Сыр елінің сый тартуы
Биыл Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласына 200 жыл. Қойнауы құтқа тұнған, Сыр Алаштың қарт анасы осынау жылдарда жанданып, жаңғырып, жасара түсті. Қазақ елінің бас қаласы Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген тарихи мерекені барша халық бірге тойламақ.Себебі, бұл қарапайым мереке емес, бұл - тарихқа тағзым, болашаққа бағдар.
Жыл басынан бері айтулы мерекенің шымылдығын түрген түрлі шаралардың куәсі болып келеміз. Нақтырақ айтар болсақ,әртүрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шаралар, облыс көлемінде2 халықаралық, 2 республикалық, 3 облыстық және 20 қалалық шаралар ұйымдастырылды. Ал, алдағы уақытта Сыр жұртшылығын қандай сый күтіп тұр, бағдарлап көрелік. Қазақылықтың қайнары, Сыр елінің әкімшілік және рухани орталығы саналатын Қызылорда қаласы – небір тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен, талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы десек жаңылмаймыз.Қойнауында Сырдариядай шалқары, Аралдай көлі, барханды шөлі бар, топырағы құнарлы, ырысты, күрішті аймақтың дала төсінде дүбірлете той жасап, бәйге шауып, көкпар тартуға қауқары бар.
Енді сөзімізді мерекелік шаралар тізбегімен ұштастырар болсақ, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында қала әкімдігіне қарасты Тасбөгет кентінің 70 жылдығы, «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбымен облыстық әдеби жыр марофоны өткізілсе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да үлесін қосу мақсатында «Өнерім саған, Қазақстан» атты облыстық фестиваль, дәстүрлі облыстық еңбек форумы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жомарт жандардың аялы алақаны «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топ өкілдерін толықтай қамтып, 2000-ға жуық отбасы мүшелерінің басынан сипауға мүмкіндік туғызды.
Ағымдағы жылы Арқа төсінде бас шаһардың 20 жылдығы тойланса, Тұран төрінде 200 жылдық мерейтойдың атап өтілуі мерейімізді үстем етпесе кемітпесі анық. Сол жағалауын Сырдың әсем шаһарына айналдырып, ақылды қаланың ауылын жақындатқан Қызылорда қаласының келбетіне көз тоймай қарайсың. Күннен-күнге қарыштап, қаланың дамуына үлес қосқан мамандарды елеусіз қалдырмау мақсатында алдағы уақытта жұмысшы мамандықтар арасында «Үздік маман 2018» облыстық байқауы ұйымдастырылып, «IMAQORDA» технопарк жобасының ашылу рәсімі өтеді. Сонымен қатар, мереке қарсаңында жеке кәсіпкерлердің есебінен жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени объектілердің де ашылу салтанаты болады. Ал, спорт жарыстарын және түрлі жастағы санаттар үшін сауықтыру – іс-шараларын қамту мақсатында «Алыптар шықты айқасқа» түйе палуандар сайысы, «Сыр тұлпары» бәйге түрлерінен ат жарысы да өтпек.
Одан әрі, қаланың бірнеше аумағында тұрғындарға арналған төмендетілген бағамен ауыл шаруашылық өнімдерінің облыстық жәрмеңкесі ұйымдастырылса, Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласының 200 жылдығының негізігі шаралары өтетін 28-қыркүйек күні орталық деңгейдегі басшылардың қатысуымен «Сыр Ана» монументінде «Этноауыл» фестивалі ашылып, «Сыр сүлейлері» аллеясында «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» фестивалі өтті. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 16 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық бала бақшаның құрылысын пайдалануға беру салтанатты шарасы осы күні жалғасын тапты. Айтулы мерейтойға арналған осы күнгі шаралар орталық алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Қос ғасыр куәсі – Қызылорда» атты гала концертпен қорытындыланды.
Иә, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, сәні мен сәулеті келісті сырбаз қалаға айналды. Осы орайда, оқырмандар назарына сұлу Сырдың бойында орналасқан Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында өтетін шаралардың нақты уақыты мен өтетін орны көрсетілген кесте «Өскен өңір» газетінің osken_onir.kz сайтында жарияланғанын айта кеткенді жөн көрдік. Мерейлі мереке құтты болсын!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.