Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылықтың ерте-кеші жоқ

Жақсылықтың ерте-кеші жоқ

Жақсы нәрсеге сену, болашағыңнан тек жақсы дүние күту – бұл кез келгенге беріле бермейтін төзім мен ­сабыр. Жақыныңа мейлі, бөгде адамға жақсылық жасаудың ерте-кеші жоқ. Игілікті іс қашанда абыройлы. Сол абыройлы істің иесі – Жақсылық Ахметов.
Байқап отырсақ, өмірде өз орны бар ағаларымыздың есімдері ауызға алынбай, ұмытыла бастапты. Жақсылық ағамыз ­туралы әңгіме бола қалса, алдымен оның «деген екен» деген әзіл-оспағы, одан кейін балалығы мен аңшылығы сөз болары анық. Онда да сатирик-жазушы ­Елтай Нұрмаханның әзіл-ысқақ кітаптарынан: «Жақсылық ­Ахметов бұлай депті» деген әзілдерін оқып, «Ай, Жақай!» деп қалып ­отырамыз. Көңілімізде өкініште бар, сағынышта бар. Алып зор денесімен шалт қимылдап, жанынан қалжыңы қалмайтын, ағалық жолында, інілік ізінде жасырмайтын, үнемі қоғамға қажет адамдай көрінетін Жақаң жым-жылас. Бұл өмірде болмағандай. Оның аудандық депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағасы болғандығы да, Қызылорда облыстық мәслихатының 1-6 шақырылым депутаты болып, Шиелі ауданы үшін шапқылағаны да, «Қазатомөнеркәсіпке» қарасты РУ-6 мекемесіндегі қыруар жұмыстары да елеусіз қалғандай. Имамдар «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп осындайды айтса керек. Жақаң «Менің өмірім» атты естелігінде «Менің балалық шағым соғыспен тұспа-тұс келді. Өмірге келгенімде әкем соғысқа аттанып, 1944 жылдары Шығыс Пруссиядан соңғы хат келіп, содан хабарсыз кетті. Мен туғанда анам 19 жаста болса, әкем 21 ­жаста болған екен. Туғаннан соң қырқымнан шығар-шықпастан атам мен әжем қолына алып, бағып-қақты. Шешем болса, колхозда күндіз-түні жұмыс істеп, егін егіп, кетпен шауып, жеңісті жақындатуға үлесін қосыпты. Әкем болса тұяқтан жалғыз, яғни Ахмет әкем-әжемнің жалғыз баласы. Туған жерім Шиелі ауданының «Ортақшыл» елді мекені, кейіннен Сталин атындағы колхоз, ең соңында ­Сырдария совхозының бөлімшесі болды. Менің шешем 1970 жылы 49 жасында ауыр еңбектен тапқан науқасынан көз жұмды. Әкем соғыстан оралмады. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталысымен, 1950 жылға дейін оралмаған әкемді күтумен болады. Атам мен әжемнің қолында өсіп, солардың қанатының астында болдым. Табиғат заңы ғой, 1950 жылдары шешем ағайынды, аталас Жүніс деген ағайынмен тұрмыс құрды. 1951 жылы туылған інім Әбсадық, қарындасым ­Патсайым, ең кіші інім Абай болып, 4 ағайынды аталып отырған жағдайымыз бар. 1950 жылы «Ортақшыл» 7 жылдық мектебінің 1-сыныбына бардым. Атам молда кісі болатын. 6 жасқа дейін Құранның 20-дан астам аяттарын жаттатты. Ол кісі бір айтқанынан-ақ кез келген сүрелерді тез жаттап алатын едім.
1960 жылы онжылдықты бітірісімен, мектептен алған механизаторлық куәлігім ­бойынша, аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен туған ­ауылыма жұмысқа келдім. Сол кездегі Сырдария совхозының директоры ­Асанхан Смайловтың ұйғарымымен трактор тіркеушісі болдым. Кейінірек механизатор болып жұмысқа қабылдандым. Ол кезде «Ортақшыл» Сырдария совхозының 3 бөлімшесі еді. Совхоздың бас инженері ­Жолдасбек ­Ергешбаев маған ДТ-54 тракторын айдауымды тапсырды. Сол жылдары мені ауылдық кеңестің депутаттығына сайлады. Екі жылға берілген жолдаманың мерзімі біткен соң, кезекті құжаттарды түгендеп, 1963 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне сырттай оқу бөліміне түсіп, совхоздағы жұмысымды жалғастыра бердім. Ауданда жаңадан Жансейітте мал бордақылау совхозы ашылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджановтың нұсқауымен совхозға алдымен техника менгерушісі, үш айдан соң бас инженер-механик болып тағайындалдым. Бір жылдан кейін көршілес туған совхозым Сырдарияға бас инженерлікке бекітті. Сол тұста совхоз директоры Әнсары Әбдіхалықов деген ағамыз екен. Бұрын өз ауылымда трактор тіркеушісі жұмысынан ­бастап, механизатормен аяқтасам, араға 6-7 жыл салып, бас инженер болып қайта оралдым...» делінген, 2010 жылы жазылған ­естелігінде.
