Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛҒА ТІРЕК БОЛҒАН АМАНАТ

АУЫЛҒА ТІРЕК БОЛҒАН АМАНАТ

Көктемнің салқын самалы бетке тиіп, күн ыси бастағанда Шиелі жері кәдуілгі дала емес, жаңа тыныс алған жердей көрінеді. Өйткені тап осы жерде топырақтан үміт көктейді, ал жылыжайдан табыс өнеді. Бұрын бір қалыппен өмір сүріп келген ауылдың тіршілігі енді басқа бағытқа бұрылғандай. Себебі Шиелі жұртшылығына «Ауыл аманаты» деп аталатын үлкен мүмкіндік келген.
2023 жылдан бастап ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауқымды жұмыстар басталды. Мақсат – ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту, оларды өз ісін бастауға ынталандыру және ауыл экономикасын жандандыру.
Нәтиже көп күттірмеді. Аталған бағдарлама аясында 2023 жылы 548,1 млн теңгеге 75 жоба қаржыландырылса, 2024 жылы 211,4 млн теңгеге 29 жоба, ал биыл 208,6 млн теңгеге 31 жоба іске асырылуда. Осылайша, жалпы 135 жоба жүзеге асып, ауданға 968,1 млн теңге көлемінде қаржы тартылды. Бұл – тек сандар емес, нақты кәсіп, нақты жұмыс, нақты табыс көзіне айналған жарқын жобалар.
ЖЫЛЫЖАЙ – ЖАҢА ТЫНЫС ЖК
«Жылыжай» иесі Мұрат Исабеков «Ауыл аманаты» аясында 4,5 млн теңге несие алып, жылыжай өндірісін қолға алды. Қазіргі таңда ол қияр өнімін өсіріп, оны жергілікті кәсіпкерлерге тікелей сатуда.
Бұл – ауылдағы агробизнестің табысты моделі. Маусымға тәуелсіз жылыжай – ауыл үшін тиімді шешім. Сонымен қатар бұл іс жұмыс орнын ашуға және отбасылық табысты тұрақты етуге мүмкіндік беріп отыр.
ҚҰЛПЫНАЙ ТОПЫРАҚСЫЗ ДА ӨСЕДІ
ЖК «Сая» атынан тіркелген кәсіпкер Мәлік Болатұлы 7 млн теңге несие алып, гидропоника әдісімен құлпынай өсіруді қолға алды. Бұл – ауыл шаруашылығында жаңа технологияны қолданудың көрінісі. Топырақсыз әдіс арқылы өсірілетін өнім жоғары сапалы, экологиялық таза әрі нарыққа шығуға бейімделген. Мәлік Болатұлының жобасы – тек дәстүрлі әдістермен шектелмей, инновациялық бағытты дамытуға болатынын көрсетіп отыр.
ТАСПЕН ТІЛДЕСКЕН ТАБИҒАТ
ЖК «Табиғат» иесі Табиғат Жүзімов 9,2 млн теңге көлемінде несие алып, құрылысқа арналған қабырға блоктарын өндіруді бас¬тады. Кәсіпкердің цехында қазіргі таңда тәулігіне 2000-2500 дана блок өндіріледі. Бұл аудан аумағындағы құрылыс жұмыстары үшін отандық арзан әрі сапалы материалдың қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге бұл жоба арқылы бірнеше жұмыс орны ашылып, ел ішіндегі экономикалық белсенділік арта түсті.
ТҰЖЫРЫМ
«Ауыл аманаты» жобасы – жай қолдау емес, жүйелі бетбұрыс. Бұл бастама ауылдың тек тұтынушы емес, өндіруші күшке айналғанын көрсетеді. Кәсіп бастаған әр азамат – өз табысымен қатар, ауданның экономикалық әлеуетін көтеріп жүрген тұлға. Олар арқылы ауыл қайта тыныстап, өзгеріп, өркендеп келеді. Бұл – нағыз ауыл аманаты. Бұл – ауылдың болашағы.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
06 мамыр 2025 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031