Алып адам
Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Бұл мерзім дүниенің жаратылысымен салыстырғанда түк те емес. Бірақ қамшының сабындай қысқа адам ғұмырымен мөлшерлейтін болсақ біршама уақыт. Осы тоқсан жылдың ішінде біз де оқу бітіріп, еңбекке араластық. Шиеліден шыққан, осы елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқан талай алпауыт азаматтармен бірге қызметтес болдық, тәрбиесін, өнегесін алдық. Олар өскелең ұрпаққа өмірдің бағдаршамы сияқтанып көрінетін, әрбір ісінен, сөзінен үлгі-өнеге алуға тырысатынбыз. С.Алпамышев, Ә.Смайылов, Б.Тоқбаулин, Р.Нурекеев, С.Әнуарбек, М.Санаубаев, Қ.Ботабаев т.б. көптеген ағалар Шиелінің дамуына шексіз үлес қосқан. Туған жердің арда азаматтары еді. Кейінгі ұрпақ осы азаматтардың әрқайсысының елге жасаған қызметі туралы қанша жазса да, толғанса да таусылмайтын тақырып, өлмейтін бейне, асыл қазына. Мен өзімнің бүгінгі ой толғауымда өзім бірге қызметтес болған Әнуарбек Сапахов ағамыз жайлы айтпақшымын.
Менің негізгі мамандығым биология пәнінің мұғалімі болғаннан кейін №148 Гигант орта мектебінде оқытушы болып қызмет жасап жүргенмін. Мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарымын. Екі ауысымда оқу жүргізілетін мектеп орыс-қазақ мектебі болатын. Мектептегі балалардың құрамынан колхоздың өмірі туралы да мағлұмат алуға болады екен. Қазақстан көп ұлттардың лабораториясы деген біздің республиканың бағасын Гигант колхозындағы көп ұлттардың жарасымды өмірі дәлелдеп тұрғандай. Колхоз басқармасының төрағасы Ә.Сапахов ағамызды ағайындық жолмен араласқанымыз болмаса қызмет бабында алдына барып араласып көргенім жоқ. Күзде егін-терімнің кезінде колхозға жәрдем беріп жүргенімізде бір-екі рет келіп жағдай сұрап кеткен. 1970 жылдың сәуір айы болу керек, колхоздың конторынан «сізді бастық шақырып жатыр» деген соң барсам, бір өзі отыр екен. Амандық-саулықтан кейін: – Есіркеп, сен тектіден қалған тұяқсың. Әкеңді жақсы білемін. Кезінде колхоз құрылысына белсене араласқан елдің мұңын, зарын айтатын, ақындығы бар мықты азамат еді. Амал қанша өмірден ерте кетті. Сенің мектепте абыройлы қызмет жасап жатқаныңды біліп отырмын. Бірақ мектеп өз мамандығың болғанымен жалпы қоғаммен көп араласа алмайсың, колхоздың комсомол ұйымының хатшысы Ж.Нұрқұлов облыстық комсомол комитетіне ауысып кетті. Орнына аудандық партия комитетіне сені ұсынып отырмыз. Менен шыққан соң аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Д.Ермахановқа барсаң бірінші хатшыға алып барады, – деді. Болған оқиғаны мектеп директоры Ә.Ахметов ағама айтып едім, ол кісі қарсылық білдірмеді. Шынында ол дәуірдегі ең абыройлы, беделді азаматтар шаруашылық басшылары еді ғой. Сондай елдің аузындағы мықты азаматтың алдына бірінші рет барған соң ба біразға дейін өзіме-өзім келе алмай, колхоз бастығының алдына барғанымды қайтадан көз алдыма елестеттім. Рұқсат сұрап кіре берген кезімде бастықтың түрін көргенде денем дір ете қалды. Ағамыздың түрі өте сұсты екен, қараған кезде түрі тұғырға қонып отырған бүркіт сияқтанып көрінді. Денесі бұрынғы жауға шапқан қазақтың батырларындай ірі. Бастықтың алдында болған сезімімнен арыла алмай келе жатып, мектепке қалай жеткенімді де байқамай қалыппын. Кабинетке кіре берсем директордың хатшысы: – Ағай, сізді райкомға шақырып жатыр, – деді. Барсам Ермаханов пен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы С.Рсымбетов күтіп отыр. Аз-кем әңгімелескеннен кейін екеуі сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғ.Мұхамеджановқа алып кірді. Ол кісінің келісімімен ертеңіне колхозда комсомол ұйымының жалпы жиналысында колхоз бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. Колхоз партия комитетінің хатшысы Х.Антонович екен. Ертеңіне партком өткізіп, мені колхоз активіне таныстырды. Ол кезде «Гигант» колхозы республикада өзіндік орны бар, Еңбек қызыл ту орденді шаруашылық болатын. Колхозды көп жылдар бойы үш Ленин ордені бар Х.Васильевич басқарып елге танымал еткенмен кейінгі жылдары біршама құлдырап, Ә.Сапахов ағамыз басқарғалы бері еңсесін қайтадан түзеп жатқан беті еді. Колхозда еңбек ететіндердің көбісі жастар. Шамалы уақыт өткен соң бастық шақырып алып: – Мына сенің жастарыңның көбісі механизатор, бірақ көбісінде куәлік жоқ, мен белден басып рульге отырғызып жатырмын, бірақ бұның арты жақсы болмайтын тірлік. Лажы болса осыларға куәлік әперу үшін СПТУ-97-мен сөйлесіп, бұларға жағдай жасаудың жолын тап, – деді. Ертеңіне Бәйгеқұмға барып, СПТУ-97 директоры Ы.Нәлібаевпен сөйлесіп, колхоздан училищенің бір тобын аштық. Механизаторлар күндіз жұмыста болғанмен кешкі тамағын ішіп келіп, сабаққа қатысады. Сабақты бас инженерлер А.Ким мен С.Примбетов т.б. мамандар жүргізді. Сабаққа қатысуды, сабақтың өтуін бастықтың өзі жіті қадағалады. Сондықтан жұрттың ынта-жігері сабаққа зор болуының арқасында жыл аяғына дейін 50 адамды тракторист, шофер мамандықтары бойынша оқытып шығардық.
