Жылыжайдан табысқа дейін...
Ауыл – әрбір адамның еңбегі мен табандылығын сынайтын ерекше орта. Қарапайым көрінгендей, бірақ бұл жерде тіршілік – нақты жауапкершілік, мейлінше төзімділік пен үмітті қажет ететін кәсіп. Осындай ауыл тіршілігінің ортасында өз кәсібін ашып, топырақтан табыс тапқан азаматтың бірі – Еңбекші ауылының тұрғыны, кәсіпкер Бақытжан Мырзахметұлы. Оның жылыжай кәсібіне келуі – қызығушылықтан кәсіпке дейінгі шыңға жеткен ұзақ еңбек жолы.Кейіпкеріміздің жылыжайға қызығушылығы кездейсоқ пайда болған жоқ. Жермен жұмыс істеп, өсімдіктердің өсіп-жетілгенін көріп, өз қолының нәтижесін сезіну – оны бұл салаға тартты. Алғашқы қадамдары қарапайым қызығушылықпен басталса да, кейін бұл ниет нақты мақсатқа ұласты. Жылыжайды шағын ғана кәсіптен тұрақты әрі тиімді бизнеске айналдыру.
– Жылыжай кәсібін бастауға алдымен қызығушылық болды, екіншіден осыны үлкен кәсіпке айналдырамын деп мақсат қойдым, – дейді кәсіпкер өз тәжірибесін бөлісіп.
Қазіргі таңда Б.Мырзахметұлының жылыжайының жалпы көлемі 330 шаршы метрді құрайды. Мұнда негізінен қияр өнімдері өсіріледі. Әр көшетке жеке күтім жасалады.Суару, тыңайтқышпен қоректендіру, температура мен ылғалдылықты бақылау – күнделікті жұмыс аптасы. Осы ұқыпты еңбек нәтижесінде бір маусымда орта есеппен 1 тоннаға жуық қияр жиналады. Бұл өнімдер аудан орталығындағы базарларға алдын ала тапсырыспен жеткізіледі. Себебі сапалы әрі жаңа піскен қияр әрқашан сұранысқа ие.
Ол үшін басты артықшылық – өнімді ерте мерзімде шығару. Ерте шыққан өнім нарықта жоғары бағаланып, кәсіптің тиімділігін арттырады. Бұл мақсатта кәсіпкер мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланды. Ол қайтарымсыз грантқа қатысып, жобасын қорғап шықты. Нәтижесінде Мансап орталығының грантын жеңіп алып, қиярды ерте өндіру жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Гранттан түскен қаражат жылыжайдың жағдайын жақсартуға, құрал-жабдықтарды жаңартуға бағытталды.
Дегенмен, жылыжай ісі әрқашан табыс қана әкелмейді. Оның ең күрделі мәселелерінің бірі – жылу жүйесі. Әсіресе қыс пен ерте көктемде жылыжайдағы температураны тұрақты ұстап тұру үлкен шығын мен техникалық білімді талап етеді. Бұл мәселе әлі толық шешілмеген, десек те кәсіпкер үмітін үзбейді.
– Мұндағы ең қиын мәселе – жылу жүйесі. Және де ол өкінішке қарай әлі де шешілмей тұр. Оңынан болар бәрі, – деді бір сөзінде.
Бүгінде бұл кәсіптің табысы мен шығыны шамалас. Яғни, таза пайда әлі аз, бірақ тәжірибе жинақталып, жүйелі еңбек арқылы кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік бар. Кейіпкер үшін жылыжай – тек ақша табудың жолы ғана емес, өмір мектебі. Ол жастарға жылыжаймен айналысқысы келетіндерге үш нәрсені ерекше атап өтеді: еңбекқорлық, агротехникалық сауаттылық және қаржылай қолдау. Мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар кәсіпті бастауға үлкен демеу болатынын ол өз тәжірибесімен дәлелдеп отыр.
Ауылдағы шағын жылыжайдан басталған бұл жол – үміт пен табандылықтың символы. Бүгінгі қиындықтар ертеңгі тәжірибе, ал тәжірибенің жемісі алдағы уақытта мол несібеге айналатыны анық. Осындай еңбекқор адамдардың арқасында ауыл тіршілігі дамып, елдің болашағы да баянды болады. Бақытжан Мырзахметұлының жолы – қызығушылықтан кәсіпке дейінгі нақты өмірлік үлгі, ал оның тәжірибесі ауылдағы әр жас кәсіпкерге шабыт берері сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







