Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НАУРЫЗ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ АҚМАЯ

НАУРЫЗ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ АҚМАЯ

Наурыз тойы – еліміздегі басты мерекенің бірі. Халқымыз нау­­­­рыз мерекесін әлімсақтан ерекше бағалап, ықыласпен күтіп, шынайы көңілмен тойлауды дәстүрге айналдырған. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында табиғат-ананың қайта жаңаруын жыл басына балаған. Осынау жаңару мен жаңғырудың символына айналған мерекені Ақмая ауылының тұрғындары кең көлемде атап өтті.
Бүгінде түбі түркі жұртының төл мейрамы – Наурыз халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына айналып отыр. Жалпы Наурыз мерекесі – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім сұрау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады.
Ауылдың кіре берісінен бастап ұлттық мерекенің исі аңқып тұр. Орталық алаңға жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтарды мерекелік думанның басталар сәтін тағатсыздана күтіп, бірін-бірі айтулы мейраммен құттықтап, жылы лебізін білдіруде. Сайдың тасындай қатар тізілген киіз үйлер ұлттық мерекенің көркін одан әрі еселей түскен. Ауыл халқы мәз-мейрам. Үстіне ою-өрнекпен әспеттелген көйлек, басына сәукеле киген бойжеткендер алтыбақан теуіп, балалар асық ойнап, қолөнер бұйымдарының көрмесі шараға көрік берді.
Ақмаядағы әз-наурыз тойына Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков пен Өркен ­Исмаил, Садық Ермағанбетұлы сынды ардагерлер, облыстық мәслихат депуттары қатысты.
– Ардақты ағайын, қадірлі ауыл тұрғындары! Баршаңызды ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні тіршілік оянып, күн мен түн теңеліп, табиғат-ана жасарып, жаңарып, ерен еңбектің думаны басталады. Адамзат баласы сағынышпен қауышып, өкпе-реніштерді ұмытып, бір-біріне жылы лебізін білдіріп, өсіп-өнуін тілейді. Адамгершілік пен татулықты паш ететін әз-Наурыздың қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөлі орасан зор. Еліміздің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық алып келсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!, – деді аудан әкімі.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар ­аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, мәртебелі мінберден көрінді. Жиылған жұрт одан әрі ауыл өнерпаздарының мерекелік концерттін тамашалады.
Мерекелік жиында ақмаялықтар ұлттық спортты да ұмыт қалдырмады. Тәрбиелік мәні зор ойындар ұлықталды. Жиылғандар жас ерекшеліктеріне қарай қолкүрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру сияқты түрлі ­сайыстар ­бойынша өзара сынға түсті, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу ғана емес, оны тірілту мейрамы. Жыл басы игі тілек, оң талпыныспен басталса, аяғы да табысты болады дейді ата-бабамыз. Ендеше әз-Наурызды ізгі ниетпен қарсы алайық. Көктемнің шуағымен келген ұлыстың ұлы күні әр отбасына шаттық, мол ырыс, ынтымақ алып келсін!

Мейіржан Ибрагимов
23 наурыз 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031