Есімі ел есіндегі азамат
Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бері Шиелі ауданының аты облысқа ғана емес республикаға танымал болып келеді. Оның басты себебі аудан халқының ұзақ жылдардан бергі қажырлы еңбегінің арқасы. Содан бері қанша жыл өтсе де ауданның абыройы бір ортайған емес. Оның тағы бір себебі әр кезде еңбек ұжымдарын ұйымдастырушылық қабілеті мол, іскер, өмірдің барлық қиыншылығын басынан өткерген, бір үзім нанның қадірін білетін азаматтардың басқарғанынан. Бүгінде сондай басшылардың бірі әрі бірегейлері Хан Леонидтің, Әнуарбек Сапаховтың, Рақмет Нүрекеевтің, Әзімхан Смаиловтың есімдері жұрттың жадында, әлі ұмытылған жоқ. Сол кісілердің ізін ала шаруашылық басқарып, ауылдың атын республикаға танымал еткен Сәдуақас Рсымбетов еді.Сәдуақас аға 1940 жылы Жаңатұрмыс ауылында (бүгінгі Байсын) өмірге келіп, 1958 жылы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебін, 1962 жылы Қазақтың мемлекеттік дене шынықтыру институтын, 1974 жылы Қазақтың мемлекеттік аграрлық институтын бітіреді. Әдепкі еңбек жолын №45 қазақ орта мектебінде ұстаздықтан бастады. 1965 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып, бір жылдан кейін бірінші хатшысы болып сайланып, бұл жұмысты 1972 жылға дейін атқарды. Жас кезінен ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты, аудан жастарының арасындағы айтулы спортшылардың бірі болатын.
Ол кісінің сабырлы мінезі, салмақты ойлары, адамдармен тіл табыса білетін қабілеті, кез келген ортаны өзіне қарата алатын қасиеті жас кезінен-ақ ауданға ғана емес, облысқа танымал етті. Өзінің барлық күш-жігерін, ұйымдастырушылық қабілетін Шиелінің өсіп-өркендеуіне, экономикасының артуына арнады. Шиеліде ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүр бар. Ол ауданға еңбегі сіңген азаматтарын ұмытпай, кезінде жасаған керемет еңбектерін аудан жұртшылығына, бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отыратыны. Осы дәстүрді жалғастыра отырып, сегіз жылдай қызметтес болған Сәдуақас ағаны бітім болмысын, пайым парасатын, іскерлік қабілетін бүгінгі ұрпаққа жеткізу өзімнің борышым деп санаймын.
Аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқаратын кезім. 1980 жылдың сәуірі. Ертеңіне бірінші мамыр. Ұзақ жылдардан бері аталып келе жатқан осы мереке, жаздың жаймашуақ күндерін жақындатындай әсер етіп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлайтын. Осындай көңіл-күйде отырғанымда аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мәлібек Санаубаев телефон шалып, сәлден соң бірінші хатшымен Гигант колхозының егінін аралайсыңдар, дайын отыр дегені. Бағанағы көңіл күй лезде ғайып болды, қобалжи бастадым. Қай кездеде бірінші басшының сұсы болады, оның бер жағында мен ол кісімен бірге жүрген емеспін. Бізді колхоз бастығы Сәдуақас Рсымбетов күтіп алып, шаруашылықтың күріш егіп жатқан үш бригадасын аралап шықтық. Әр тоқтаған жерде ауданның бірінші басшысымен бірге меніде таныстырып отырды. Кейіннен білдім осы шаруашылықта партком секретарының орны бос тұрған, сол орынға мені әкелу үшін ауылды тани білсін деген ауданның жоспары екен. Сәдуақас Рсымбетов ағаны бұрыннан жақсы білетінмін. Мен «Қызылту» колхозында комсомол ұйымының хатшысы кезімде, ол кісі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтін. Гигант колхозы жөнінде білетінім бұл аудандағы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған жалғыз шаруашылық, әрі көп ұлтты ауыл болатын. Сондықтан бұл ауылды «Халықтар достығының лабораториясы» деп те дәріптеп жататын. Ауылдың күрішшілері