәсіпкер, Шиелі өңіріндегі «Ақтілек» және «Заман» мейрамханаларының иесі Ақкербез Еспанованың қосқан үлесі ерекше болды. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ұштасқан ол кештің мазмұнды әрі мәнді өтуіне бар күш-жігерін жұмсап, келген қонақтарға жайлы көңіл күй сыйлай білді. Бұл игі істе оның жолдасы Бекзада Сарбалаев та қасында болып, отбасы бірлігінің, жарасымды тірліктің жарқын үлгісін көрсете білді.
Сонымен қатар бұл шараның сәтті ұйымдастырылуына Нартай ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы Разия Ысқақованың да еңбегі зор. Ол ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып, кештің мазмұнды әрі үйлесімді өтуіне үлкен қолдау көрсетті. Осындай жанашыр жандардың арқасында жиынның әр сәті мәнге толып, көркем үйлесім тапты.
Тамыры тереңге кеткен бәйтеректей бұл әулет уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге жетті. Енді сол тамырдан нәр алған жас бұтақтар көктеп, кең жайылып келеді. Ұрпақтың көптігі емес, олардың бір арнаға тоғысуы – шынайы байлықтың белгісі.
Осындай сәттерде өмірдің мәні айқынырақ сезіледі. Адамды адам ететін – оның тегі ғана емес, оның тектілігі. Ал тектіліктің бастауы – бірлік пен берекеде. Ұрпағы өрісті, ынтымағы жарасқан осындай әулеттер барда ұлттық рух та, салт-дәстүр де өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.

Айнұр ИБРАШЕВА
31 наурыз 2026 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031