Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз қандай ай?

Наурыз қандай ай?

Қаһарлы мінез қыстан кейін жер жаһанға жан бітіріп, күллі тіршілік атаулысын ұйқысынан оятатын, адамзаттың ішкі дүниесін жаңартып, ой-ниеті мен жүрегін тазартатын ай – наурыз. Қазақылықтың көрінісін бейнелеп, еске салып қана қоймай, сананы жаңғыртатын күндер нақ осы айдан бастау алады. Нақтылайтын болсақ, наурыз – нағыз қазақтың айы.
Теңдік. Жаңару. Жақсылық. Бұл наурыз айына тиесілі сөздер. Бұл күні қоғам мен табиғатта ұлы өзгерістер орын алып, жақсылыққа, жаңаруға және теңдікке тәй-тәй басады. Наурыз – күллі түркі тілдес қауым үшін жыл басы болып есептелетін бірінші ай. Көне жұлдыздық есепте оны «үт» деп атапты. Оның да өзіндік себебі бар. Байырғы бабалар «Үт кірді, үсік шықты» деп наурызда ауа-райының жылынатынына қатты қуаныпты.
Бұдан бөлек қараша халық «Нау­рыз айының он бес күні құдайдікі, он бес күні кедейдікі» дейді. Неге десеңіз, наурыздың алғашқы жартысында ауа райы аумалы-төкпелі, қалған екінші жартысында күн жылынып, қыстан қысылып шыққан кедейге кеңшілік болады екен.Наурыз – қытымыр қысты артқа қалдырып, жаңа күннің жылы лебі мен жылулығын әкеледі. Бай мен кедей тең болып, құл құрықтан, күң сырықтан құтылады. Қысқы аппақ шапанынан арылған Жер-Ана бусанып, көк басы қылтиып, артынша мал төлдеп, бар дүние жаңара бастайды. Соған сай адамдар да рухани тазарып, ескі-құсқыдан құтылып, жаңа киімдерін киеді. Келер көктемнің алғашқы күнінен-ақ таң шапағын таза ниетпен, ақ тілекпен қарсы алып, осы күнді көрсеткені үшін шүкіршілік етіп, алғаусыз алғысын жеткізеді. Қала берді іштей өткеніне есеп беріп, келер күнге жақсы тілек айтады. Себебі, нау­­рызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген сенім бар. Мұнымен қоса ел ағалары араз ағайын мен өкпелі бауырларды дастарқан басында татулас­тырып, табыстырады.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бұл айда бір топ жігіт қаумаласып, бұлақ-бастаулардың көзін ашса, ал үлкендер жағы «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп бұлаққа май, өсімдікке ақ құяды. Осылайша табиғаттың өсіп-өнуіне барынша жағдай жасалады. Сөйтіп табиғаттағы тепе-теңдік, жаңару, жақсылық табиғат пен барша адамзат жүрегінде орнап, елдік рух көтеріліп, халық бірлігі бекиді, берекесі артады.
Наурызда күн мен түн теңеліп, жұлдыздар теңеседі. Яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орнығады. Сол уақытта есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде бұл күні жер-көкті жарып ерекше дыбыс естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді-мыс. Осы күні бүкіл табиғатта, тіршілік иесінде, өсімдік, жан-жануарда ерекше сезім оянып, айрықша күш-қуат, рахман нұры құйылады. Соны білген халық «Әз болмай, мәз болмайды» деп ­нау­­рызды асыға әрі ерекше үмітпен тосқан.
Бұрнағыда әз-наурыздың келгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқапты. Мәселен, наурыздың он төртінде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады. Ал тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты «мәриям шөп» деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген түсінік бар.Тағы бір ерекшелік, этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіптің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде «Күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кей елдерде күн мен түннің теңелгенін дәл осы құбылыстан біледі екен. Ахметше айтсақ, «Наурыз – қазақша жыл басы. Біздің жаңа жылымыз – наурыз көктемнің алғашқы айының басындағы болсын, ортасында болсын, әйтеуір қай күні келсе де, шын мағынамен жаңа жыл деп айтуға лайық» деген екен.
Енді бастапқы ойға оралсақ, наурыз – нағыз қазақтың айы. Бұл айда қазақтың болмысын айшықтайтын барлық жөн-жоралғылар жасалады, қайта жаңғырады. Алғыс айтумен бас­талатын наурыз айының орны ерекше әрі мазмұны терең.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

03 наурыз 2020 ж. 971 0