мен механизаторлары газет беттері арқылы аудан жұртшылығына кеңінен танымал болатын. Бірақ осы кездері ауылдың үстінен аз-кем әңгіме айналып, соның салдарынан мамандардың көпшілігі жұмыстарынан босап, ауылдың берекесі кетіңкіреп қалған болатын. Ауылды осы тығырықтан шығаратын басшы іздегенде, аудан Сәдуақас ағаның кандидатурасына тоқтапты. Сәдуақас аға ол кезде Төңкеріс колхозы партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істейтін. Төңкеріс колхозы аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі болатын. Халқының ауыз бірлігі жарасқан, егіні мен мал шаруашылығы жолға қойылған ұжымнан Сәдуақас ағаны мол тәжірибе жинады деп есептеді, әрі ол кісі бірнеше жылдан бері аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болатын. Барлық жағдайды таразылай келе, ол кісіні 1979 жылдың аяғында Гигант колхозына басқарма бастығы етіп сайлады. Мен 1980 жылдың шілде айында осы шаруашылыққа партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Сәдуақас ағамен 8 жылдай қызметтес болдым. Қандай да бір жұмыстарды бастағанда ол кісі мамандардың пікірін тыңдап, ақылдасып отыратын және осы қасиеті арқылы ол кісілерді өзіне жақын ұстай білді. Бұл қасиет менімше Сәдуақас ағаның жұмысты ұстаздықтан бастап, ұзақ жылдар бойы аудан жастарымен етене араласып, шаруашылықта еңбек адамдарының ортасында жүргенінде адамдармен сыйласа білу қасиетінің қалыптасқанынан. Он жылдай шаруашылық басқарғанда мамандармен басшы ретінде ғана емес, азамат ретінде де жақсы араласып отырды. Ол кісі сыйластықтың тең жағдайда ғана шынайы болатынын білді. Сәкеңнің осы қасиеті ұжымда жақсы ахуал қалыптастырды. Жақсы ахуал ол әрине ауызбірліктің белгісі. Соның арқасында шаруашылық көрсеткіштері жылдан жылға жақсара берді. Сол кездері аудандағы күріш егетін шаруашылықтардың ішіндегі тегістелген жері ең азы Гигант колхозы екен. Күріш егетін алты бригаданың төртеуі жай, тегістелмеген жерге орналасады екен. Жылда көшіп, қонып әр жерге бір егіс еккеннен шығында мол болып, көп уақытты алып қол байлау болатын. Күріш егуді дер кезінде бастау үшін, жер дайындау жұмыстарына ақпан айының ортасынан кірісетін. Әрине бұл жұмыстар колхозшылар мен механизаторлардың қолымен атқарылатын. Бірақ осы жұмыстардың бел ортасында шаруашылықтың басшысы жүрмесе, ол жұмыстар ойдағыдай болып шықпайтын. Осыны білетін колхоздың бастығы колхозшылармен бірге үйдің бетін көрмей, желдің өтінде жүріп уақытпен санаспай жұмыс істеді. Тынымсыз еңбек өз жемісін бере бастады. Әлдекімдердің «тақыр жерге түкте шықпайды» деген сөзін жоққа шығарып, жылда сол тақыр жерден агротехниканың талаптарын сақтай отырып, жоспарлы өнім алуға қол жеткізді. Бұл Сәдуақас ағаның қайсар мінезінен, бастаған жұмысты аяғына дейін жеткізе білетін қабілетінен, әрі тәуекелдігінен. Сол кездері ауданның бір-екі шаруашылығы жылына мемлекетке 100 мың центнер күріш тапсырып аты шығып жүрді. Бұл ауданның көптеген шаруашылықтың ала алмай жүрген межесі еді. 1983 жылдың қазан айының басы. Темірдің табаны деген жердегі қырмандағы соңғы астықты көліктерге тиеп бола бергенде, ауылдың осы жақтағы жағдайды білейін деп колхоздың бастығы келді. Күріш тиеген көліктер таразыға түсіп болғаннан кейін «Сұлтеке осы көліктердегі күріш өткеннен кейін, Отанға 100 мың центнердің үстінде астық тапсырылып, 100 мыңдықтардың қатарына қосыламыз» деп сүйінші сұрады. Қуанышта шек болмады. Әрине, барлық жеңіс қуанышты. Бірақ еңбек жеңісінің орны ерекше, өйткені ол бірнеше жүздеген еңбек адамының жыл бойғы қажырлы еңбегі мен маңдай терінің нәтижесі.
