Астық егетін аймақтардағы науқан мамыр айының ортасында басталады – АШМ
BAQ.KZ. Бүгінгі таңда Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында егін егу алдындағы дайындық жұмыстарымен қатар кейбір дақылдарды егу науқаны басталып кетті.
Атап айтқанда, оңтүстікте 220 мың гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 30 мың гектар көкөніс, 11 мың гектардан астам жерге картоп, 15,4 мың гектарға бақша дақылдары егілді.
Астық егетін аймақтардағы негізгі науқан мамыр айының ортасында басталады.
Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 141,7 мың трактор, 4,3 мың жоғары өнімді егін егу кешені, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралдары бар.
Техниканы дайындау жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта техникалар егін егу науқанына 100% дайын.
2021 жылғы көктемгі-дала жұмыстарына (ақпан-маусым) Энергетика министрлігімен бірлесіп, 380 мың тонна арзандатылған дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі жасалды.
Сәуір айында мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының орташа нарықтық бағасын тоннасына 174 мың теңге немесе литріне 144 теңге етіп белгіледі. Операторлардың шығындарын қосқанда фермерлер үшін республика бойынша орташа баға литріне 165 теңгені құрады (нарықтық бағадан 10%-ға арзан).
Облыс әкімдіктерінің ақпараты бойынша бүгінгі күні 2,4 млн тонна тұқым себілді, бұл тиісті мерзім жоспарының 100,4%-ын құрайды. Сондай-ақ, фермерлерге 136,2 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Субсидия беруге өтінімдерді жинау жұмыстары жалғасуда.
Биылғы маусымда фермерлерді қаржыландыру үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді.
АӨК субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесі:
- банк кепілдігімен тікелей несие алған жағдайда – жылдық сыйақы мөлшері 1,5%-ға дейін;
- АӨК субъектілері несие серіктестіктерінен, мемлекеттің 100% қатысуымен өңірлік инвестициялық орталықтардан, микроқаржы ұйымдарынан несие алса, жылдық сыйақы мөлшері 5%-дан аспайды;
- екніші деңгейлі банктерден алған несиенің жылдық сыйақы мөлшері - 5%-ға дейін.
Сондай-ақ, шағын және орта фермерлерді қолдау үшін Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырады. Жоспарланған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды.