БАҚ-БЕРЕКЕМ, ҚҰТ МЕКЕНІМ – ӘЗ НАУЗЫР
Күн мен түннің теңесіп, жаңа күннің келер басы – Наурыздың табалдырықты аттайтын сәтіне де санаулы күн қалды. Түбі бір түркі жұртының төл мейрамы Наурыз – ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы.
Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның бар болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен». Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезініп, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.
Наурыз көже – ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде ол наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле береді. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер, қазы, қарта, шұжық та қосылады.
Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланады. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмайды. Наурыз мерекесінде жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады.
Шиелі аудандық архивінің архивисі А.ЕСЕНОВА