Көптен бері осы қуанышты сәтті күтіп жүрген ауыл тұрғындарының да ұмытылмайтын мақтанышы еді. Қиянда болмағанымен төрт-бес сағат жүріп барып еңбек ету, күріш өсірудің агротехникасын жетік білетін және соны сақтай білген, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың ғана қолынан келетін іс еді. Осы күндері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «бүгінде елімізде батырлар жоқ деген сөзді арагідік естіп қалып жүрмін» дегені бар-тын.
Менің ше балалардың санасына білімнің нәрін құйып жатқан мұғалімді, уақытпен санаспай адам жанының арашасы болып жүрген дәрігерді, төтенше жағдайдың кезінде қорықпай қимыл жасаған құтқарушыны, маңдайын күнге күйдіріп, желдің өтінде жүрген механизаторлар мен диқандарды бүгінгі күннің батырлары дер едім дегені бар. Гигант колхозы колхозшылардың сол жылдардағы еңбектері, шынында да еңбек майданындағы батырлардың ісіне пара пар еді.
1983 жылы облыста ірі қара малы бар шаруашылықтар тасқынды әдіспен сүт өндіруге кірісті. Бұл әдіспен сүт өндіру облыста бірінші рет қолға алынған. Көрмеген жердің ой шұқыры көп дегендей, мамандар бұл жұмысты бірден алып кете алмады. Өйткені бұл жұмыстардың ауқымы өте көп еді. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін колхоздың бастығы қара күзден ерте көктемге дейін алаңсыз фермада мамандармен бірге болды. Әр он күн сайын әрбір сауын сиырдың мүмкіншілігін анықтау мақсатында бақылау сауынын алып, сүт беру мүмкіншілігі мол сиырға арнайы азықтандыру арқылы фермадағы сүттің көлемін ұлғайту жұмыстарымен айналысып отырды. Фермадағы тынымсыз еңбек жаймен өз жемісін бере бастады. 1984 жылы тасқынды әдіспен сүт өндіру барысы жөнінде аудандағы алғашқы семинар жұмысы жолға қойылған деп есептеліп Гигант колхозының ірі қара фермасында өткізілді және атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілді. Өйткені осы кездерде ферманың көрсеткіштері аудан шаруашылықтарының алдына шыққан болатын. 1987 жылы егін және мал шаруашылығының көрсеткіштері облыста алдыңғы қатардан көрінді.
Соның ең басты айғағы Гигант колхозы 1987 жылдың қорытындысымен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алуы еді. Әлем халықтарына ортақ бір тәмсіл бар, ол майдандарда кімнің әскері жеңілсе халқы кінәлі болады, ал жеңіске жетсе патшасы абыройлы болады деген.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алуы ол Гигант колхозы колхозшыларының еңбек майданындағы тамаша жеңісі еді. Бұл жеңіс ауылдың мәртебесін көтерумен қатар ауданында мәртебесін асырды. Шаруашылықтың барлығы дерлік көп салалы. Сол жұмыстардың барлығын ретін тауып шаруашылықты облыстың алдыңғы қатарына шығару ол колхоздың бастығы Сәдуақас Рсымбетовтің бірден-бір еңбегінің арқасы, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығынан Гигант колхозында он жылдай абыройлы жұмыс істеп, 1989 жылдың сәуір айынан аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. Бұл кезең еліміздің егемендік алған уақытымен тұспа-тұс келіп жатқан уақыт еді. Бұрынғыдай жоғарыдан кедергісіз келетін тыңайтқышта, жанар-жағар майда, бензинде барынша азайып, лизингке берілетін техникалар тіптен тоқтап қалған еді. Осындай қиын кезде ол кісі ұжым басшыларымен бірлесе отырып, олардың қажетті заттарын іздеп, бар жерінен бартермен алып отырды.
