Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылыжайдың шаруасы жайлы

Жылыжайдың шаруасы жайлы


Ауданда жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде мұнда ірілі-ұсақты бірнеше жылыжай бар. Соның арқасында жергілікті тұрғындар көкөніс, бау-бақша өнімдерімен толық қамтылып келеді. Кентте жылыжай салып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Мадина Ергешова. Жылыжай егелері көктем шыға салысымен қияр, қызанақ, ас көк, ақ желкен, көк пияз, салат жапырақтарын қолжетімді бағамен саудаға шығаруда.

Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны түсінген жергілікті шаруалар аталған салаға бет бұра бастады. Мадина Ергешова кәсібін 3 жыл бұрын бастаған. Өз қаражатымен бастаған ол алғашында көптеген қиыншылықтарға, кедергілерге тап болып, бір жылдан кейін барып, бір ізге түсе бастаған. Қазіргі уақытта еңбегі жанып, жұмыс біртіндеп табыс әкелуде. Себебі, табиғи, сапалы көкөніс өнімдеріне сұраныс қашанда жоғары.

Жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Бүгінде шаруашылық иелігінде 5 соттық жері бар. Кәсіпкердің басты мақсаты тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы жылыжайда көкөністер өсіру, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы табиғи және технологиялық ресурстарды тиімді пайдалану болып отыр. Шаруашылық көкөністерді өсіріп, наурыз айының басынан бастап қиярдың алғашқы өнімін алған. Сол уақыттан бері күнара 600 кг қияр өнімін алып, сатылымға шығарады. Бұл өнімнің түрін тамыз айының соңына дейін жинайды.
Жылыжай иесі Корей елінен поликарбонат материалын әкеліп, жылыжай салған. Жуырда Мадина Ергешова «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4 миллион теңге несие алып, жылыжайдың жылу жүйесін жөндеп оны кеңейтуді мақсат тұтуда. «Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдім. Барлығының шығымы жақсы. Қызанақты да өсіремін. Алда жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту ойда бар. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой», – дейді еңбекқор жан.
Мадина Ергешова «Алаған қолым - береген» деген қағиданы берік ұстанатынын сөз арасында жеткізді. Бизнестің бұл түріне деген қызығушылық кәсіпкердің бойына әкесінен дарыған деуге болады. Бала кезінен қарапайым отбасында өскен қыздың ата-анасы шаруа адамы болған. Анасы Кеңес одағы кезінде озат сауыншы болып, алақанында қара жұмыстың табы қалған. Сондықтан кәсіпкеріміз бала кезден еңбектің ащы дәмін татқандықтан болар, үздіксіз ізденістен жалыққан емес.
Ауданда кәсіппен айналысам деуші азаматтарға әрқашанда қолдау көрсетіліп отыр. Болашақта өзінің кәсібін жоғары деңгейге дейін көтеріп, ауқымын кеңейтуге ниетті. Кім? Қайдан? Қашан береді? деп алақан жайып отырмай, қолынан келген кәсіппен айналысып, пайдасын көріп, ел алғысына бөленуге талпынған адамның қолынан келерін тағы бір дәлелдей түскендей. Олай болса, жұмыс сұрап, табалдырық тоздырғанша, өз бетімен еңбек етіп, күн көруге ұмтылатын уақыт жеткен сияқты.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
16 сәуір 2019 ж. 2 090 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930