Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен қазақпын, ұланымын елімнің

Мен қазақпын, ұланымын елімнің

Бүгінгі күндері «пионер» сөзі қолданыста болмағандықтан, жат болып естілері анық. Алайда, бізден бұрынғы аға буынның әрбірінің жүрегіне жақын әрі ыстық сөз болар. Өйткені, олардың арасында адалдыққа ант қабылдап, мойынға қызыл галстук тағып, тазалық пен тәртіп үшін күресу міндетті еді. Ол кезеңде пионер мен комсомол ұйымына үлгерімі нашар оқушылардан басқасының барлығы «автоматты» түрде өтетін болған. Сондықтан, мұны үлгерімі жақсы кеңес оқушыларының барлығы да бастан кешті. Ол кездегі оқушылардың басты мақсаты – сабақты жақсы оқу болды.
Міне, еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін «Пионер» сөзінің орнына «Жас ұлан» тіркесі қолданылуда. Ерекшелігі сол, енді бұрынғыдай оқушының мойнына қызыл галстук емес, Тумен түстес көк галс­тук тағылатын болды.
Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Ертеңімін егеменді елімнің, – деп шырқайтын жас ұландықтар да осынау ұйымға салтанатты түрде қабылданып, ант береді. «Бұл ұйым қашан құрылды?» деген сауалдың төңірегінде ойымызды әрі қарай жалғар болсақ, 2011 жылғы 6 шілдедегі оқиғаға келетініміз анық. Яғни, дәл осы күні еліміздің «Нұр Отан» партиясының қолдауымен тұңғыш рет біртұтас «Жас қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Жасөспірімдер мен балалардың бірыңғай «Жас ұлан» ұйымына қабылдануы ерікті түрде жүргізіледі және оларды Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін ортақ мақсат біріктіреді. Бұл күнде өзіндік символикасы мен атрибутикасы бар «Жас ұлан» ұйымы туралы Елбасы Н.Назарбаев өз құттықтау сөзінде «Жас ұлан» бүкіл Қазақстанға таралып, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге, оқудың және тәртіптің үлгісін көрсетуге, Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға, еліміз үшін қызмет етуге, патриот болуға бәріңізді баулитын болсын!» – деп атап көрсеткен еді.
Біз де Елбасының осындай салмақты сөзінен туындайтын міндетті сезіне отырып, Тәуелсіз аспан астында, бейбіт өмірдің, қамқор Отан-ананың құшағында бақытты балалық күндерін кешіп жүрген бірқатар оқушылардың «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылдану салтанатына куә болдық.
«Нұр Отан» партиясының «Жастар Отанға» жобасы және Шиелі ауданының 90 жылдығы аясында өткен шараны аудандық білім бөлімі ұйымдастырған болатын. «Біз – Шиелі ұландарымыз» тақырыбын арқау еткен шараға «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» директоры А.Маманова, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының орынбасары Б.Дайрақұлов, аудандық оқушылар үйінің директоры С.Ермағамбетов, мектеп оқушылары, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның алғы сөзін алған Б.Сейілханов балаларды осынау салтанатты сәтпен құттықтап, мойындарындағы көк галстуктың жауапкершілігі мен өзіндік салмағына тоқталды. Мұнан әрі құттықтауды жалғаған П.Маханбет барша «Жас Ұлан» ұйымына қабылданушы оқушыларға ыстық ықыласын жеткізіп, өскелең жас ұрпақты Қазақстанның патриоты болуға шақырды.
Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, би де биленді. Сөйтіп, жақсылыққа ұмтылған жас ұландықтардың мойнындағы Ту түстес галстуктер баршаға ерекше сезім сыйлағандығы байқалып-ақ тұрды.

Дина ЖҮСІПОВА.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
19 мамыр 2018 ж. 1 598 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930