Жақсылық Ахметовтың еңбек жолын тағы бір ғана еске түсіріп кетейін, ­«Сырдария» совхозында механизатор, Бәйгеқұм кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқу шебері, 1967 жылы жаңадан ашылған мал бордақылау совхозының бас инженері, 1970 жылдан «Сырдария» совхозының бас инженері, 1974 жылы Шиелі аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің директоры, 1980-1990 жылдары «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы совхоздың директоры, 1990 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, ал 1992 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1993 жылы аудандық Кеңестің төрағасы, №6 Кен басқармасы директорының орынбасары болды. 2003 жылдан бастап, №6 Кен басқармасы директорының Кеңесшісі, одан әрі «Қазатомөнеркәсіп АҚ Болашақ-Шиелі» оқу орталығының директоры, ­Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшесі, алқа мүшесі ретінде белсенділік танытып, ауданның қоғамдық өміріне құлшына араласты. Қазақстан ­Республикасы, Қызылорда облыстық мәслихат депутаты, республикалық Азаматтық партиясы, Шиелі аудандық ұйымының төрағасы. Жақсылық Ахметов 2008 жылдың 25-26 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Әкімдік сайлау жүйесі енгізілгенде, ол жауапкершілігі мол жұмыстарды жемісті жүргізіп, аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосты. Қарап отырсаңыз Жақсылық бүкіл ғұмырын туған еліне, кіндік қаны тамған жеріне арнаған азамат екен. Осы еңбек еткен жерлерінде оның жақсы аты мен игі істері ғана қалды. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі – жақсылық жасау демекші, сол жақсылықты жасау үшін адам бойында адамгершілік, жанашырлық, адалдық, мейірімділік сынды қырлары мен жылы жүрек болуы керек. Ендеше, осы қасиеттердің барлығы Жақсылықтың тұла бойынан табылады. Жақсылық деген аты өзіне сай азамат еді. Шіркін-ай, үлкенге де, кішіге де құрмет көрсететін, ешкімнен көмегін аямайтын, әрдайым қол ұшын беретін ақ көңіл, қарапайым да, мейірімді жан еді! Айналасын жарасымды да тартымды әзілге толтырып жүретін және де онысы өзіне өте жарасатын еді, жарықтық, Жақаңның әзілдерін айтсайшы! Оның жүріп өткен жолы, бар ғұмыры, еңбек жолы келер ұрпаққа үлгі-өнеге болар еді.
Жақсылықтың жұбайы Аманкүл келінге, ұл-қыздарына қарап қуанып отырамын, көңілге сая, медет ұялатады. Олар ата-анасының алған тәрбиелерін, білімдерін өскелең ұрпаққа беріп келеді. Өмірлік жары Аманкүл екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 13 немере, 7 шөбере сүйіп, отбасының қамқоршысы, сүйікті атасы да бола білді. Жақсылық Ахметов Шиелі ауданына бір кісідей еңбек сіңірген азамат, заңғар тұлға. Оның атына қандай марапат жасалса да, лайықты саналары сөзсіз. Өйткені Жақаң жүріп өткен жолдар үнемі жарқырап жанып, жолы ашық тұратын. Еліне адал қызмет етіп қана қоймай, перзенттерінің мәнді өмір сүруіне жағдай жасаған, әулетінің абыройын арттырған тау тұлғалы Жақаң қандай да құрметке лайық.

Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
07 қараша 2022 ж. 461 0