Өйстіп тәуелсіздік алғаннан кейінгі сауда саттықтың жаңа түрі өмірге келді. Бұл нарықтық қатынастардың алғашқы қадамдары еді. Елімізде болып жатқан қиын кезде Сәдуақас аға аудан шаруашылықтарының тоқырап, ондағы еңбек адамдарының жұмыссыз қалуына барлық күш-жігерімен, қабілетін салып үш жыл тынымсыз еңбек етті.
Ауданда кейде кадрларды іріктеу, орналастыру мақсатында шаруашылық, мекеме басшыларының арасында ауыс-түйіс болып тұрады. 1992 жылдан 1995 жылдар аралығында ол кісі Жақаев колхозына басқарма төрағасы болып сайланды. Орыстың Гумилев деген ғұламасының «Қоғам ауысып жатқанда адамдардың терісі түлеген жыландай әлсіз келеді» деген сөзі бар. Бірақ осы кезде жалғыз адамдардың ғана емес, ұзақ жылдардан бері ырғақты жұмыс істеп келе жатқан еңбек ұжымдарының да әлсірей бастаған кезі еді. Осындай қиын кезде Жақаев ауылына келді. Ол кісі осы ауылда басшы болып жұмыс істеудің салмағы ауыр екенін білетін. Өйткені бұл ауылдың атағы елімізге белгілі, қазақшалап айтқанда «атынан ат үркетін» қаншама атақты еңбек адамдары шыққан ауыл еді. Сондай атақты кісілердің бүгінгі ұрпағының нашар жұмыс істеуге, көштің соңында қалуға құқығы жоқ екенін ол кісі білді. Сондықтан да барлық күш-жігерін, іскерлік қабілетін ұжымның алдында тұрған міндеттері орындауға колхозшыларды жұмылдыра білді. Ауылдың тұрғындары да Сәкеңді өз баласындай көріп, үнемі қолдау көрсетіп отырды. Ақылдасып, бірлесіп атқарған жұмыстар қай кезде де өз нәтижесін беретіні анық. Шаруашылық жылда жоспарлы өнім алып колхозшылар мен механизаторлардың еңбек ақысы уақытылы беріліп тұрды.
Еліміздің егемендік алуы қоғамда өзгеше бетбұрыс жасауға итермеледі. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығында анық байқалды. Қалт-құлт етіп жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жекешелендіруді үкіметтің өзі ұсынды. Осының салдарынан 1950 жылдан бері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесіп жұмыс істеп келе жатқан Жақаев пен Байсын ауылы екі шаруашылыққа бөлінді. Жарты ғасырға жуық бір мақсатпен, бір мүддемен жұмыс істеп келген ауылдың адамдарына бұл жеңіл тиген жоқ. Бірақ амал жоқ өмірдің заңы өзінің айтқанын істеген кез еді. Сәдуақас аға өзінің кіндік қаны тамған Байсын ауылына шаруашылықтың басшысы болып барып, бұл жұмысты 1998 жылға дейін атқарды. Сәдуақас аға 1998 жылы аудандық жер инспекциясының төраға қызметіне тағайындалып, бұл жұмысты 2001 жылдың аяғына дейін, өмірінің соңғы күндеріне дейін атқарды. Сәдуақас аға өз замандастарының ішіндегі керемет азаматы еді. Көрікті келбеті, көркем мінезі, жас кезіндегі жайдың оғындай атылатын жылдамдығы, құйқылжытып ән салғанда кез келген отырыстың пәрін ашып отыратын даусы, ол кісіні жас кезінен-ақ көрген кісі таңғаларықтай етті. Бұл Алланың ол кісіге берген сыйы еді. Кейде ойлайсың Сәкеңдей жан дүниесі сұлу адамдар дүниеден өткенде, сұлулық та сол кісімен бірге кете ме деп. Бәлкім қимастықтан туған ойлар шығар, кім білсін?!
Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
Шиелі ауданының құрметті азаматы







