Рәуіші шетін Рахима шешей
Рахима шешемнің 90 жасқа келіп жатқанын естіген кезде, менің жадыма бірден сонау алыста қалған бал дәурен балалық шағым оралды. Шешеміздің ашық маңдайлы асыл бейнесі, күлімсіреген жарқын жүзі көз алдыма келе қалды.Менің бұл кісіні «шешем» деп отырғаным, оның күйеуі Күзембай менің әкем Қожамқұлмен түйдей құрдас еді, екеуі 1933 жылы Мінәт Қалдыбаев ағай ауылда бірінші рет мектеп ашқанда, соның бірінші сыныбына бірге барған. Оның үстіне, рулық жағынан да жақындығымыз бар. Сондықтан қазақы үрдіс бойынша, Рахима апай маған да шеше болып саналады.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында ауыл белсендісі Спан Шалекеев әкеміздің басшылығымен «Сталин атындағы колхоз» болып бас біріктірген ұжым кейін осы маңдағы «Ортақшыл», «Коммуна», «Ақтөбе» атты шағын колхоздардың қосылуымен «Ортақшыл» болып қайта құрылған екен. Біздің балалық шағымыз осы «Ортақшылда» өтті. Ол кезде елді мекеннің ана шеті мен мына шеті атшаптырымдай аумақты алатындай кең еді. Оның үлкендігі сондай, сол уақытта күллі Шиелі ауданында қазақ тілінде білім беретін екі орта мектеп болса, соның біріншісі аудан орталығына қоныс тепкен Октябрьдің XIV жылдығы атындағы №45 орта мектеп, ал екіншісі біздің ауылдағы №150 «Ортақшыл» орта мектебі болатын. Мұны жақсы білетінім: 1983 жылы менің әкем директор болып тұрғанда атап өтілген мектептің 50 жылдық тойына Алматыда, Қызылорда мен Шиеліде тұрып, қызмет жасап жүрген көптеген ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері осы оқу орнының түлектері ретінде келіп қатысқан. Сол түлектердің бірі – Қазақстанның 30 жылдығы атындағы совхоздың, яғни «Талаптан» ауылының (қазіргі – Бала би) тумасы, облыстық партия комитетінің бес бірдей бөлімін басқарған толымды тұлға, тарихшы Абдулла Дәулетов кейін өзі жазып шығарған естелік кітаптарының бірінде осы білім ордасы жайлы тарқатып айта келіп, оны 1948 жылы бітірген соң, Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына барып оқуға түскенін атап өтті.
Осыған орай ауыл орталығында 1937 жылы салынған мектеп те үлкен, сән салтанатты еді. Мен кішкентай кезімде мұғалім әке-шешеме еріп, осы мектепті талай көргенмін. Онда сол кездің өзінде-ақ химия, биология, физика секілді пәндердің өте жақсы жабдықталған кабинеттері, тіпті аң-құс өсіретін питомник те болатын.
Сол «Ортақшыл» 1958 жылдың күзінен 1959 жылдың көктеміне дейінгі аралықта дариядан нөпір болып келген тасқын судың астында қалып, бір-ақ сәтте өзінің барлық артықшылықтарынан айырылып қалды. Топан судың бір бөлігі «Л-5» каналы арқылы келсе, екінші негізгі бөлігі «Мортықтан» бері қарай тартылған шүңет-әнаһардың терең арнасымен жұлқынып жетті. Су алғанға дейін мұнда біраз ұлттың өкілдері тұратын. Соның ішінде біз – шешендер ауылының жанында және бірнеше неміс отбасымен көрші отырдық. Ал су алғаннан кейін солардың бәрі басқа жақтарға көшіп кетті. Ауылдағы қазақ жұртының да біразы өзге өңірлерден мекен тапты. Сөйтіп, қоңылтақсып қалған ауыл, яғни «Ортақшыл» колхозы 1960 жылы Жөлектегі «Верный путь» колхозына қосылып, жаңадан пайда болған «Сырдария» совхозының бір бөлімшесіне айналды.
Біз дәл сол кезде өзара іштей қайта құрала бастаған жаңа ауылда Қамбар әулетімен алғаш рет қоңсы болып қатар отырдық, себебі, елді мекендегі үйлердің жартысынан көбі қирап қалған еді. Соған орай біздің отбасы кейін ауыз-екі тілде «Ескі школ» деп аталған аумаққа, яғни бағанағы салтанатты мектеп ғимаратының қирандысы жанындағы шағын мекенге келіп орын тепті. Осы тұстан бастап өзімізше бір ауыл болып бір-бірімізбен етене араласа бастадық. Әр үйден өріп шығатын балалар бірге ойнап өстік. Сол кездері Күзенбай әкеміз совхозда жүргізуші болып істейтін. Айтқандай, ол осы ауылға келген ең алғашқы екі машинаның бірінің тізгінін ұстаған кәнігі шопыр еді. Екіншісі онымен аталас ағайын Қалдыбай деген кісі болатын.
