
«Арман» мәдениет үйінде аудандық әйелдер кеңесі және осы мәдениет ордасының ұйымдастыруымен өткен «Әжелер салған ән қандай?!» атты әжелер ансамбльдерінің байқауы шын мәнінде ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Кеш шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тілеубек Бабасов жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ақ жаулықты аналарға алғыс білдірді. Ұлттың өткенінен сыр шертетін әндер мен салт-дәстүрге негізделген қойылымдар көрерменді рухани тербетіп, жүректің түбіндегі қоңыр қазынаны қайта оятты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр ансамбль халық жадынан ұмыт бола бастаған әндерді әуелете шырқап, ұлт үнін қайта жаңғыртты. Бұл – тек ән емес, тарихтың тынысы, ата-бабаның аманаты. Екінші кезеңде сахна төрінде салт-дәстүрдің сырлы көріністері қойылым арқылы көрерменге жол тартты. Той-думандар, беташар, бесікке салу секілді ғұрыптар көркем әрі шынайы сипат алды. Әрбір көрініс – ұлттық болмыстың жандануы еді. Ақ кимешек киген әжелер тек ән айтып, қойылым көрсетіп қана қойған жоқ. Олар – тұтас ұлттың шежіресін шерткен шеберлер. Өз өнерімен, өнегесімен бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар көрсете білді. Байқау қорытындысында «Ақ әжелер» ансамблі (Тұрсынбай датқа және Досбол датқа ауылдары) III орын, «Байсын әжелер» (Байсын ауылы) II орын иеленсе, «Арман асыл аналар» ансамблі I орынды қанжығасына байлады. Ал бас жүлде мен облыстық байқауға жолдама Бәйгекұм ауылының «Ақ әжем – алтын қазынам» ансамбліне бұйырды. Ш а р а б а р ы с ы н д а қ о л д а у көрсеткен демеушілер де атап өтілді. «КНК Кемикал» ЖШС Қызылорда филиалының директоры А.Құлахмедов, «Семізбай-U» ЖШС бас директоры М.Салқынбаев, жеке кәсіпкер Б.Әшірбеков, «KAP Logistics» «Шиелі-Сұңқар» филиалының директоры Д.Досмағанбет сынды азаматтар игі іске ұйытқы болып, әжелерге құрмет көрсетті. Сонымен қатар 30 әжеге ақ жаулық сыйлаған Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының бұл әрекеті аналарға деген шынайы ілтипаттың көрінісі болды. Бұл байқау – ән кеші ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртқан ұлағатты шара. Әжелер салған ән – жүректен шыққан, ұлт болмысын тербеткен әуен. Ондай ән ешқашан ұмытылмайды, өйткені оның тамыры – халықтың жүрегінде, ананың алақанында жатыр.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