Күріш өндірісін форвардтық қаржыландыру басталды
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг өткізді.
Алдымен министр биыл саланы қаржыландыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға ел бойынша 140 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ «Кең дала» бағдарламасы аясында жыл сайын бөлінетін қаржы да биыл ерте, ақпан айында қарастырылған. Министр ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне арзандатылған жанармай мәселесіне де тоқталды.
– Биыл көктемгі дала жұмыстарына 413 мың тонна арзандатылған дизель отынын жіберетін боламыз. Оның 115 мың тоннасы сәуір айына жоспарланған. Бағасы 204 теңге, нарықтағыдан 15-20 пайызға арзан, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, жақында қабылданған ауылдық елді мекендерді дамыту тұжырымдамасы аясында да бірқатар ауқымды бағдарламалар басталды. Атап айтсақ, ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру бағытында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асуда. Жоба бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға 7 жылға 2,5 пайызбен 7 млн теңгеге дейін несие ала алады.
Жоба сәтті жүзеге асырылса ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Оған барлығы 1 трлн теңге қаржы бөлу көзделген. Ал биыл жобаға еліміз бойынша 100 млрд теңге бөлінеді.
Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі таратылатын болады. Бұл пилоттық жоба аясында Солтүстік Қазақстан өңіріндегі кәсіпкерлерге соңғы екі жылдың ішінде 35 млрд теңге несие беріліп, нәтижесінде 21 тауарлы-сүт фермасы салынған.
Министр бұл мақсатқа да биыл 100 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бұл қаржы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге енгізуге бағытталып, республика бойынша биыл тағы 61 сүт фермасы салынады. Нәтижесінде сүттің өндіріс көлемі 373 мың тоннаға өседі.
– Сондай-ақ, биыл алғаш рет форвардтық қаржыландыру тәжірибесі Сыр өңірінде қолға алынып, облыстың күрішпен айналысатын шаруашылықтарына 1,2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жақсы нәтиже беріп жатса, алдағы жылы форвардтық тәсілдің ауқымын күріш өндірісінде әрі қарай кеңейте беретін боламыз, – деді Ербол Қарашөкеев.