Дәл осы уақыттан бастап, Рахима Сапарымбетқызы шешемізді де етене тани бастадық. Ол қашан көрсең де, жүзі жарқын болып жүретін жан ретінде жүрегімізге жылы ұялап қалды. Оның – Күзембай әкемізге 1952 жылы 16 жасында қосылғанын да білетінбіз. Жастай көрген жетімдік пен жоқшылық оны осылай ертерек тұрмысқа шығуға мәжбүрлесе керек. Бірақ жақсы жанға тап болды, жақсы әулетке келін болып түсті. Бар жерге келді. Жасыратыны жоқ, сонау Нарботадан бері тоқтығы шайқатылмай келе жатқан бұл әулет Хрущевтің әр шаңырақтағы мал санын өте-мөте шектеп қойып отырған қитұрқы заманында да мыңғыртып мал өргізіп отырды. Сол малдың да, әулеттің де егесі – Қамбар әкеміздің де, Палт шешеміздің де көзін көрдік. Қамбар әкеміз бейнеткеш, малсақ, көп сөйлемейтін біртоға кісі болса, Палт шешеміз келінге де, балаға да қатал, әр сөзі үкім секілді естілетін келісті кейуана болатын. Рахима шешеміз сол ортаға келін болып түсті. Ол күндіз колхоздың жұмысында жүрсе, кешті осы үйдің шаруасын күйттеп, кемпір мен шалдың жағдайын жасаумен өткізетін.
Сөйтіп жүргендерінде, шамасы, 1964 жылы болуы керек, Күзембай әкеміздің Арыс темір жолында машинист болып жүрген жалғыз інісі – Төлебай ағамыз ондағы жұмысынан шығып қалып, бір күнде шиеттей бала-шағасымен әкесінің қолына келіп кірді. Осылайша қазақы қоржын тамда бір мезгілде жиырмаға жуық адамның отырған кезі де кездесті. Бірақ солардың бәрінің асыраушысы Күзембай әкеміз бен Рахима шешеміз, сосын осы үйдің төрт түлік малы болды. Тіпті інінің бір ұлының бір қыста есік алдындағы шом қораға от қойып жіберіп, оны үлкен өрт шалғаны, лаулаған жалынды ауыл-аймақ жабылып өшіріп, үйге жеткізбей тоқтатқаны да есте. Кейін Төлебай ағаның отбасы №21 разъезге көшіп кеткенше, бәрі осылай бірге тұрды. Сол кезде соның бәрінің тауқыметін көтерген Рахима шешеміз еді. Ол арасында біздің анамыз Нәзипаға келіп, сырласып, әңгімелесіп кетіп тұрушы еді. Бұл екеуінің бір ерекшелігі, ешкімді сыртынан ғайбаттап, өсек айту деген нәрсені білмейтін. Екеуінің біреумен шапылдасып ұрсысып жатқанын көрген де, естіген де емеспіз. Екеуі де адамдармен жүздескенде ашық еді. Арасында ісмерлігі бар анамыздың абысыны балалары үшін тігін машинасымен көйлек-көншек тігіп беріп тұратыны да бар-тын.
Ауыл халқы қалың елмен бірге жылдан жыл өткен сайын тұрмыс жағдайларын түзей берді. Содан 60-шы жылдардың аяғына қарай совхоз ауылдың бұрынғы бағы мен бақшасы орналасқан аумақты тегіс бұзып, жұртқа жеке үй салу үшін жаппай бөліп берді. Сол кезде тағы да біз Есен ағай, Смайыл әкей, Ауланберген әкей, Күзембай әкей бәріміз бір көшенің бойына қатарласа жайғастық. Бұрынғы қарым-қатынас қайта жалғасты. Мұның соңы екі үйдің балаларының бір-бірлерімен араласуы күшеюіне жеткізді. Мен өзімнің құрдасым Дүйсенбекпен бір топта жүрсем, өзімнен кейінгі інім Әліқұл қайтыс болғанға дейін Раушанбекпен жанқиярлық дос болды. Олардың отбасылары әлі күнге дейін бір-бірімен қатысып тұрады.
Менің осының бәрі әздек әке мен аяулы ананың тағлымды тәрбиесінің өзіндік өнеге өрісі деп ойлаймын.
Ал торқалы тоқсан жас қазақ әйелінің барлық болмыс-бітімінің эталоны секілді болып көрінетін Рахима шешемізге Алланың берген бір нығметі екені анық. Бауырынан 6 ұл, 6 қыз өрбітіп шығарып, олардан 47 немере, 81 шөбере көріп, жапырағын кеңге жайып отырған ардақты жанға қазір қандай құрмет жасап, қошемет көрсетіп жатса да жарасады. Енді осы келімді кейпінде жүз жастың жетегіне еріп, ғасырдың ғұмырына жетсе деген тілек бар. Біздің әке-шешеміздің жүзін көрген, сырласы мен сыйласы болған, рәуіші шетін Рахима шешеміздің ортамызда жүре бергені біздер үшін де қуаныш!
Серік ПІРНАЗАР,
Қазақстанның мәдениет қайраткері
АЛМАТЫ
Қазақстанның мәдениет қайраткері
АЛМАТЫ







