Өз заманының дүлділі
Соғыстан кейінгі жылдары елді қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын жан-жақты дамыту, әсіресе егіншіліктің мәдениетін арттыра отырып, жұртты диқаншылыққа тарту жұмыстары белең алып келе жатқан шақта Сыр бойына белгілі бірқатар азаматтар ауданымызда басшылық жұмыстарда болып, өңіріміздің өсіп өркендеуіне, экономикасының артуына айырықша үлес қоса білді. 1947 жылы Ыбырай Жақаев күріштен дүниежүзілік рекорд жасағаннан кейін, тек Шиелінің аты ғана емес, Қызылорда облысының атыда республикаға танымал бола бастадды. Аудан жетістіктерінің басты себептерінің бірі халықтың еңбекке деген ерекше құлшынысы болса, екіншіден, сол халықты аудан алдында тұрған асқаралы міндеттерді орындауға жұмылдыра білген аудан басшылары еді.
Ол кездері партияның басты ұстанымдарының бірі кадрларды іріктеу, тәрбиелеу және орналастыру болатын. Сол жылдары атағы Республикаға танымал бола бастаған Шиелі ауданына тәжірибе жинақтау үшін болашағынан зор үміт күттіретін кадрларды жіберіп отыратын. Содан болуы керек кезінде облыста «Шиелі – кадрлар дайындайтын ұстахана» деген қанатты сөз де шықты. Сондай кадрлардың бірі әрі бірегейі Қонысбек Қазантаев еді. Ол Шиеліде 1962-1973 жылдар аралығында Аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Қонысбек аға жөнінде жасымнан естіп өскен ұрпақтың өкілімін. Өйткені сол жылдары әкем Қойшыбай Оразымбетов «Қызыл Ту» колхозының өндіріс бригадирі болып жұмыс істейтін. Әкем аудан басшылары әңгіме болған жерде үнемі бірінші Қонысбек ағаны аузына алатын. Ол кісінің тынымсыздығын, талапшылдығын, әсіресе еңбек адамдарын барынша жақсы көретінін тілге тиек етіп отыратын. Өзі өте ертешіл болатын. Науқанның қызған шақтарында әр аптада кемінде екі-үш рет келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп риза болатын. Ол кісінің бір жақсы қасиеті жұмысқа көңілі толса, өзі істегендей көтеріңкі көңіл-күйде болатын. «Еңбекті бағалай білетін кісі еді» деп айтып отыратын әкем. Бір жылы аудан күріштен мол өнім алып егін-тегінді бірінші болып аяқтады.
Жылдың қорытындысымен жиналыс болатын болып, ауданның бір басшысы әкеме келіп, «Сіз сол жиналыста аудандық партия комитетінің бірінші секретарын мақтаңыз деп айтып кетіпті. Бірақ әкем жиналыста аудан диқандарының бүгінгі үлкен жеңісі атқару комитетінің төрағасы Қонысбек Қазантаевтың жұмысты ұйымдастыруындағы тынымсыз еңбегінің арқасы» депті. Шамасы әкем әділдіктен аса алмаған болуы керек.