Мен шаруашылыққа көктемгі егістің, яғни, күріш егудің қызып жатқан кезінде барған екенмін. Бастық бір-екі қасына отырғызып алып, егін егіліп жатқан жерлерді бірге араладық.
Әнекеңнің негізгі мамандығы мұғалім болғанмен сөзіне, ісіне, жұртқа қойған талабына қарағанда шаруашылықта ысылған адам сияқты. Сөйтсем Әнуарбек ағамыз өз мамандығымен істеп жүрген кезінде республика партия ұйымының шаруашылықтарға жолдамамен 30 000 КПСС мүшесін жіберген кезінде Сырдария ауданының Абай совхозына барып, күріш егудің қыр-сырына қанығып, өзіміздің ауданда Қазақстанның ХХХ жылдығы совхозын абыроймен басқарып, Гигант колхозына келген кезі екен. Күрішті егу мен суға бастырған кезінде қадағаламасаң нәтиже күту қиын. Сондықтан, тынбай қадағалаймын дейтін. Күріш бас алып пісуге қарай бет бұрған кезде Жалғызағаштан бастап ХХХ жылдық совхозының сыртындағы тақырларға егілген күріш алқабын бірге аралап шықтық. Менің ол кісінің іскерлік, диқаншылық қасиетіне таң қалғаным, күріштік аралаған кездегі ол кісінің айтқан өнімі күзде дәл келетін. Сондықтан да ол кісінің алдында ешкім өтірік айта алмайтын. Күріш егісімен бірге мал шаруашылығы да жақсы дамыды. Мен барған кезде колхозда бастықтың мал шаруашылығы жөніндегі арнайы орынбасары Ж.Қонаев ағамыз екен. Бас мал дәрігері Х.Константин, бас зоотехник О.Молдабеков. Колхозда 30 000 аса қой, жылқы, тауарлы сүт фермасы бар болатын. Қой төлдету науқаны таудың арғы бетіндегі Ұшар т.б. скважиналардың бойында өтеді. Ол жерлерге іші өскен аналықтардың жетуі де қиын. 3-4 отарды бірге айдап, оған колхоз активтерін жауапты етіп бөліп, барғанша әр жерде тоқтап, қойларды жемдеп, шөп беріп зорға жететінбіз. Сол заманның бір ерекшелігі қарапайым еңбек адамында да, активте де қоғамдық еңбекке, қоғамдық мүддеге ұмтылыс зор болатын, ешкім қабақ шытпайтын. Сондықтан да мал шаруашылығында көптеген еңбек майталмандары тәрбиеленіп шықты. Қой шаруашылығында С.Жұманқұлов, М.Қосжанов басқаратын екі ферма болатын. Ә.Мәдиев, Ә.Қонарбаев, Б.Күзембаев т.б. көптеген шопандар төл алудан, мал басын аман сақтаудан озық еңбектің үлгісін көрсетті. Ә.Мәдиев орденмен және «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мал шаруашылығы қызметкері» атағын алса, Б.Өтегенов басқаратын тауарлы сүт фермасында А.Қазбеков, Б.Қиянбеков. Озат бақташылар болса, ферма сауыншылары А.Брик, Т.Хайранова, А.Қиянбекова, Ә.Ергешова, З.Бұлдыбеков озат сауыншылар атанды. Ә.Ергешова ВЛКСМ-нің съезіне делегат, З.Бұлдыбеков Қазақстан компартиясының съезіне делегат болды. Колхозда тәжірибелі механизатор кадрлары көп болды. А.Рейзвих, И.Моор, Б.Муханов, Ә.Мусабеков, Т.Күзембаев, М.Тұрманов, Р.Рысбеков, Т.Сейтов өздерінің қажырлы еңбектерінің арқасында ел құрметіне бөленді. Колхоздың негізгі бағыты күріш өсіру болғандықтан Ш.Молдабергенов, К.Құлымбетова, Д.Смайылова, Ш.Софья, К.Дюк, К.Валентин сияқты күріш дақылының майталман шеберлері өсіп шықты. Әнуарбек ағамыздың кадрларға талапшылдығы мен олардың өздеріне тапсырылған іске жауапкершілігін арттыруға бағытталған талаптарының нәтижесінде колхоздан К.Хван, О.Молдабеков, Ж.Бақторазов сияқты көптеген ел басқаратын азаматтар өсіп шықты. Ә.Бектегенов ағамыз бас бухгалтер ретінде колхоз басқармасының мүшесі ретінде өзінің тиянақтылығымен, ыждағаттылығының арқасында ел құрметіне бөленді.
