АУЫЛ ТІРШІЛІГІН ТҮЛЕТКЕН – «АУЫЛ АМАНАТЫ»

Бағдарлама іске қосылғалы бері талай азамат өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Басты ерекшелігі – тұрғындардың тек тұтынушы емес, өнім өндіруші, еңбек иесі, табыс табушы азаматқа айналуы.
ШИЕЛІДЕН ШЫҚҚАН ТӘТТІ БРЕНД
Шиелі ауданында бүгінгі таңда брендке айналған «HONEYMOOD» нан-тоқаш және кондитерлік цехы – «Ауыл аманаты» жобасының жарқын жемісі. Кәсіпкер Жансая Имантаева 2019 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы алғашқы өндірісін іске қосып, 2023 жылы «Ауыл аманаты» арқылы 7 млн теңге несие алып, ісін кеңейтті. Қазір күніне 300 келіге дейін өнім шығарып, 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Шиелі ауданында бүгінгі таңда брендке айналған «HONEYMOOD» нан-тоқаш және кондитерлік цехы – «Ауыл аманаты» жобасының жарқын жемісі. Кәсіпкер Жансая Имантаева 2019 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы алғашқы өндірісін іске қосып, 2023 жылы «Ауыл аманаты» арқылы 7 млн теңге несие алып, ісін кеңейтті. Қазір күніне 300 келіге дейін өнім шығарып, 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
ДӘМІ ТІЛ ҮЙІРЕР ШҰЖЫҚ ЦЕХЫ
Ауданда ашылған шұжық цехының да жұмысы қарқынды. Ресейлік озық технологиямен жабдықталған бұл цехта күніне 600-700 келі шұжық өнімдері шығарылып, тек Шиелі мен Жаңақорған аудандарына ғана емес, Алматы қаласына дейін өнім жеткізілуде. Цех өз мал бордақылау және сою пункті арқылы сапалы шикізатпен қамтамасыз етіледі. Мұнда да 12 адам тұрақты жұмыс істейді.
ТОМАТ ПАСТАСЫНАН СУСЫНҒА ДЕЙІН
Қызанақ пастасын шығаратын цехты қолға алған – «Барлыбай и K» өндірістік кооперативі. Кәсіпкер Қанат Мұсаев жетекшілік ететін жоба аясында 27,6 млн теңге жеңілдетілген несие алынып, қызанақтан бастап, аджика, қауын балы, салат сияқты 10-нан астам өнім шығарылуда. Биыл 100 мың банка өнім өндіру жоспарланған. Жобаның маусымаралық кезеңінде 10 адам жұмыспен қамтылып, болашақта өнім түрлері 20-ға жеткізіліп, сусын шығару ісі де қолға алынбақ.
НАН ДӘМІН БІЛМЕЙТІН ҚАЗАҚ БАР МА?
Нәзік жандардың еңбекке араласуы да ерекше назар аударарлық. 20 жылдан бері наубайхана ісінде жүрген Арманкүл Ажмитова бүгінде аудан халқын сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Оның наубайханасында 20 адам жұмыс істейді. Түрлі нан, тоқаш, тәтті торттар ауыл-аймаққа жеткізіліп, халықтың сұранысын өтеп келеді. Болашақта ауданның барлық аумағын нанмен толық қамту жоспары бар.
ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ – ЖАНҒА ЖАЙЛЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ
«Досымбетов К» жеке кәсіпкерлігінің жиһаз цехы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жылына 1000 данаға дейін жиһаз жасап шығаратын бұл цех бүгінде тапсырыспен үйге қажетті жиһаздың барлық түрін өндіруде. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда.
КҮРІШ – СЫРДЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
Жеке кәсіпкер Досжан Тұрлыбаев ашқан күріш ақтау зауыты – өңірдің әлеуетін айқындайтын ірі жобаның бірі. Тәулігіне 150 тоннаға дейін өнім өндіретін зауытта қазір 15 адам еңбек етуде. Мұнда Лидер, Камолина, Маржан сорттары шығарылып, мал азығы да дайындалып, ішкі нарыққа жөнелтілуде.
БИЗНЕС-ИНКУБАТОР – КӘСІПКЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ АЛАҢ
Осындай нақты нәтижелердің арқасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы табысты тәжірибе негізінде әр ауданда «Бизнес-инкубатор» өндірістік орталықтарын ашу міндеттелді. Бүгінде Шиелі кентінің орталығында заманауи шағын өндірістік орталықтың құрылысы аяқталып, кәсіпкерлерді орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы мақсат – кәсіптің алғашқы қадамын бастаған азаматтарға уақытша тегін ғимарат беріп, оларды аяғынан тік тұрғызу. Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы – 548,1 млн теңгеге 75 жоба, 2024 жылы – 211,4 млн теңгеге 29 жоба, ал 2025 жылы 208,6 млн теңгеге 31 жоба жүзеге асырылуы көзделген. Бұл көрсеткіштер ауылдағы кәсіпкерлік әлеуеттің жоғары екенін және мемлекеттің ауылға деген ерекше назарын білдіреді. Бір сөзбен айтқандай, бұл сандардың артында – үмітін үкілеген, тірлігін тіктеген адамдар тұр. «Ауыл аманаты» – біреуге кәсібін бастаудың жолы, біреуге жұмыс орны, ал енді біріне туған ауылын тастамай, осында өмір сүруінің себебі. Бұл – бос ұран емес, шынайы өмірден алынған мысалдар арқылы дәлелденген даму жолы. Сондықтан да «Ауыл аманаты» – бүгінгі ауылдың арманын ақиқатқа айналдырып жатқан, ертеңге сенім сыйлаған жобалардың бірі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА