Табиғатқа жанашырлық – болашаққа жауапкершілік
Көктем келіп, Жер-ана бусанып, тіршілік атаулы қайта түлеген шақта табиғатпен бірге адамзат та жаңаруға ұмтылады. Қыс бойы меңдеген салқынның орнын жылы шуақ басып, айнала жасыл желекке бөлене бастайды. Осындай сәтте туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрбір азаматтың парызы.Бүгінде елімізде бастау алған көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары Шиелі ауданында да кең көлемде жүзеге асуда. Алғашқы көшеттер Наурызнама онкүндігі аясында «Оқшы ата» мазараты аумағында егілді. Аудан ардагерлері мен жастардың, жалпы тұрғындардың қатысуымен 3000-нан астам ағаш көшеті отырғызылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын игі істің жарқын көрінісіне айналған болатын.
Артынша «Руханият орталығы» маңында да белсенділердің қатысуымен 200-ге жуық ағаш көшеті егілді. Аудан аумағындағы көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандар айналасы тазартылып, қоқыстар шығарылып, санитарлық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл шараларға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, көпшілікпен бірге тал отырғызу жұмыстарына атсалысты. Аудан басшысы өз сөзінде тазалық мәдениетін сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтіп, тұрғындарды туған жердің көркеюіне белсенді үлес қосуға шақырды.
Тазалық жұмыстары мұнымен шектелген жоқ. Сырдария өзенінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, оған «Қазсушар» мекемесінің қызметкерлері, шаруа қожалықтарының өкілдері, колледж студенттері мен еріктілерден құралған 100-ден астам адам қатысты. Өзен жағалауын көркейту мақсатында 150-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил газеттің өткен санында аудан халқына үндеу жолдап, тазалыққа шақырды. «Дала тазалығы – сана тазалығы» деген ардагер өз сөзінде:
– Үйлеріңіздің ауласы мен көшені таза ұстау – өздеріңіздің азаматтық міндеттеріңіз. Бұл жұмысты тек мекеме қызметкерлеріне жүктеу – ерсі қылық, ұят нәрсе, – деп тұрғындарға ойлануға және әрекет етуге қозғау салды. Иә, тазалық акциясына атсалысу – тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, қоғамның әр мүшесінің парызы. Әрбір адам өз айналасын таза ұстауға жауапты болуы тиіс.
Инфрақұрылым мен ауыл тіршілігі де назарда
Ауданда экологиялық жұмыстар тек тазалықпен шектелмей, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым мәселелерімен де қатар жүргізілуде. 21 бекет елді мекені аумағындағы К-4, L-5 қашыртқы каналдары мен Өзек арнасының тазалау жұмыстары ауыл тұрғындарының өтініші негізінде қолға алынған болатын. Негізгі мақсат – елді мекендердегі ыза суларды тиімді өткізу, су жиналу мәселесінің алдын алу және егін алқаптарын уақытылы суаруға жағдай жасау.

Көшет – келешектің кепілі
Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мәліметінше, Шиелі өңірінде 17 гектар аумақта уақытша тұқым бағы орналасқан. Мұнда терек, тал, шаған, үйеңкі, қараағаш, катальпа, айлант сынды 9 түрлі ағаш көшеттері өсіріледі.

Өткен жылғы есеп бойынша, тұқым бақта 3 миллион 800 мыңнан астам көшет бар, оның 3,5 миллионы – сексеуіл, 312 мыңы – саялы ағаш. Сондай-ақ 188 мыңы – стандартқа сай көшет бар. Бұл көшеттер алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстарына кеңінен пайдаланылып, тұрғындарға да таратылады.
Табиғатқа сай таңдау – басты талап
Мамандардың айтуынша, соңғы кезде сырттан әкелінетін қылқан жапырақты ағаштарға қызығушылық артқанымен, олар өңір табиғатына толық бейімделе бермейді. Себебі Шиелі топырағының тұздылығы мен жаздағы аптап ыстық мұндай ағаштардың өсуіне қолайсыз.

Сондықтан арнайы «аудандастыру» қағидасына сәйкес, өңірге бейімделген ағаш түрлері ғана өсіріледі. Бұл – табиғатты сақтаудың ғылыми негізделген жолы.
Қазіргі таңда мемлекеттік орман қорына тиесілі 7 гектар аумаққа 15 400 түп қарағаш отырғызылып, бұрынғы жасыл желекті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Шиелі ауданында қолға алынған бұл шаралар – жүйелі жұмыстың бастамасы. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, көгалдандыру – баршамызға ортақ міндет.
Көктеммен бірге басталған бұл игі істер жалғасын тауып, туған жердің ажарын аша түсетіні сөзсіз.
Гүлхан ЯХИЯ