Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан ардагерлері алдыңғы сапта

Аудан ардагерлері алдыңғы сапта

Қазақстан ардагерлерінің Республикалық ұйымы 1987 жылы 21 наурызда құрылған. Ұйымды алғаш соғыс ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков 1990 жылға дейін басқарса, онан әрі Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңестер Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов, Балық шаруашылығы министрі, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты болған Махтай Сағдиев, ҚР Ішкі істер министрлігін екі рет басқарған, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов, Халықаралық педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Озғанбаевтар Орталық кеңестің төрағалары болып жемісті еңбек етті.
2016 жылдан бастап Орталық Кеңестің төрағасы болып бұрын энергетика және минералдық ресурстар министрі болған, қазіргі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытқожа Ізмұхамбетов басқарып келеді.
Қызылорда облысының ардагерлер ұйымына, бұрынғы облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған ­Марат Когут алғаш төраға болса, одан кейін облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болған Елеу Көшербаев, партия-кеңес қызметкері Камал Бердәулетов, аудан басшысы, Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Сейілбек Шаухаманов төрағалық етті. Қазір С.Шаухамановтың сара жолын облысқа белгілі іскер азамат, көптеген үлкен мекемені басқарған, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дүйсенбаев Серік Әбішұлы жалғастырып, талмай басқаруда.
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алғашқы төрағасы болып соғыс ардагері, В.Ленин атындағы колхозды 17 жыл үздіксіз басқарып, 10 жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің 8-ші сайлауының депутаты болып сайланған Әзімхан Исмаил ардагерлер кеңесін 12 жыл басқарса, ары қарай Шиелі ауданының тұңғыш әкімі Жолдасбек Ердешбаев, Ішкі істер саласының отставкідегі қызметкері Сейдомар Ермекбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкідегі полковнигі Серғара Ізтілеуов, Ы.Жақаев ауылы партия комитетінің хатшысы болған Елтай Әбішев, аудандық мәслихаттың үш дүркін төрағасы болып сайланған Сұлтанбек Оразымбетов, «Әдемі-тіс» орталығының меңгерушісі, тіс дәрігері Аманкелді Абдрахмновтар басшылық жасаса, мен 2021 жылдың тамыз айынан ардагерлер ұйымдарына қызмет етіп келемін. Мен бұл қоғамдық жұмысты 2001 жылы төраға Ж.Ердешбаевтың орынбасары болып бастап, жоғарыдағы төрағалардың барлығының орынбасары болған, солардың қағазын жазған ардагермін. Сонымен қатар мен 2001 жылдан 2021 жылға дейін аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарып отырдым. Бір қызығы бұзықтау бір-екі ардагер Ө.Исмаил төрағалықта ұзақ отырып қалды деп МВД-ға арыз жазыпты. МВД-дан бір полковник және облыстық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеттегі полковник Мылтықбай Пейісов келіп тексеру жүргізді. Сөйтсек арызқойлар мені айлық алып жұмыс істеп жүр деп ойлапты. Ненің айлығы? Айдалада жоқ ақшаны қызғанып жүрген арызқой сол жиналыста жылап тұрып кешірім сұрады. Ештеңе дәлелденбеді. Ол кісі Шиеліде аман-есен тұрып жатыр. Жаман емес, араласып тұрамыз. Есебімді ардагерлер тарихынан бастауымның себебі, біздің ардагерлер де ұйым тарихынан хабардар болсын, айтқан мысалым өзгелерге сабақ болсын дегенім еді. Алғашқы кезде ұйым соғыс және еңбек ардагерлерінің республикалық ұйымы деп аталып жүрді.
Ардагерлер ұйымдарының басты мақсаты – аға ұрпақтың мүддесін қорғау болып саналады. Қазір облыста Сырдария және Қазалы аудандарында екі соғыс ардагері өмір кешуде. «Қарты бардың – қазынасы бар», «Ауылыңда қартың бар болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген қазақтың даналық сөздері Қызылорда облысының, Шиелі ауданының қарттарына, оның ішінде ардагерлер ұйымдарына арналып айтылғандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру» деген болатын. Әр адамға қартайған шақта лайықты өмірді қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Солай болыпта келе жатыр. Қоғамның алдыңғы шебінде ардагерлер жүретіні белгілі. Ардагерлер – ел мақтанышы, ақылман-кеңесшісі. Оларға құрмет көрсету, сыйлау, қамқорлық таныту, дұрыс амандасу, күліп қарсы алу – міндетіміз болуға тиіс. Ардагерлер тарапынан тәрбиелік мәні бар қаншама іс-шара, кездесу, дөңгелек үстел өткізіп жатырмыз. Кім үшін? Әрине келешегіміз жастар үшін. Біздің болашағымыз – жастар, ағартушымыз – ардагерлер. Ардагерлер ұйымдары ең беделді және бұқаралық қоғамдық ұйымдар болып есептеледі. Олар еңбек жолы мен белсенді өмірлік ұстанымы айтарлықтай лайықты адамдарды біріктіреді. Оның қатарында мына сіздер де барсыздар. 2025 жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша аудандағы ­бастауыш ардагерлер ұйымының саны – 50, 2021 жылы – 32 болатын. Бастауыш ұйымдарда есепте тұратын ардагерлер саны – 9697. Оның 3714 ер кісілер болса, әйелдер саны – 5983-ті құрайды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқ. 175 тыл ардагерлері бар. Аудандық ардагерлер кеңесі жылына екі рет Пленум, 4 мәрте алқа мәжілістерін өткізіп отырды. 2021 жылы – 28, 2022 жылы – 29, 2023 жылы – 29, 2024 жылы – 30, 2025 жылы – 30 іс-шара өткізіп, есеп беру кезеңінде оның саны 146 болса, оған 7030 адам қатысты.
