Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұрт жадындағы Жақсылық

Жұрт жадындағы Жақсылық

Осыдан жарты ғасыр бұрын «Қызылту» колхозының (қазіргі Жақаев ауылы) комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. Кішігірім қызметке аралассақ та, арагідік ауданда болатын әртүрлі деңгейдегі жиналыстарға шақырып тұратын. Сол жиналыстарда Жақсылық ағаны көріп жүрдім. Әдепкі көргеннен-ақ есімде қалғаны, ол кісі әңгіменің көркін қыздырып, жұрттың дел-салын шығарып күлдіріп отыратын еді. Адам екі-үш көргеннен кейін таныс сияқты болып кетеді екен. Мен де ретін тауып Жақаңның әңгімесін тыңдау үшін қасына жақындау отырып жүрдім. Келе-келе екеуміз танысып кеттік. Ол кезде Жақаңның Сырдария совхозында бас инженер болып жұмыс істейтін кезі. Жақсылық аға адамдарды жатырқамайтын, бөле-жармайтын, көпшіл еді. Ол кісінің бір қасиеті – танитын адамдардың барлығымен дерлік ет жақынындай емен-жарқын араласып отыратын. Кезінде біздің ауданымыз көпұлтты болғандықтан, халықтар достығының лабораториясы атанған аудан деп аталатын. Аудан басшыларының, ірі басты азаматтардың арасынан ауданда тұратын басқа ұлт өкілдерін Жақаңдай көп білетін адамды кездестірмедім. Жақаң солармен де күнделікті көріп жүрген адамдай араласып, қатысып тұратын. Қазақта «Жақсыда жаттық жоқ» деген сөз бар. Сол сөз Жақаң секілді азаматтарға қарап айтылғанба деп қаласың. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта кезінде Жақсылық аға, мен, марқұм Еламан Қобыланов үшеуміз Алматының Медеу жағында орналасқан ескілеу «Алатау» санаториясында бірге демалдық. Үшеуміз арагідік проферанс ойнап қоямыз, ал түскі тамақтан соң Жақаң екеуміз міндетті түрде бір-екі сағат биллиард ойнаймыз. Жақаң сәл толықтау болған соң ба көбірек қимылдағанды, жүргенді жақсы көретін.
Осындай күндердің бірінде мен ертең ауылшаруашылық Министріне кіріп жолығып шығайын, сен маған серік болып жүр деді. Алдын ала жазылып қоймаған соң, қабылдай қояр ма екен деп іштей ойлағаныммен, Жақаңның көңілін қимай ертесіне еріп шықтым. Министрдің қабылдау бөлмесінде 4-5 кісі отыр екен. Хатшы қыздың біздің аты-жөнімізді жазып бола бергені сол еді, ішіндегі кісі шыға бергенде министр Жақаңды байқап қалып, хатшы қызға Ахметов кірсін дегені. Кезек күтіп отырған жұрт аң-таң, бұлар кім еді дегендей аңтарылып бізге қарады. Жақаң ешкімге де қарамай ішке кіріп кетті. Сол кіргеннен жарты сағаттан аса әңгімелесіп барып шықты. Сыртқа шықтық, қолында жаңа екі қармағы бар, өзі өте көңілді.
Министр Жақаңа ауылға барған соң мамандарыңмен ақылдасып, ұсыныс беріңдер, ауылдарыңа бір әлеуметтік нысан салуға қаржы бөлейін депті.
– Екі қармақтың біреуін маған берген шығар, – дедім әзілдеп.
– «Сыйға бергенді сыйға бермейді» деген, бір қармақ алып неғыласың ауылға барған соң жақсы екі қармақ беремін, – деп менің көңілімді тоқ қылып қойды.
Жақаң өмірде ешкімнің сөзін жерге тас­тап көрген жан емес. Қолынан келсе, жұртқа жақсылық істеуге дайын тұратын. Мен жұрттың «Атыңды Жақсылық деп бекер қоймаған ғой» деп ырзашылықпен айтқан сөзін талай естігенмін. Қазақ әрбір істің қайтары бар деп жататын, Министрдің Жақаңды сонша құрметтеуіде Жақаңның жақсылығының қайтарымы деп білемін.
Жақсылық ағамен сыйластығымыз ұзақ жылдардан бергі бірге келе жатқан ескі достардың сыйластығындай дәрежеге жетті. Бұрынғыдай емес телефонмен хабарласып үй-ішін, ауылдағы таныстарын сұрастырып тұратын. Үлкендігіне қарамастан мені жақын тұтып, өзіне тартып, туған інісіндей жақсы көріп жүруі Жақсылық ағаның адамгершілік қасиетінің молдығы мен жүрегінің жомарттығынан. Жігітке жеті өнерде аздық етеді деп жатады ғой халқымыз. Жақсылық ағаның әр нәрсеге әуестігі (хоббиі) көп болатын. Соның бірі әрі бірегейі ол кісінің саятшылығы еді. Жыл он екі ай десе де артық болмас, әр аптаның сенбі, жексенбі күндері я құс атуға, я болмаса қармақ салуға баратын. Осы қасиеті жөнінен ол кісіге ауданда пар келетін адамда некен-саяқ еді.
