Ел ағасы
Адам баласы жасы келген сайын өткен өмірінің жақсы-жаманын саралап, өмірден ұмытылмас сәттерін жиі-жиі еске алып, қамшының сабындай қысқа өмірде сыйлас, қызметтес болған азаматтарды ой елегінен өткізіп отырады екен. Менің замандастарымның өмірі мен жарқын да қызықты шақтары сол кездегі жастар ұйымымен тікелей байланысты.
Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр жылдармен қабаттас болды. Ауырлау болғанымен жастық шағымыз жаман болған жоқ. Оқуға, білім алуға ешқандай кедергі болмады. Әркім өз қабілетіне қарай білім алды, жұмысқа орналасты, жастар ұйымына мүше болды, ұйым жұмысына белсене араласты. Мен де сол кездегі тегін білім алған көп жастың бірі болдым. Алғашқы жұмысым ұстаздықтан басталып, 1970 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді «Гигант» (қазіргі Бидайкөл) колхозы бастауыш комсомол ұйымында хатшы қызметінде жұмыс істедім. Аудандағы жастар ұйымының жұмысына араластым. 1972 жылы тамыз айында аудандық комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым.
Ауданда жастар ұйымдарының есеп беру, сайлау жиналыстарына қызу дайындық жүріп жатты. Әсіресе, ұйымдастыру бөлімнің жұмысы қауырт екен. Бөлім меңгерушісі Амангелді Сәлімов, нұсқаушылар Ділдахмет Исахаев, Төкен Молдабаевтың жұмыстарында кідіріс жоқ. Төкен мен Ділдахметтің өмірлері қысқа болғанымен жандары жайсаң, жүректері жомарт асыл жандар еді. Ұрпақтары өз әкелерімен қалай мақтанса да жарасады. Өмір ғой, жазмыштан озмыш жоқ. Төкеннің жұбайы Сарагүл Арғынбаева атақты шопан болып өз бақытын еңбектен тапқан асыл жар.
Аудандық комсомол ұйымының бюро мүшелері бекітілген кесте бойынша бастауыш комсомол ұйымдарында өтіп жатқан есеп беру, сайлау жиналыстарына барып қатысамыз. Ол кезеңде ауылдарға қатынайтын көлік сирек, такси деген атымен жоқ. Сонда да есебін тауып, әр көлікке бір мініп, кейде жаяу шығамыз. Жалпы, колхоз, совхоздарға барып, жиналысқа қатысып, біткен соң талдау жасап, кемшілік, жетістіктерді саралап, ертеңгі жиналысқа дайындаламыз, шаршау-шалдығу дегенді білмейміз.
Содан Сырдария совхозы бастауы комсомол ұйымының есеп беру, сайлау жиналысына қатысудың сәті түсті. Жиналыс өте тартысты өтті. Әсіресе, ұйым мүшелерінің ішінде екі жастың белсенділігі өте жоғары болды. Ашаңдау келген, соңғы модамен киінген мал дәрігері мен ұзын бұрымы тал бойына жарасып тұрған ақсары, ұзынша бойлы әдемі қыз жиі-жиі сұрақ қойып жиналыстың жарасымын ашып отырды. Жиналыстан кейін жігіттің аты – Тілеубек, қыздың аты – Айсара екенін білдік. Жиналыстың үстіндегі жарасымдылық өмірде де жалғасын тауып, көп ұзамай ауданда алғаш рет Тілеубек пен Айсараның үйлену тойын комсомолдық той ретінде ауылдық мәдениет үйінде дүрілдетіп өткізген едік. Міне, сол кезеңнен бері Айсарамен қиындығы мен қызықшылығы қатар жүретін өмір жолында бірге келе жатырмыз. Қазіргі таңда ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жанұя. Тілеубек Бабасов көп жылдар бойы Сырдария совхозында бас мал дәрігері болды. Оның іскерлік қабілеті осы кезеңде анық байқалды. Өйткені, Сырдария совхозының жайлауы басқа шаруашылықтардай Қаратауда емес, Сарысуда болатын. Сарысуға көктемгі мал төлдейтін кезде «іші өскен алыптардың» жетуі қиын болатын. Мал шығымына көп жол берілетін Тілеубек өзінің тынымсыз ізденісін, ұйымдастыру қабілетінің арқасында бұл қиындықты да жеңе білді. Совхозда мал шығыны азая бастады. Тілеубектің іскерлігі, қабілеті аудан басшыларының назарынан тыс қалмады. Жас маман назарға ілініп 1996 жылы аудандық ветстанцияны басқарды. Кейін аумақтық басқарма бастығы болып, 10 жыл жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып аудан өміріне белсене араласты. 2015 жылы Ұлттық аграрлық университетінің «Құрметті професоры» атағы берілді. Сондай-ақ ауданның «Құрметті азаматы».
