Жаны жайсаң жақсылық
Адам баласының ғұмыры миллиардтаған жылдарға созылған дүниенің жаратылуымен салыстырғанда көзді ашып жұмғанмен бірдей. Дана халқымыз өмірдің қысқалығын қамшының сабындай, «бес күн жалған» деп тамсана бағалаған. Дүниеге келу де хақ, кету де хақ. Бәрі де бір Алланың пәрменімен болып жатады. Ажалдың келетінін, одан қашып құтыла алмайтынымызды біле тұра пенделікке салынамыз. Жақсылығын қызғанамыз, жақсылықты өзгеге қимаймыз, мүлт кетсе отыра қалып табалаймыз. Бар жақсылықты, мәрттікті, адалдықты тек өзіміз иемденгіміз келеді. Басқаның адалдығын, адами қасиетін көрсек мойындағымыз келмейді, ол қасиеттің бәрі өзімізде ғана болса екен деп іштей тілейміз. Кейде доспыз деп қатар жүріп, араның тұмсығындай өткір тілімізді сұғып алып, біреудің жүрегін жаралағанымызды сезбей де қаламыз. Бірақ, бәрі пендешілік, пендешілікке салынып жүріп ажалдың кемесіне мініп кеткенімізді білмей де қаламыз.
Міне бүгін сол пендешіліктен азаматтығы, парасаты басым, ешкімнің бетіне жел болып тимеген, күн болып күйдірмеген үлкенмен де кішімен де тіл табыса білген, өзгені құрметтеп, өзін сыйлата, барша жұрттың таба білген аяуы жар, ардақты әке, аптал азамат Жақсылық Ахметов ағамыздың өмірден озғанына бір жыл толыпты.
Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы өлгеннен кейін Дәуіт Жәбірейіл періштеге: – Алладан сұрашы менің отыз ұлымды алғанын өзінің пәрмені шығар деп шүкіршілік қылып отырмын. Енді маған перзент бере ме екен, соны сұрашы, – депті. Жәбірейілдің сәлеміне Раббымыз: Дәуітке бір ұл беремін, бірақ өмірі тоғыз-ақ жыл болады депті. Періште Алланың сәлемін жеткізгенде Дәуіт: мейлі оған да қанағат деген екен. Дүниеге ұл келіп, есімін Сүлеймен қояды. Сүлеймен кішкентайынан зерек болып үйге келген қонақтардың қолына су құйып, сол үлкендердің батасын ала беріпті. Жасы отызға жақындағанда Дәуіт Жәбірейілге: – Ұл беремін, жасы тоғызға ғана келеді деп еді. Сүлеймен отызға келді ғой деген сәлемін Аллаға жеткізгенде: – Хақ тағала, Сүлеймен тек үлкендерден бата алды. Сондықтан оның жасын тоқсан тоғызға дейін ұзарттым. Сүлейменге пайғамбарлық жіберемін, он сегіз мың ғаламның тілін білетін патша болады,- деген екен. Қазақтың «батамен ер көгерер» – деген даналық сөзі де осы тұжырыммен астасып жатқан сияқты. Жақсылық ағам да дүниеге жалғыз ұл болып келгенмен өзінің ақыл-парасатының, адалдығының арқасында өзгеше жаратылысқа ие болған азамат. Азан шақырып қойған атына азаматтығы сай ерекше жаратылған тұлға еді.
Қазасына жиналған адамның қарасының көптігі соншалық қаралы жиында сол кездегі облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы С.Шаухаманов: – Исатай Әбдікәрімовтың жаназасынан кейінгі халықтың көп жиналғандығы осы болды, – деп баға берді. Ағамыздың халықтың, елдің алдындағы абырой, беделінің бір парасындай еді.
Осы жүрген замандастарының ішінде ең лауазымы жоғары қызмет атқарған өзі болды. Аудандық кеңестің төрағасы, он жылдай сол кездегі облысқа танымал озат совхоз Қазақстанның ХХХ жылдығы созхозын басқарды.
Өте ұшқыр ойлы, ойламаған жерден сөз тауып кететін парасат, пайымы жоғары азамат еді. Совхозды қабылдауға барғанда бұрынғы совхоз директоры – Жақа, бұл ауылда күн көру қиындау болады-ау деген. Жазды күні болса керек, қолына шыбын ұрғышты алып, кабинеттердегі шыбындарды ұра бастапты. Партком хатшысы Ә.Аманқұлов ағамыз інісінің шыбынды бекер ұрып жатпағанын түсініп, – Жақа, неге шыбын өлтіруге кірістің десе, Жақаң ойланбастан: – Мына кісінің сөзіне қарағанда бұл жерде күн көру қиын болады-ау деп осы бастан қорегіміз шыбын бола ма деп шыбын өлтіруге кірісіп жатырмын – депті.
Жақаң айналасы тоғай, аң-құсы, балығы көп жерде өмір сүргесін ба аңшылыққа, балық аулауға өте құмар, құралайды көзден ататын мерген еді. Алып денесімен жүгіргенде жұрттан озып кететін. Шиелі өңірінде ағамыздың табаны тимеген жер жоқ шығар. Жұрттың қармағына балық ілінбей жатқанда ағамыздың қармағы құр қайтпайтын. Мен РУ-6 мекемесінің үйінде тұрған жылдары екеуміз қатты араласып тұрдық. Қонақ болсақ бір-бірімізді түнде шығарып саламыз. Бір күні үйіне жақындаған кезде: – Есіркеп, мен саған бірдеңе көрсетейін, ешкімге айтпайсың ба деді. Мақұл дедім. Сөйтсем қасқырдың ұлығанын айнытпай салады екен. Қасқырдың ұлығанын салып еді, көшеде бос жүрген небір дәу овчаркалар құйрықтарын артына қыстырып алып зытсын. Кейбіреулері үйлеріне кіре алмай дарбазаларын тырналап жатыр. Бірақ ертеңіне мен ешкімге айтпасам да, бүкіл Шиелі естіп қойыпты.
Жаны жайсаң жүрегі жомарт ағамыз бақилық болғанмен өмір зулап өтіп жатыр. Өзі сияқты аңқылдағанда жүрегі көрінетін жан жары Аманкүл, ұл-қыздарымен бірге ағамыздың шаңырағының отын маздатып, дұға бағыштауда. Өмір деген осы, бүгін барсың, ертең жоқсың.
Е.Шәдібеков,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы».