Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыс күніндегі ұлы іс

Ұлыс күніндегі ұлы іс

Наурыз – Иран және мұсылман түркі халықтары ықылым замандардан жыл басы ретінде тойлап келе жатқан ескі мереке. Әз-Наурыз – алты ай қыс артынан жер-жаһанға жан бітіріп, тіршілік тынысын кеңітетін жарқын күн. Бұл күн – жаңарған табиғатпен бірге өміріміз, жан дүниеміз жаңғыратын күн, ой-ниетіміз бен жүрегіміз тазаратын күн.

Бұл – кешірім мен түсіністіктің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Осы күні табиғат пен қоғамда ұлы өзгерістер орын алып, теңдікке, жақсылыққа, жаңаруға қарай қадам жасалады. Сондай-ақ күн мен түн, қыс пен жаз бір-біріне теңеліп, табиғи күштер өзара үйлеседі. Алты ай қыс артынан жер-жаһанға жан бітіп, тіршілік тынысы кеңиді. Әз-наурыз қытымыр қысты ығыстырып, жаңа күннің жарығы мен жылылық лебін ала келеді. Бай мен кедей теңеліп, құл құрықтан, күң сырықтан құтылады. Осындай жаңа жылдың бастауын игілікті іспен өрбітетін қазақ халқы дәстүрден жаңылған емес. Мәселен, ақпан айында тілсіз жаудан жапа шеккен Жақаев ауылының тұрғыны Рауза Байділдаеваның отбасындағы ауырпашылығына ортақтасып, көңіл білдірген облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Есқалиева мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы ­Рысдаулет­ Құдайбергенов, облыстық Статистика департаментінің басшысы Мариям ­Баекеева мен аудандық Статиска бөлімінің басшысы Айтбай Жандарбеков наурыз мерекесі қарсаңында қайырымды істің ұйытқысына айналды. Сонымен қатар №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектеп директоры Жеңіскүл Рыспембетова, бас­тауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ­Бауыржан Дәуімбаев, кәсіпкерлер Досжан Дәркейұлы мен Ғазиз Охапов та игілікті істің басынан табылды. «Жақсының жақсылығын айт» деген дана қазақ қол ұшын созғанды ұмытқан емес. Бүгінгідей қысылтаяң мезетте індетпен күресіп қана қоймай сауапты іс жасап, амалын арттырған жомарт жандарға Алланың нұры жауары сөзсіз. Бір отбасының шаңырағын өрт жалмаған сәтте ауыл ақсақалдары да қарап қалмасы анық. Ішіндегі жандардың амандығына шүкірлік айтқан Жақаев ауылының ақсақалы Нұрлан Махмудов, ауыл имамы Ораз Мысырханұлы, ауыл төрағасы Оразмахан Абдуллаев, Сейітқали Ділімбетов, Рсалды Жайлаубаева, Бердәлі Майкотовқа қарап жақсы адамдардың барына тағы да көзіміз жеткендей. Қолдан келсе көмек қолын созғанға не жетсін? Бүкіл әлем тәжтажалмен арпалысып жатқанда сауапты іс жасап, амал жиған да жөн шығар. Баспанасынан айырылып, өзін күйік шалған Р.Байділдаеваның бұл жомарт жүректі жандарға айтар алғысы да шексіз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИ


28 наурыз 2020 ж. 1 002 0