Ә.Сапахов ағамыз өте қазақи қасиеттері, адамгершілігі мол азамат болатын. Өзбекстанның Янги-Юль облысынан Тұрсынбай қажының әулетін 1970 жылы түгел көшіріп әкеліп, оларға үй салуға 3500 сомнан жәрдем берді. Бұндай жағдай жасау ол кезде әркімнің қолынан келе бермейтін мықты қадам болатын. Көшіп келген ағайындардың бәрі конторға келіп өз жағдайларын айтып бастықтың алды босамайтын. Ағамыз бір ауыз сөзбен олардың конторға келуін азайтты. Өзбекстаннан көшіп келгендердің алғашқы легінде Т.Сүйіндіков, Шалабай деген ағайындардан бір жыл бұрын көшіп келген болатын. 1970 жылы жаңадан келген ағайындарға екеуі түс мезгілінде ерулік берді. Шайды аяқтап бола берген кезде бастық: – Бұл жақта күйе деген болады. Ол сандықтағы ақшаның жауы, ақшаны жүндей түтіп жегенді, бүлдіргенді жақсы көреді, – деді. Бәріміз бастық неге күйені әңгіме қылды деп таң қалып отырғанбыз. Асқа бата беріп, сыртқа шығып тұрғанымызда үйдің егесі келіп, бастыққа: – Әнеке, Ташкенттен көшіп келгеннің бәрі үйлеріне қарай жүгіріп кетті, – деді. Әнекең күліп отырып: – Күйені әдейі айтып едім, бәрінің сандықта ақшалары бар екен ғой. Күнде конторға келіп жұмыс істетпей жүр. Шынымен де содан кейін олардың жұмыс уақытында конторға келуі азайды.
Ағамыз аяқ астынан, ойламаған жерден ойына келгенін айтып қалатын. Кейде адамның ой-өрісін сынау үшін әдейі айтатын. Ұтымды, тапқыр жауап айтсаң риза болатын. Бірде гаражда жүрсем бастықтың хатшысы М.Сурина маған: – Саған бастық тез келсін деп жатыр, – деді. Барсам мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ж.Қонаев, бас бухгалтер М.Аязбаев үшеуі отыр екен. Бастық мен кірісімен бірден: – Есіркеп, ертең Бұлбұлда сауыншылар мен бақташылардың слеті болады. Базардан барып көген сатып ал. Мас болғандардың бәрін көгендейсің. Мен мас болсам мені де көгенде, – деді. Мен ойланбастан: – Әнеке, онда көгеннің үлкенін іздейтін болдық қой, – деп едім, бірден: – Шық, кет, – деді. Шығып бара жатқанда үшеуінің күліп жатқандарын естідім. Сөйтсем: – Өзіме де сауап. Көгеннің үлкенін ізде деп нем бар еді. Шәдібектің баласы сөз таппай қалады ма деп ойлап едім, өзімді қатырып кетті ғой, – депті.
Шағын ойтүрткіде ағамыздың жақсы қасиеттерін, ағайынға, кадрға қамқорлығын, адал қасиеттерін айтып жеткізу мүмкін емес. Ол заманның басты ерекшелігі бастық та, қарапайым еңбек адамы да өз мүддесінен қоғамның мүддесін жоғары қоятын еді. Соның арқасында қоғам ілгері жылжыды, кадрлар өсті, тәрбиеленді. Артында жақсы тірлігі бар, айтсаң ауыз толатындай саналы азаматтар өсіп шықты. Өткен ғасыр адамзат баласының тарихында өзіндік орны бар, адам факторын тәрбиені мақсат еткен, алып қоғамдық құрылыс дүниеге келіп, кеткен дәуір.
Алтын ғасырдың куәсіндей сол ғасырда ағамыз сияқты алып адамдар дүниеге келіп, өздерінің ерекше жаратылған болмыс тірлігімен адам санасында өшпестей із қалдырды. Өздері бақилық болғанмен сол кездегі істеген жақсы тірліктерін біз сияқты көзі көрген, бірге қызметтес болған адамдар айтпай ол кісілердің аруағы риза болмайды. Дүниеден кеткен жақсы адамдардың жақсы тірліктерін айту, келешек ұрпақ санасында олардың жақсы өнегелі, тәрбиелі істерін жаңғырту аға ұрпақтың міндеті. Ә.Сапахов ағамыз алтын ғасырдың алып адамы ретінде ұрпағымен мәңгі жасай бермек.
Есіркеп Шәдібеков,
зейнеткер.