Қызылордада испаниялық технологиямен қызанақ өсіретін жылыжай іске қосылады
Қызылордада испандық жаңа технология бойынша жұмыс істейтін жылыжай құрылысы жақын арада ел игілігіне айналатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жылыжай толық автоматтандырылған. Аумағы 2 гектарға жуықтайды. Онда жылына 900 тонна қызанақ өсіруге әбден болады. Жобаның құны - 1 млрд 100 млн теңге. Жылыжай кешені компьютермен басқарылады. Оның экологиялық жағдайы халықаралық стандартқа негізделген.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы көкөніс өнімдерін сырттан тасымалдайды. Сондықтан оның бағасы біршама қымбат болып жатады. Қыс айларында Қызылордаға көкөніс өнімдері көршілес Түркістан облысынан тасымалданады.
«Біз мұнда қызанақ егеміз. Одан мол өнімге негіз қалаймыз деген үміттеміз. Жылыжайда 30-ға жуық адам еңбек ететін болады. Жаңа технология бойынша жұмыс жасауды Испаниядан келген Серхи Молина үйретеді. Ол бір жыл бойы жергілікті мамандарды дайындайтын болады», - деді «КазАгроМир» ЖШС директоры Ғани Алматов. Қаржы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алынған.
Жылыжай ақпан айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
www.inform.kz