Қонысбек аға өзінің күнделігінде «Адам елеусіз қалу үшін емес, артында із қалдыру үшін өмір сүру керек» деген екен. Шиеліде жұмыс істеген 10 шақты жылда ол кісінің атқарған жұмыстары әлі жұрттың жадында. Елуінші жылдардың басы, әлі елдің еңсесі көтеріле қоймаған кез. Кенттің ішіндегі жолдардың нобайы болғанымен бір жері биік, бір жері ой, жаңбыр жауса жүру өте қиын болады екен. Кенттің негізгі көшелерін тегістеп тас төсеу Қонекеңнің кезінде басталыпты. Базардың айналасы тола жатаған тамдар. Облыстық бюджеттен қаржы алып, сол тамдарды бұзып, рет-ретімен үйлер салу қолға алынған. Әрине ол кісінің ең үлкен жұмысы үкіметтен ақша алмай-ақ, асар әдісімен ауданның бүгінгі мәдениет үйін салуы. Содан бері жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де, Шиелінің барлық қызығы да осы мәдениет үйінде өтіп келеді. Кезінде осы үшін партиялық сөгіс алса, бүгінде Қонысбек аға мыңдаған адамның ықыласына бөленіп, рақметін алып отыр. Жылдан-жылға Шиелінің шаруасы жақсара бастады. 1953 жылы ауданда 190 000 бас қой болса, оның саны 1963 жылға 300 000 басқа жеткен. Күріштің көлемі де арта бастаған. Ауданда осының салдарынан жұмыс қолы жетіспеушілік байқала бастаған. Сол кезде Қонысбек аға әр ауылдың үлкендерімен зиялы кісілерімен ақылдаса отырып, ашаршылықтың кезінде, одан кейінгі жылдарыда жан бағу үшін көрші елдерге көшіп кеткен ағайындарды қайтадан елге шақыру жұмыстары ұйымдастырылды. Көшіп келген ағайындарға үй беру, үй салу үшін құрылыс материалдарын беру, жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты ойластырылды. «Елге ел қосылса құт» дегендей бір жағы көп ағайын туған жеріне қайта оралса, бір жағынан қанша жұмыс қолы еңбекке араласты. Бұл Қонысбек ағаның көп ісінің бірі ғана болатын.
«Өткен күнде белгі жоқ» деген сөз бар. Сірә, өткен күнде белгі көп деген дұрыс шығар. Өйткені уақытты бағындыратын, оның өшпестей қолтаңбасын қалдыратын құдірет иесі – адамның өзі ғой деген екен Қонысбек аға Ыбырай Жақаевтың 90-ға келген тойында. Шынына келгенде Қонысбек ағада Шиеліде қызмет атқарған жылдарында артына өшпестей із қалдырған азамат.
Қонысбек аға ауданда қызмет істеп жүрген кездерінде дос таба білген, олардың қадіріне жетіп сыйласа білген кісі. Замандастары Әзімхан Исмаилов, Әбілқасым Палымбетов, Жағыпбар Рысманов, Бәкір Тоқбаулин, Перуза Жүсіпова, Ұлман Мәміреевалармен дүниеден өткенше сыйласып, қарым қатынаста болған. Аудан жұртшылығының өкілдері Қонекеңнің 60-қа, 70-ке келген тойларына қатысып, аудан халқының ыстық сәлемін жеткізіп отырған. Қонысбек ағаның үй-ішіде Шиеліні, оның халқын ерекше жақсы көрген. Соның белгісі Қонекеңнің жұбайы Бағжан апаның «Шиелі біздің жарқын өмірімізге 100 жылдық өшпес із қалдырды» деуі дәлел болады.
1981 жылы Ыбырай Жақаев 91-ге қараған шағында дүниеден өтті. Сыр елінің сүйіктісіне айналған Ыбырай ақсақалды соңғы сапарына шығарып салуға келген адамадардың қарасы көп болды. Бүкіл Шиелінің халқы жиналғандай еді. Жанындай жақсы көретін 40 жылдай аға тұтқан, пір тұтқан, өмір бойы Ыбекеңнің адамгершілік асыл қасиеттерін, биік парасатын, даңғайыр диқандығын жұртқа үлгі етіп айтып келе жатқан Қонысбек аға осы жиында тебірене сөйледі, көсіле сөйледі. Қонысбек ағаның сөзі жаназаға қатысып тұрған қалың жұртты егілтіп жіберді. Ұлы адамдардың сыйластығы да, қимастығы да ұлы болады екен деген ой жаныма орала берді. Қонысбек ағаның атын жасымнан естіп өскеніммен ол кісінің сөзін сол жолы бірінші рет және соңғы рет тыңдадым.
Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері
Шиелі ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері