Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдыздай аққан азамат

Жұлдыздай аққан азамат


Ұлы Отан соғысының барлық қайғы қасіреті мен ауыртпалығын басынан өткізген халықтың шаршаңқы көңіл-күйін, еңсесін көтеріп отыратын әртүрлі деңгейдегі ұйымдастырылатын көпшілік шаралардың әсері айтарлықтай еді уақытында. Соғыстан кейінгі жылдары тоқыраған шаруашылық,халықтың әлеуметтік жағдайының ауырлығы адамдардың еңсесін басып, болашағын бұлыңғыр ететінді. Міне осындай қиын кездерде кеңестік идеология ел-елде,жер-жерде түрлі мәдени-спорттық,дәстүрлі-ұлттық көпшілік шаралар ұйымдастыратын. Бұл таң азаннан қара кешке дейін далада белжазбай еңбек етіп жүрген жұрттың көңіл-күйін көтеретін.Рухын оятатын. Сондай шаралардың бірі әрі бірегейі, әр жылдың 8 қараша күні Шиелінің теріскей бетінде, Қаратаудың соңғы сілемдеріне жақын орналасқан «Шәулімшіде» өтетін ат бәйгесі еді. «Шәулімше» созылып жатқан төбе, бәйге өткізуге де, қатысқан адамдардың көруіне де, қызықтауына да өте қолайлы жер.
Көп жылдардан бері ауданда мұндай жан-жақты ұйымдастырылған шаралар болмағандықтан оны көруге әркімде ынталы еді. Өйткені ол күні тек бәйге ғана емес, бір жерде көпшілікке сауда қызметі жасалып жатса, бір жерде қазақ күресінен жарыс өтіп, бір жерде аудан өнерпаздарының концерті болып жататын.
Дәстүрге айналып келе жатқан осы мерекені біздің ауылдың үлкендері де асыға күтетін. Енді-енді есін жиып келе жатқан елдің бірлі жарымының ғана мініс аттары болатын.
Қазақы қасиет қой жарықтық. Өздерінің жөнді ішіп-жемі болмаса да, бір ат ұстап, соның қас-қабағына қарап, ертелі кеш үстін тарап, бәйгенің алдында оншақты күн суытып, додаға дайындайтын. Ертелі кеш атқа қарап жүрген меніңде құлағым елеңдеп, сенде барасың дегенді естігім келіп жүрді. Үлкендерден талай естіген ол қызықты көру, бір ғанибет сияқты еді. Ұмытпасам 1957 жыл болуы керек, «Шәулімшідегі» тойға менде бардым. Бәйге болатын күннен бір күн бұрын Ыбырай әкем, менің әкем, Нысан көкем, Әлиакбар ағам, тағы да екі- үш атты ертіп шықты. Бәрін ұйымдастырып жүрген Алиакбар аға. Барғасын Бимақтың үйіне түсеміз деп әкемді хабардар еткені де әлі есімде. Есейген соң білдім, менің әкемнің әкесі Оразымбет, Әлиакбар ағаның әкесі Әбіш, Бимақ ағаның әкесі Ермағанбет туысқандық жағынан немере болып келеді екен. Бимақ аға ол кезде Еңбекші ауылында тұратын. Еңбекші Қаратауға ең жақын орналасқан ауыл. Бұрын көздің ұшында сағым сияқты көрінетін тау, қол созым жерде тұрғандай көрінді. Таудан ескен самал желде, күн ұзаққа жолда жүріп шаршағанымызды басқандай болды. Екі-үш жігіт үлкендерді аттан түсіріп бәйек болып жатыр. Менің қасыма бір бала келді. Осы үйдің баласы екен. Жас шамасы менімен қатар-ау деп ойладым. Бірақ дене бітімі бөлектеу, ірілеу екен. Таныстық, есімі Шәмен. Мен Шәменмен осылай қасиетті Қаратаудың етегінде, күн шырайланып батып бара жатқан періште шағында таныстым, туысқаным екенін білдім. Ауылға Ыбекең бастап қонақтар келді дегенді естіп сол ауылдың Байдүйсен, Байтілес бастаған үлкендері келіп туысқандарымен түн ортасы ауғанша әңгіме дүкен құрып, бір масайрап қалды. Осы отырыстың өзіде бәрімізге ертеңгі болатын үлкен тойдың алдындағы сағылағандай әсер етті. Бірінші рет кездескенімізбен Шәмен екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Оның ашық жарқын мінезі, ойын бүкпесіз айтатын батылдығы, ешкімді жатырқамайтын қасиеті бар екені сол бала кезінен-ақ байқалды. Үлкендердің әңгімесін тыңдап отырып, арасында сыртқа шығып әңгімелесеміз. Күздің соңғы айының ызғары қайтадан үйге кіруге мәжбүрлейді. Не керек ертеңіне Шәулімшедегі бәйгені бірге қызықтап, біз кештетіп ауылға қайттық.
Біз одан кейінде «Шәулімдегі» бәйгеге екі-үш рет бардық. Үлкендер кейде басқа туысқандарының үйіне түсіп жатса да, мен айдап Шәменнің үйіне баратынмын. Екеуміз шүйіркелесіп әңгімелесіп, ауыл балалары жөнінде, кейде өзінің күресі жөнінде маған есеп беріп отыратын. Оның бойында бір ұнатқан адамын дархан жүрегімен, бала пейілімімен жақсы көретін қасиеті бар екен. Осыдан кейін сенің де оны жақсы көрмеуің, сағынбауың мүмкін емес еді.
