АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ АЙНЫМАС ҮЛГІСІ
Кез келген ұжымның берекесі – өз ісіне адал, жүрегі мейірімге толы жандар. Мұндай адамдардың еңбегі кейде көзге көп түсе бермегенімен, олардың атқарған ісі әрдайым сезіліп тұрады. «Өскен өңір» газетінің ұжымында да осындай қарапайым болмысымен көпке сыйлы, адал еңбегімен құрметке бөленген жан бар. Ол – Гүлнар Нұрекеева.Гүлнар Нұрекеева 1966 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Туған жердің қарапайым тіршілігін көріп өсіп, жастайынан еңбекке бейім болып қалыптасты. Білімге құштар қыз мектеп қабырғасында да алғырлығымен ерекшеленіп, 1979-1983 жылдары М.Ломоносов атындағы №47 орта мектепті жақсы аяқтайды.
Арман қуған жас ару білімін одан әрі жалғастыру үшін Алматы қаласына аттанып, 1984-1987 жылдары полиграфия училищесінде оқиды. Бұл – үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін мамандық. Баспа ісінің қыр-сырын меңгерген жас маман оқуын тәмамдаған соң еңбек жолын Қызылорда қаласындағы баспаханада бастайды. Мұнда бір жылға жуық тәжірибе жинақтап, кәсіби жолының алғашқы баспалдағын нық қадаммен бастайды.
Кейін туған жеріне оралып, Шиелі аудандық «Өскен өңір» редакция баспаханасында әріп теруші болып қызмет етеді. Ол кезде бүгінгідей компьютер арқылы терілетін жеңіл жүйе жоқ, мәтіндер қорғасын әріптер арқылы терілетін кезең еді. Әр әріпті қолмен орналастырып, жол-жолымен түзеп шығу – үлкен төзімділік пен ұқыптылықты талап ететін жұмыс.
Сол кезең туралы кейіпкеріміз былай деп еске алады:
– Біздің кезімізде газет беті қорғасын әріптермен терілетін. Әр әріпті қолмен қойып, қате кетпесін деп мұқият қарайтынбыз. Жұмыс ауыр болғанымен, оның өз қызығы бар еді. Дайын болған газет бетін көргенде ерекше қуанып, өз еңбегіміздің жемісін сезінетінбіз, – дейді ол.
Жылдар өте келе баспа саласына жаңа технологиялар еніп, жұмыс жүйесі де өзгерді. 2005 жылы ол «Өскен өңір» газетіне ауысып, оператор қызметін атқарды. Газет жұмысының қарбалас тіршілігіне араласып, аудан жаңалықтарының халыққа жедел жетуіне өз үлесін қосты.
Бүгінде ол редакцияның тазалығына жауап беріп жүргенімен, ұжымға деген жанашырлығы мен жауапкершілігі бұрынғыдай сақталып келеді. Таңертең жұмысқа келген әріптестері алдымен таза әрі жинақы бөлмені көреді. Мұның бәрі – Гүлнар апайдың күн сайынғы адал еңбегінің нәтижесі.
Көктемнің шуағымен бірге келетін 8 наурыз – әйел-аналарға, нәзік жандарға құрмет көрсететін ерекше мереке. Осындай мереке қарсаңында Гүлнар Бәкірқызы секілді адал еңбегімен ел құрметіне бөленген жандардың еңбегі ерекше атап өтілуі заңдылық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







