Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің қызығы таусыла ма?

Өмірдің қызығы таусыла ма?


Әркім үшін «өмірдің қызығы» әртүрлі. Бірі өмірдің мәні мен қызығын материалдық дүниеден табар болса, ал енді бірі рухани байлықтан іздеп жатады. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, материалдық дүниеден қызық тапқандар руханилықты көздегендерге қарағанда тойымсыз болып келеді. Ал олар тойынған кезде адам қатарынан шығып, екі аяқты хайуанның қалпына ене бастайды. Мұны қалай түсіндіруге болады? Материалдық дүниені өмірдің қызығы деп санайтындар дүниеқоңыз болады. Олар өздерінің жаны қалайтын іске байлық арқылы жетеді. Ақшаның күші жететін істердің бәрін басынан өткізгісі келеді. Мысалы, алдымен ақшам көп болса дейді. Сосын тойымсыздығы қанына сіңіп, одан да жоғарғысын қалайды. Бәріне қол жеткізген сайын оған көретін қызық қалмай қалады. Сөйтеді де ешкімнің қолы жетпеген дүниелерге бас сұғып, мақтангершілікке салынып шектен шығады. Олар үшін өмірдің қызығы бір күні таусылады. Қоғамда өмірдің қызығын қуып, жынысына қарсы істермен шұғылданып жүрен талай жандар өріп жүр. Олар өздерінің ішкі қажеттіліктерін өтеу үшін тура жолдан адасады. Өмірдің қызығын іздеймін деп өз-өзінен безінді. «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді» деген мақал содан қалған да шығар... Өмірдің қызығын байлықтан іздегендер арман-тілектері орындалған сайын қызықсыз күн кеше береді. Өйткені материалдық дүние сарқылады, таусылады. Ақшадан  да қадір кетеді. Мұндай адамдар үшін отбасы мен ата-анасының амандығы, сүйікті іспен шұғылдану, білім қуып білікті маман болу секілді дүниелер өмірдің мәні болып саналмайды. Айналамызда ары мен санасын ластаған адам деп айтуға аузың бармайтын екі аяқтылар – өмірдің қызығын іздеп бұзылғандар. Олар тек нәпсінің құлына ғана айналып, ұятты тірліктердің майын ішіп жүргеніне мәз. Табиғат сыйлаған жаратылысына қарсы шығып, ар мен абыройды ойлаудан жұрдай болған мұндай адам қатарынан шыққандар айналасындағыларға да уын шашады. Сондықтан да өмірдің қызығын материалдық дүниеден іздеудің қаупі көп екенін мойындауымыз керек. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда жасаған игі ісіміз бен пайдалы әрекетіміз ғана қалады. Санамызды дұрыс басқарып, абыройымызға нұқсан келтірмей хайуандардан ерекшеленіп өмір сүрейікші!

Massaget.kz
02 қыркүйек 2018 ж. 1 276 0