Қара кетпеннің иесі
Шиелі ауданының өткеніне көз жүгіртсек, ауданның атын тек Сыр бойына ғана емес, республикаға танымал етіп, елдің еңсесін көтеріп, аудан жұртшылығының мерейін тасытатындай жетістіктер аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі 1947 жылғы «Қызылту» колхозының Оразымбетов Қойшыбай басқаратын бригадасында күрішші Ыбырай Жақаев бес гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып, дүние жүзілік рекорд жасағаны. Тек қазақстандықтарды ғана емес, егіншілікпен әсіресе күріш егумен айналысатын дүниежүзі елдерінің диқандарын бұл көрсеткіш таңқалдырды. Ол кезде өндіріс ошақтары жоқ, тек ауыл шаруашылығымен ғана айналысатын Сыр өңірінің атыда республикаға танымал болды. Бұл Алла тағдырын Сырдария өзенімен тағдырлас қылған Сыр диқандарының қажырлы еңбегінің керемет жемісі еді. Ол кездегі әрбір еңбек адамының жұмысы бүгінгі өлшеммен алғанда, еңбек майданындағы батырлыққа пара-пар болатын.
«Еңбек – әлемнің әміршісі» болса, Ыбырай бастаған Сыр диқандары сол еңбектің қожасындай еді. Белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Ыбырай Жақаев кетпенмен еңбек туралы симфония жазды» деуі Ыбекеңнің ерен еңбегіне берілген әділ баға.
«Еңбек – әлемнің әміршісі» болса, Ыбырай бастаған Сыр диқандары сол еңбектің қожасындай еді. Белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Ыбырай Жақаев кетпенмен еңбек туралы симфония жазды» деуі Ыбекеңнің ерен еңбегіне берілген әділ баға.
Қазақтың зиялы қауымының «Сарыарқада ән патшасы Ұлы Абай, Сыр бойында дән патшасы Ыбырай» деуіде Ы.Жақаевтың күш-қайратына, сабырлы мінезімен асқан диқангершілік шеберлігіне берілген баға. Жасымда көне көз қариялардан Ыбекеңнің күрішпен сөйлесіп тұрғанын байқадым дегенін естіген болатынмын. Бұл ол кісінің бойында бір тылсым дүниенің бар екенін байқатса керек.
Ыбырай Жақаевтың осы рекордынан кейін Қызылорда облысының аудандарында жұрттың күріш өсіруге деген ықыласы ерекше артты. Үлкен кісілермен қатар жастар, балалы әйелдерде күрішші болуға бел буып, бетбұрыс жасады. Тек 1948 жылдың өзінде-ақ Қызылорда облысы аудандарында күріш егуге ниет білдіргендердің саны 1947 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Барлық аудандарда жер жаратылғалы бері кетпен тимеген жерлерді жиде, шеңгел, жыңғылдардан аршып, тазартып күріш егетін танаптарға айналдырып, оған су баратын арықтарды, каналдарды қазды. Мамандар тарапынан жер-жерлерде Ыбырай Жақаевтың күріштен мол өнім алуының қыр-сыры жөнінде оқулар, тәжірибе алмасу семинарлары өткізілді. Осы шаралардың барлығы Сыр бойында күріш егуге деген бұрын-соңды болмаған ауқымы өте үлкен, ешқандай өлшемге келмейтіндей бетбұрыс еді. Сыр елі халқының жан дүниесінде туған жердің төсінде кетпен шауып-ақ, өз бақытыңды табуға болады деген сенім ұялады. Содан бері 75 жыл өтсе де сол сенім артпаса, бір мысқылда кеміген емес. Жылдан жылға күріштен мол өнім алушылардың қатары көбейе берді. Шиелі ауданы шаруашылықтарында Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары Ұлдар Дәуішова, Патан Айманова, Малике Басанова, Шырынкүл Қазанбаева, Сартай Маханбетова, Ертіш Дүйсеков, Заһира Ержанова, Ұлбала Алтайбаевалардың есімбері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай бірінен кейін бірі шыға бастады. Еңбек эстафетасын күріш егетін басқа аудан диқандары да алып, егілген күріштің әр гектарынан үнемі жағары өнім алуға қол жеткізе білді. Солардың алдыңғы қатарында жаңақорғандық Арапбек Әбиев, Қамар Үсенбаева мен Зүбайра Оспанованың, сырдариялық Қасым Бөдеевтің, жалағаштық Тұрсынбек Елеусінов, Айнаш Балғабаевамен, Ұлмекен Төлегенованың, тереңөзектік Абат Сүлейменов пен Райкүл Жалғасбаеваның, қармақшылық Бибігүл Әбішова, Салима Жұмабекованың, қазалылық Ажаркүл Алдамжарованың аттары да облысқа танымал бола білді. Сол кісілердің Сырдың суы мен маңдай терін қосып суарған күрішінің өнімі тек мол болып қана қойған жоқ, дәмі де таңдайынан кетпейтіндей тәтті. Өйткені ол өз еңбегінің жемісі еді.
Ақын Қанапия Дәрібаевтың:
Мейлі оны таныстырма, таныстыр,
Нан егесін құрметтейді халық бұл.
Бір Жақаев жұлдыз болып жүздеген,
Қазақстан аспанында жанып тұр, – деуі де, Ыбырай Жақаевтың рекордынан кейінгі Сыр елінде көптеген атақты күрішшілердің шыға бастағанын білдіреді. Сыр диқандарының еңбектері елеусіз қалмады. Қызылорда облысы бойынша 100-ге тарта еңбек адамы Социалистік Еңбек Ері атағын алса, соның 41-і Шиелі ауданынан шықты.
Жазушы Мұхамеджан Қаратаев «Біз ғылымда Қаныш Сәтбаев, әдебиетте Мұхтар Әуезов, өнерде Күләшіміз бар десек, еңбекте Ыбырайымыз бар дейміз. Ыбекең бүкіл қазақтың мақтанышы. Ыбекең қара күштің ғана емес, қаһармандық рухтың, рухани күштің академигі дер едім. Ол отанды қалай сүюді, қалай патриот болуды үйретті» деп жазды.
1971 жылы Ыбырай Жақаев екінші Алтын жұлдызын алғанда қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов «Қазақ халқының мақтанышы, сүйікті атамыз, ақ күріштің симфониясы Ыбырай Жақаев колхоз тарихындағы ұлы есім. Бұл есімді ұрпақтан ұрпаққа таратуға міндеттіміз» деген еді.
Қазақ зиялыларының Ыбекең туралы тебіреніспен айтқан жүрек жарды сөздері, бүкіл еңбек адамына берілген баға. Өйткені Ыбыраймен еңбек егіз ұғым. Бүгінде Сыр елінің диқандары күріш егудің агро-техникасын жылдан-жылға жетілдіре отырып, мол өнім алудың Ыбекең салған сара жолымен, қарышты қадам жасап келеді. Мол өнім қай кезде де отан байлығы, ел ырысы.
Ел ырысын еселеген жандардың есімдері, әр кездеде құрметке лайық.
Сан ғасырдан бері ата кәсібі мал бағумен айналысып келген халқымызды ұйысып отырып, ұжымдасып еңбек етуге диқангершіліктің қыр-сырын үйренуге үндеген Ыбырай Жақаев «Ұлы өнеге көрсеткендер ғана – ұлылар» деп Виктор Гюго айтқандай, еліміздің тарихында аты алтын әріппен жазылған Ұлы тұлға.
Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»