Терең өзендер үнсіз ағады
Жалған дүниеге жалпағынан жүзіп жүріп қанған, орып жүріп тойған, аз күндік дәулет, аз жылдық дәуреннің буына пісіп, кекиіп сөйлеп, кердең қаға аяқ басатындар күнделікті өмірде көптеп кездеседі. Ол аздай, бөсіп ішкеніне, күйсеп жегеніне, қол астындағыларды тізесіне салып тізерлетіп, омырауға салып опырып жіберер ожарлығына мәз болып жүргендерді де көз көреді. Көрген сайын жібек мінез, биязы әдеп, жан жылуы деген қазақи болмысымыздың қаймағы бұзылып, тұнығы лайлана бастағанын аңғарасыз. Әдепсіздерді әдейі әзірлегендей, көргенсіздер де қара көрсетіп қалады. Қалың бұқараның басындағы қара бұлтты жоғарыдағылардан жасыратын «жандайшаптарды» айтпасақ та белгілі. Содан болар, қазақ халқына рухани жаңаруды ұсынған мына дәуір, аталған тығырықтан алып шығатын ең төте де, ұтымды жол табуды талап етіп тұр.
Есте жоқ ескі заманнан бастап жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, дарындылар мен дарынсыздар жарыса ғұмыр кешіп келеді. Күндердің күнінде солардың бірі тұрақсыз жардан түңіліп, тұрлаусыз достан айырылып, фәни тірліктен безіп, өмірінің мәнін жоғалтпасына кім кепіл. Кеше ғана серкенің дауын атан өгіз беріп сатып алатын пәлеқордың тірлігі татымсыз, істері құнсыз болып қалуы да әбден мүмкін. Көпке тиесіліні кеміріп, кедейдің талғажау етер асын тамағына тығып, «жемқорлық» деген кеселден дөңгелене түскенін кеш түсініп жатады. Түсінеді де, арманым ішімде, бармағым тісімде кетпесін деп, кешегі шырмауықтай шырмалған күншілдігі мен кекшілдігінен туындаған жамандықтарын жою жолдарын ойластыра бастайды. Көп дүниені ой елегінен өткізіп ақырында беттің арын белге буып, құрығы жеткен жерге қолын созып, жиған байлығының бір бөлігін жақсылық жолына жұмсамақшы болады. Ойға алған істің орайын келтіріп, жарлыны жетістіремін, кемді теңестіремін деген соңғы тілек арманын жолбасшы етіп іске кіріседі. Қалтасының түбі көрінгенше қайырымдылық көрсете жүріп, бар жақсылықтарын жария етуді де ұмытпайды. Әлеуметтік желілермен, жергілікті телеарна және басылым беттерінде жомарттығы айтылғанда аңыздай, естілгенде ертегідей, дүмпуі күшті, дабыры басым дүниеге айналады. Айқайлаған атақ жанына майдай жағып, қара сөзге семіріп, онсызда осал емес денеге әрі қарай шыр біте бастайды. Қайыршының алдына тиын тастағысы келсе, көпшілік ортада не болмаса бейнебақылау орнатылған жерді іздеп сандала кетеді. Бірақ, одан жүректің тазарғанын, өмір арнасының өзгергенін сезіне аламыз ба?
Шекарамен шектелмейтін атымтай жомарттықты, дарқан даладай ақ пейілді, жолдасқа деген жәрдемді жасыра істеп, жақсылығын жанына серік еткен ата-бабамыз көршінің ас-суы кемісе өзінікін білдіртпей апарып қоюшы еді, деп отырады көне көз қариялар. Иә, жомарттық қанға сіңіп, дәстүрімізге терең тамырлаған. Тіпті, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деп, саусағын қимылдатқанды жерге түсірмей, төбемізге көтеріп келеміз. Дұрыс-ақ. Жақсыны көрмекке. Алайда, таяқтың екі ұшы болатыны секілді жақсылықты айтамыз деп, жаман әдетке үйір қылып алмайық. Кеудені қос қолдап ұрып, менменшілдікке салыну оңай да, арылу қиын. Бүгінде жиынға бара қалсаң, жан-жағыңнан қаумалағандардың «мен жасаған іс еді» деп басталар әңгімесі құлағымыздың құрышысын қандырып, қойын дәптерімізді толтыруға айналды.
Жомарт болмыс біз айтқаннан, біз зерделеп-зерттегеннен еш бұзылмаса керек. Жәй ғана ой салар. Ал, біздің ой сол болмысымызды балталамай, бір шетінен біреулеп, бәлкім екеулеп, сіз қосылып үшеулеп болса да сақтап қалу. Жомарт жандар жоқ емес. Тек, терең өзендер үнсіз ағатынын ескерсек, нағыз жомарт жандар жақсылығын жасырып, жанымызда жүргенін аңғармайтын шығармыз...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.