Әрқайсымыз әр ауылда жұмыс жасасақ та, сол кездері айына кем дегенде бір рет я Перден ағаның үйінде, я біздің үйде, әйтпесе бүгінде арамызда жоқ Елтай, Әбіласан, Жақсылық ағалардың үйлерінде кездесіп отыратынбыз. Ол бір ұмытылмайтын, сыйластықтың үлгісіндей болған керемет кездер еді. Жұрттың барлығы Жақсылық ағамен әзілдескенді жақсы көретін. Қатар болған соң ба кейбір әзілдердің бұрышы көптеу болып кететін. Бірақ Жақаң әзілге ашуланбайтын, әзілді көтере білетін көңтерлі, етек-жеңі кең кісі еді. Жақаңды жұрттың жақсы көруінің себебі де осы бір қасиетінде жатқан сияқты.
Өткен ғасырдың 80 жылдардың аяғында Жақсылық аға аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992 жылы жаңадан ашылған аудандық Кеңестін төрағасы қызметіне келді. Осы кездерде Жақаңмен бір ұжымда бірге қызметтес болдым. Жақаң облыстық мәслихаттың 2-ші және 3-ші шақырылымында депутат болып сайланды. Облыстық мәслихат сессияларына ұсынылған қайбір мәселелерді болсын талқылауда үнемі белсенділік танытып отыратын. Өйткені, елдің, жер, судың жағдайын Жақаң көп жылғы ел басқарған тәжірбиесі арқылы жақсы білетін. Кейбір жағдайларда Жақаңның ауданның шамасы келмей жатқан жұмыстарын обылысқа ұсынып, оның оң шешімін табуына ықпал етуге барлық күш-жігерін жұмсай білетін.
Ауданда Жақсылық айтыпты деген әңгіме де көп. Бірде Қызылорда облысына жаңадан келген бірінші хатшы Еркін Әуелбеков Шиелі ауданымен танысып, шаруашылықтарының жағдайын көрейіндеп келіпті. Ол кісіні шекарадан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов аға мен сол кезде «Қазақстанның 30-жылдық» совхозының директоры Жақсылық аға екеуі күтеді. Сейілбек аға Жақаңа алдын ала бізге айтатын әзіл сөздерді ол кісіге айтып жүрме, өйткені Әуелбеков қатал кісі деп ескертіпті. Әуелбеков келген соң Жақаңның шаруашылығын аралайды. Мал шаруашылығының жұмысы қай кездеде тап-тұйнактай болған емес. Әуелбеков кеткенше кемшілік айтумен болыпты. Қалай дегенмен шаруашылық басқарудың қиын екенін білетін обком хатшысы кетерінде Жақаңның көңілін көтеріп кетейін деп «Таңертеңнен бері машинаның алдына отырғызып келеміз, сен соның жауапкершілігін білесің бе?» депті. Ол сөздің төркіні үлкен шаруашылықты басқарып отырсың, сол үшін сені машинаның алдына отырғыздық деп Жақаңның мәртебесін көтергісі келген болуы керек. Сөйтсе, Жақаң ойланбастан «Қайдам қалада машинаның алдына отырған адам ақша төлейді ғой» депті. Таңертеңнен бері қабағы бір ашылмай келе жатқан Әуелбеков ағамыз Жақаңның бұл сөзіне ішегі қатқанша күліп, қабағы ашылып жақсы көңіл-күймен қайтыпты. Сөздің құдіреті деген осы, ағайын. Бір ауыз сөз жүрегіңді жараласа, бірауыз сөз жаныңды жадыратады. Алла Жақсылық ағаның аузына ылғи да жұрттың жанын жадырататын сөз салуды нәсіп еткен болуы керек. Жақаңды жұрттың жақсы көруінің сыры да бәлкім осыда жаткан шығар. Жақсылық аға тек жақсы дос, адамгершілігі мол азамат, қарымды әрі қабілетті басшы ғана бола білген жоқ, асыл жар, ұл-қыздарының ардақты әкесі болды. Жолдасы Аманкүл екеуі өмірге үш ұл, екі қыз әкеліп бәрін де оқытып, үлкен азамат етіп, тәрбиелеп шығарды. Өздерінің барлық адамгершілік асыл қасиеттерінің нәрін ұл-қыздарының бойына сіңіре білді. Өмірдің өзі өткен күндердегідей бола бермейді екен. Дүниеден бір жақсы адамың өтсе көңілің құлазып, оның орны кәдімгідей үңірейіп тұратын секілді. Жарықтық Жақаң жақсы көретін ағаларымның бірі еді ғой. Жақсылық аға жалғыз Шиелінің ғана емес, Сыр бойындағы адамдардың сүйіктісіне айналған азамат еді. Өйткені, Жақаң кездескен жанның жағдайын сұрап, замандастарына әдемі әзілін айтып жүретін. Қарап отырсаң үлкенге де кішіге де жетпейтіні жұрттың ыстық ықыласы. Сол ықыласты Жақаңмен кездескенде сезінетінбіз. Адамдардың жан дүниесін үрей мен қорқыныш билеп, не істерін білмей абдырап жүрген мына кезеңде жаныңды жадыратып, көңіліңді бір көтеріп тастайтын Жақсылық ағамның бір ауыз сөзі жетпей жатқан сияқты, осы жұртқа.

Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы
25 қаңтар 2022 ж. 541 0