Әзекең туралы бір үзік сыр
Ауданымызды білетін сырт көз азаматтарынан Шиелінің халқы, оның менталитеті жөнінде көп жылдан бері үнемі жақсы пікір естіп келемін. Өмір болған соң, әртүрлі қиын кезеңдер, саяси науқандар болып жатады. Осындай кездердің барлығында шиеліліктер жұмылған жұдырықтай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірліктің үлгісін көрсете білген. Кейде аудан халқының бойындағы жұрт қызығарлықтай осы қасиеттер қалай қалыптасты екен, оның сыры неде деп те ойланамын. Сонда ойыма еріксіз оралатыны, ауданымыздың қасиетті Сырдың жағасына қоныстанғаны, бір жағында Сығанақтың, екінші жағында жеті әулие жатқан Оқшы Ата мазаратының орналасуынан шығар деп есептеймін. Қасынан өткен сайын тіліңді еріксіз калимаға келтіретін осы екі қасиетті жер біздің жүрегімізге үнемі имандылықтың нұрын сеуіп тұратындай көрінеді.
Екіншіден, ауданымыздың өсіп өркендеуіне халқының еңбексүйгіш, ұйымшыл болып қалыптасуына, әркездері ел басқарған азаматтардың да белгілі дәрежеде ықпалы болды деп ойлаймын. Соғыстан кейінгі жылдары Шиелі ауданының еңбектегі жетістіктері облысқа, қала берді, республикаға танымал бола бастады. «Еңбек – әлемнің әміршісі» болса, Шиелінің халқы сол еңбекті тізгіндеген егесіндей еді. Сол кездерде Шиелі ауданында еңбек ету халықтық сипатқа ие болып, өмірдің мәніне айналды. Аудан жұртшылығын алда тұрған міндеттерді орындауға жұмылдыра отырып, халықты соңына ерте білген сол кездері ауданда бір шоқ өндіріс басшылары болды. Солардың бірі де бірегейі – Әзімхан Смаилов еді.Әзекең өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы адамзат баласы көрген барлық қиындықтарды басынан өткізіп, Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстан кейінгі елді қалпына келтірудегі жанқиярлық жұмыстардың бел ортасында әбден ысылып, халықтың көңіл-күйін, тыныс-тіршілігін жан дүниесімен ұға білетін азамат.

Қазақ «тектілік те тегінен» деп жатады. Кезінде аудан жұртшылығы Әзекеңді де, ол кісінің бауырларын да өте қарапайым, асықпай сөйлеп, әділін айтатын жандар деп есептейтін. Әзекеңнің бойындағы осы қасиеттер ол кісінің ұзақ жылдар бойы елге басшылық еткен кездерінде анық көрініс тауып, жұмыс стиліне арқау болды. Қарамағындағы еңбек адамдары «жұмыстағы кемшіліктеріміз үшін Әзекеңнің жерден алып, жерге салып ұрыспайтынын білсек те, кісінің жаймен ғана айтып-ақ ұялтатынынан қаймығатын едік» дейтін. Бұл адамдарды тәрбиелеудегі Әзекеңе ғана тән тәсіл еді.
Әзімхан ағаны сыртынан біліп жүретінмін. Ол кісімен етене таныстығым 1977 жылдан басталды. Ол кезде мен «Қызылту» колхозының (қазіргі Жақаев ауылы) өндіріс бригадирі болып жұмыс істейтінмін. Аудан басшылары науқан кезінде шаруашылықтарды аралап, атқарып жатқан жұмыстарының бағыт-бағдарын көріп, олармен сөйлесіп, көңіл-күйлерін біліп отыратын. Еңбек адамдары да аудан басшыларының ауылдарды аралап, өздерінің жақсы жұмыстарына бір ауыз айтқан жылы сөзін естісе, соған бір марқайып қалатын. Осының өзі диқандарға құлшыныс беріп, жігерлендіретін.
Сол жылы көктемгі күріш егу жұмысында таңертеңгі алтыдан бастап жүрдік.Әзекең күнде болмағанымен екі-үш күнде бір таңертеңгі алтыдан өте келіп, техникалардың тоқтаусыз жүріп тұрғанын, колхозшылардың жұмыстың басында екенін көріп, әрдайым риза болып жүрді. Бірде менен жерді терең айдау үшін соқаның қай жеріне регилировка жасайды деп сұрады. Әзекеңнің мамандығы мұғалім болса да, бұл сұрақты қоюы, кісінің үнемі ізденіп жүретінін білдірсе керек.
Кейінірек ол кісі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған кезде көбірек араласып тұрдым. Үйіне барғанымда көзілдірігі мен кітабы столының үстінде тұратын.Әзекең өмір бойы оқумен, ізденумен өткен адам. Ол аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығы қызметінде жүріп зейнетке шықты. Осындай үлкен қызметтен зейнеткерлікке шығу екінің бірінің пешенесіне бұйырмаса керек. Ол біріншіден, Әзекеңнің елдің арасындағы абыройы мен беделінің жоғары екенін білдірсе, екіншіден халық шаруашылығының қай саласы болсын, Әзекеңнің оны жетік білетіндігінде. Аудан жұртшылығы өзін қатты құрметтейтінін біліп, сезіп жүрсе де бірде бір рет ол кісінің менменсігенін байқаған емеспін.Өмір бойы өзін бір қалыпты ұстай білген азамат.
Шиелі Мұстафа, Нартай мен Ыбырайдың елі деп жатады. Әрине, ол кісілер тек Шиелінің ғана мақтанышы емес, еліміздің мақтанышы. Сондықтан да солай айтылғаны да жарасымды. Ал Шиелі ешуақытта да жақсы адамдарға кенде болған емес. Сол кісілерден кейінгілердің қатарында Әзекеңнің аты аталатыны ақиқат. Әзімхан ағаның жасы биыл 100-ге толып отыр. Көзінің тірісінде-ақ аты Сыр еліне танымал болған Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, қоғам және мемлекет қайраткері Әзімхан ағаның 100-ге толған мерейтойын аудан жұртшылығы ол кісінің атағы мен абыройына, ауданға сіңірген еңбегіне лайықты етіп атап өтуі міндетті деп есептеймін.
Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының
Құрметті азаматы
Шиелі ауданының
Құрметті азаматы