Пленумдар мен алқа мәжілістерінде Президенттің халыққа Жолдауы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің шешімдері, облыстық ардагерлер Кеңесінің қаулылары, жастар тәрбиесі, денсаулық сақтау саласы мен білім беру саласы ардагерлер ұйымдарының, Шиелі кенті, Бәйгеқұм, Алғабас, Ақмая, Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңестерінің ардагерлер қозғалысын дамыту, ардагерлерді қоғамнан тыс қалдырмау, яғни, мәдени-көпшілік, спорттық-сауықтыру шараларына тарту мақсатында атқарылған жұмыстары қаралды. Олардың жұмыстары оң бағаланып, кемшіліктеріне аудандық ардагерлер кеңесі тарапынан әдістемелік көмек көрсетілді. Аудандық ардагерлер кеңесі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен Ұлы Отан соғысы кезінде үлкендермен бірдей тылдағы жанкешті жұмыстарға қатысты жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан жасы егде тартқан ардагерлерінің жеке асыраушысынан айырылған мүгедек қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын өмір сүру деңгейін жақсарту үшін, ынтымақтастық туралы меморандум қабылдадық. Бүгінде осындай 8 ардагерге бөлім басшысы Жомарт Ақбергенов жомарттық жасап, көмегін аямай беріп жатыр. Оның 5 қазақ ұлтынан болса, 1 корей, 2 орыс ұлтының өкілдері. Есеп беру жылдарында аудан ардагерлері спорт, өнер саласында облыстық жарыстарда аудан намысын қорғап келеді. Оған алқа мүшелері жетекшілік жасап отырды. Қызылорда қаласында 2024 жылы шілде айында өткен «Ардагерлер әуендері» байқауына қатысқан үш ардагеріміз де жүлдемен оралды. Ән салуда Тұрсынбай датқа ауылының ардагері Рахия Қожахметова бас жүлдені иеленсе, ­Байсын ауылынан Дилара Оразымбетова мен Шиелі кенті тұрғыны Исабек Байкенжеевтер өнер дипломанттары марапатына ие болды.
Винтовка мылтықтан көздеу жарысына қатысқан екі спортшымыз Тартоғай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Примбет пен ішкі істер бөлімінің ардагері Қабланбек Шалбаевтар жүлделі орындармен келді. 2025 жылы тамыз айында өткізілген «Күй керуені» сайысына қарияларымыз Тынысбек Дүйсебеков, Батырхан Маханов, Ермахан Ембергенов қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде күйші Ермахан Ембергенов бас жүлдені жеңіп алып, ауданның мерейін үстем етті.
2024 жылғы желтоқсан айында спорттық ­бильярд пен шахматтан өткен облыстық жарысқа ардагерлер Ақтай Ақбергенов, Серік Жаңабаев, Тілеубек Бабасов, Бағила Ағыбаевалар қатысып, 70-тен аса спортшы қатысқан сайыста ­бильярдтан Ақтай Ақбергенов алғашқы бестікке ілінсе, шахмат ойыны жарысында Бағила Ағыбаева жүлделі үшінші орынмен қуантты. 2025 жылдың 26 қарашасында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл және қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қазақ вальсінің королі – Шәмші» тақырыбында ардагерлер арасында облыстық ән байқауы болып өтті. Оған Сұлутөбе ауылдық округінен Саракүл Асанбаева қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы» әнін және «Қызылорда вальсін» шырқап байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Бидайкөл ауылынан қатысқан ардагер Әбу Серікбай Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» және Ө.Исмаилдың «Шиелім» әнін баянмен орындап, дипломмен марапатталып, шебер әнші ретінде есімі аталды. Байқауға 20 өнерпаз қатысқанын еске алсақ, біздің Саракүл мен Серікбай өнер биігінен көрініп, Шиелі ауданының намысын ешкімге бермеді. Шиелі ауданы облыстық «Ардагер айнасы» газетіне жазылу бойынша қанағаттанарлық дәрежеде. 2024-2025 жылдары газетке жазылу мәліметі бойынша 1-ші орында тұрмыз.