Тілеубек пен Айсара қазіргі таңда көрген бейнеттерінің зейнетіне жетсе де қол қусырып қарап отырған жоқ. Мыңғырлаған мал ұстап, аудан халқын таза шұбат, қымыранмен қамтамасыз етіп отыр. Бізді де бар деп көкірегін көтеруді білмейді. Үлкенмен де, кішімен де сыйласа біледі. Сол қарапайым қасиетінің арқасында аудан жұртшылығының арасында беделді. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық кеңестің мүшесі, кеңес мәжілісінде аудан халқының мүддесіне байланысты өзекті мәселелерді жиі көтереді.
Тілеубектің бойындағы көп адамда кездесе бермейтін ерекше қасиеті – ойы оны сынап тұрса да адамға әзіл сияқты жүрекке тимейтіндей қылып жұмсақ жеткізеді. Мысалы, біздер біреудің кемшілігін айтсақ, шыншылдық-турашылдыққа салынып жақпай қаламыз. Астарылап немесе жұмсақ қылып айту деген жоқ. Біздің айтқанымыз келесі адамның жүрегіне біздей қадалады да, ол адамды өзімізге дұшпан етіп аламыз. Ал, Тілеубек біздің сынымыздан, іскерлігімізден де ауыр нәрсені келесі адамға әзіл формасында өте шеберлікпен жеткізеді. Оның барлық сынын өзгелер ауыр алмайды, жүрегіне біздей қадалмайды, келесі адам оны әзіл ретінде қабылдайды да тез ұмытып кетеді. Тілеубектің бойындағы тағы бір үлкен қасиеті – өз мүддесінен қоғамның, жеке азаматтардың мүддесін жоғары қояды.
Ауданда соңғы үш жыл көлемінде ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілгенімен, «Құрметті азаматтар» аллеясындағы тақтаға аттары жазылмай жүргенін көпшілік жеткізуге бата алмай жүрді. Дәл осы мәселені Тілеубек аудандық кеңесте аудан әкімінің есебі кезінде көтеріп, шешімін тапты. Бұл өзіне де, өзгеге де шынайы қамқорлықтың көрінісі емес пе?! Осыдан соң «Ата, сізден атыңыз неге құрмет тақтасында жоқ» деген немерелерінің сұрағына жауап таба алмай жүрген біраз азаматтардың көңілі жай тапқан сияқты.
Шиелі өңірі – «Шиелім Швецариям» деп Дәулетбек жырлағандай табиғаты әсем, халқының ауызбіршілігі бар, мәдениеті жоғары, ауыл шаруашылығы, өндірісі дамыған бай өлке. «Кезінде Шиеліні басқаруға таласатынбыз» деп Сырдың біртуар азаматы С.Шаухаманов айтқандай сыртта жүрсек те елдің татулығын, амандығын ел басындағы азаматтардың абырой биігінен көрінгенін қалаймыз. Шиелі туралы тек жақсы хабарды естігіміз келеді. Жүрегіміз, тілегіміз туған жермен, туған жердің азаматтарымен бірге. Тілеубек сияқты қазыналы қарты бар ел азбайды, тозбайды. Оның халқына әлі берері көп. Толысатын, кемелденетін шағы.
Қорыта айтқанда, Тілеубек – ел ағасы. «Ел – ағасыз, тон – жағасыз» болмайды дегендей халқыма тек жақсылық, береке нұрын шаша бер дегіміз келеді.
Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі