Ел бақыты – бірлік пен татулықта
Халқымыздың сан ғасырлық тарихында азаттықты аңсаған ата-бабамыз өмірдің басты ұстанымы бірлік пен татулық екендігіне ерекше мән берген. Ұлан-ғайыр даламызды сыртқы жаудан қорғау кезінде де ұлтымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұмылған жұдырықтай қалып танытуы бүгінгі бейбіт өміріміздің өнегелі негізі емес пе?!
Өмір өнегесінің негізін қалаған даналарымыз бен ел тағдырын өз өмірінен артық қойған батырларымыз қаншама жорық өткелі мен сан түрлі қиянат, кедергілерден өткен шақтарының өзінде де берекелі тірліктің тізгіні татулықта екендігін ісімен де, сөзімен де дәлелдеп кеткен.
«Ұлағатты ұстанымды ұлық тұтқан ұрпақ ұтылмайды» демекші, атадан балаға сіңген асыл қасиетті бойтұмардай сақтай білген халқымыз татулықты ту ете отырып, түрлі жағдайлармен елінен, жерінен ажыраған жат жұрттықтарды да бауырға басып, берекелі өмірдің іргетасын қалағандығын ұлтымыздың ұлылығы деп білемін.
Әрбір жақсы істің берекелі болуы ынтымақ пен татулықтан бастау алады десек, Тәуелсіз еліміздің сол сара жолдан айнымай келе жатқандығы әрбіріміз үшін үлкен бақыт.
Қазіргі таңда әлемді жайлаған алапат індетпен де бірлесе күресуде ұйымшылдық көрсетіп, барша қазақстандықтардың бірлік танытуы қасиетті халқымыздың ауызбіршілік пен ынтымақты нық ұстауының белгісі екендігі байқалады. Соның арқасында көптеген науқастар мен жасы жеткен қарияларымызға, дертті бойына жұқтырған қандастарымызға барынша көмек көрсетіп, мемлекетіміз бен ел тұрғындарынан, кәсіпкерлер мен адам жанының арашасы медицина саласының мамандарынан денсаулыққа қажетті дәрі-дәрмек пен рухани демеу, материалдық көмектердің үздіксіз берілуі де бірлігіміздің айғағы. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп, дана халқымыз бекер айтпаған.
Ынтымақ арқасында ырысқа жеткен, татулықты тірек, бірлікті бағыт қылып ата-бабалар тағылыман нәр алған барша жерлестерді 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен құттықтаймын.
Болғанай Юнусова,
№251 орта мектеп мұғалімі
№251 орта мектеп мұғалімі