Ол өз замандастарының арасында тек палуан денесімен, зор күш қайратымен ғана емес, жақсы адами қасиеттерімен де өзінің шоқтығы биік азамат екенін көрсете білді.
Мектеп бітіргенен кейін барлық жастар секілді арман қуып мен – Алматының ауыл шаруашылық институтына, ол – Жамбылдың гидро институтына түсіп мамандық алып шықтық. Осы кездері екеуміздің кездесуіміз сиректеу болғанымен, оның күреспен айналысып, Жамбылдағы айтулы палуандардың біріне айналғанын естіп, қуанып жүрдім. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары ауданымызда бұқаралық спорт қарқынды дамыды. Әр ауылда спорттың футбол, волейбол, баскетбол, қол добы секілді түрлерінен өз командасы болатын. Ауданда өтетін жарыстың барлығына Коммунизм колхозының спортшыларын Шәмен басқарып келетін. Оның ұйымдастырушылық қасиеті осы кезде анық байқалды. Сол жылдары ауданымызда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атында қазақша күрестен облыстық деңгейде жарыс өтіп тұратын.
1973 жылы «Қайрат» ерікті спорт қоғамы осы жарысты белгіленген мерзіміне 3-4 күн қалғанда өткізуге қаражат жоқ деп айнысын. Облыстың барлық аудандарына хабар беріліп қойылған. Жұрт Шиеліге жарысқа барамыз деп дайындалып жатыр. Шәмен намыстанып жарысты өзіміз «Қызылту» колхазында (қазіргі Жақаев ауылы) өткіземіз, барлық сый-сияпатты өзіміз дайындаймыз, қаржысын өзіміз табамыз деп, екеулеп облыстық жарысты жоғары деңгейде өткіздік. Шәмен ауыр салмақта да, абсалютты салмақта да бірінші орын алып, чемпион атанды. 1920 жылдың 30 желтоқсаны Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрылған күні. Осы айтулы күннің 50 жылдығына орай, Қазақстанның күрес федерациясы Көкшетау облысының Қызылту ауданында қазақша күрестен Республиканың ашық біріншілігін өткізеді. Осы жарысқа Шәмен облыстың құрама командасы сапында болып ауыр салмақта да абсолютты салмақта да бірінші орын алып, чемпион болып қайтты. Сол кездерде оның аудандарда, облыста өткен жарыстарда бір де бір рет жеңілгенін көргенім де, естігенім де жоқ. Ол облыс спортшыларының көш басшысы еді. «Жас кезінде елге еңбегі сінген, елдің аузында жүрген, бірақ мезгілсіз дүниеден өткен арыстарын халқымыз оған деген ерекше ілтипатпен жұлдыздай ағып өтті» деп жатады. Шәмен де бұл дүниеден жұлдыздай ағып өткен азамат. Тек жерлестері ғана емес, ауданның жастары, облыстың палуандары да оны ерекше жақсы көрді. Оның ақ сары жүзінде рия­­сыз күлкісі адамдарды еріксіз өзіне тартып тұратын еді. Жастығына қарамастан аудан басшылары оған үлкен сенім артып, аудандағы ең үлкен ПМК-31 мекемесінің бас инженері қызметіне тағайындады және одан үлкен үміт күтті. Өйткені, оның іскерлігі, қайбір жұмыста болмасын қарымы белгілі бола бастаған кез еді.
Амал не? Сұм ажал оны арамыздан ерте алып кетті. Біз өзімізді өзіміз жұбатып Аллаға да жақсы адам керек, сосын алып кеткен шығар деп жатамыз. Мүмкін солай да шығар...
Шәмен көзден кеткенімен, көңілден кеткен жоқ. Оның туысқанға деген бауырмашылдығы, достарына адалдығы, спортқа жан-тәнімен берілгендігі әлі ұмытылған жоқ. Жұрттың жадында. Жас кезінде үлкендердің осы ағайын атадан жалғыз келеді деп алаңдаушылық танытып отырғанын естігенмін. Қазір құдайға шүкір, Шәменнің бір ұлы, екі қызынан тараған ұрпақ қалың елге айналып келеді. Орнында бар оңалар деген осы, ағайын. Сол ұрпаққа Шәмен атасындай елге сыйлы өз замандастарының алды болсын деп тілеймін.
Дүниеден өткеніне біраз уақыт болса да Шәменнің шаңырағын шайқалтпай, ұл-қыздарын әкелерінің атына лайықты етіп тәрбиелеп, әр қайсысын бір-бір үй етіп, бүгінде өзі қара шаңырақтың шырақшысындай болып отырған Марияштың еңбегі зор.
Әр немересінің әже деп мойнына асылғаны, кезінде көрген көп қиыншылықтарды сәл болса да жеңілдеткендей, ұмыттырғандай. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы шығар, сірә. Лайым солай болсын.

Сұлтанбек Қойшыбайұлы,
ауданның «Құрметті азаматы»
29 мамыр 2021 ж. 471 0