2022 жылы 22 ауылдық округ пен Шиелі кенті ардагерлер ұйымдарында алқа мүшесі Тұрмат Баймағамбет және орынбасар Тілеубек Бабасов үшеуміз жиналыс өтікізіп, аралап шықтық. Есеп беру кезеңінде 18 бастауыш ардагерлер ұйымын құрдық. Осы кезеңде облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде бір рет аудан ардагерлерінің жұмысы туралы есеп бердім, бір рет облыстық семинар кеңесте баяндама жасадым.
Облыстық ардагерлер кеңесінің 2025 жылы 11 желтоқсанда өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Сыр өңірінде ас берудің мәдениеті, жаназа және жерлеу рәсімі туралы мәселелер қаралып, облыс тұрғындарына үндеу қабылданып, ас құдайы беру кезінде берілетін ас мәзірі бекітілді. Жаназа және еске алу астарында берілетін ас мәзірі төмендегідей болып шешілді.
1. Тамақ (Ет немесе палау);
2. Нан өнімдері (бауырсақ, шелпек);
3. Қаймақ;
4. Жент, майсөк;
5. Шай;
6. Қант, кәмпит, құрма;
7. Су, шұбат мәзірлері ұсынылады.
Аудан көлемінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қатты қанат жайды. Аудан көлемінде тазалық және көгалдандыру шаралары етек жайып, Шиелі кенті мен ­ауылдар жасыл желекке бөленіп, елді мекендер тазалыққа ден қойды. Аудандық ардагерлер кеңесі 2003 жылы аспалы көпір маңында «Ардагерлер аллеясын» ашып, оған 300-дей көшет егілді, соның 250-ге жуығы көктеп, көңілімізді көтеруде. Келер жылы аллея жасыл желекке бөленетін болады.
Есеп беру кезеңдерінде жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста болып, жастар мен үлгілі отбасы ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырдық. Аудандағы қоғамдық және әйелдер, әжелер кеңестерімен де күнделікті жұмыстас болып жатамыз. Аудандық қоғамдық даму бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қолбасшымыз саналады.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы 2025 жылы мамырда аудандағы 175 тыл ардагерлерін кесте бойынша аралап, отбастарында болып, мерекелік марапат жасап шықты. Оның құрамында аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық Халық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеевтер бірге болып, Жеңістің 80 жылдығы мерекесімен құттықтады. Қария – ақылдың кені. Үлкенге құрмет – міндетіміз.
Сондай-ақ «Көңіл сұрау – науқас адамға өмір сұрау» дегендей есеп беру кезеңінде Н.Елтай, Б.Күлімбет, Ә.Сейітов, төртеуміз ардагерлер Өмірзақ Исаханов, Жамалхан ­Баевтов, Серікбай Байжанов, Алдан Бәйімбетов, Омархан Кемелов, Киікбай Смаилов, Тұрғанбай Шығанбаев, Тұңғышбай Жетпісбаев, Тәшкенбай Айтжановтардың отбастарында болып, жағдайларын біліп, көңіл сұрап, оларға амандық, денсаулық тілеп отырдық.
2025 жылы желтоқсан айында аудан әкімімен Р.Мауияұлы, Ж.Баетов, Т.Жетпісбаев, А.Сәрсенбаевтардың жағдайларын білдік.
2024 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығы патриотизмнің өзегіне айналды. №46 А.Пушкин және №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы мектептерде «Ерлер ел есінде» атты оқушылар мен ардагерлер арасындағы кездесу өтіп, шәкірттер бойына патриоттық сезім ұялады. Ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін белсенді ардагерлер Т.Сырымбет, Б.Күлімбет, Б.Құлахметов, Ә.Жүсіпов, Б.Пірімбетов, С.Бегманов, Н.Елтай, С.Исламов, Ж.Машрапұлы, Т.Бабасов, З.Мухамедова, Ә.Ибраев, Е.Махамбетов. Н.Палымбет, А.Әбдіхамитқызы, Ғ.Есімов, Ә.Сейітов, Т.Ахметов, Б.Түменбай, Ә.Алдияровтарды айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар Алғабас, Бестам, Шиелі кенті, Бәйгеқұм, Бидайкөл, Төңкеріс, Тартоғай, су шаруашылығы мекемесі мен аурухана, полиция бөлімі мен ГРЭ-23 мекемелерінің, сондай-ақ тұтынушылар одағы мен ауыл шаруашылығы бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстары көңіл толтырарлық жағдайда.
Ардагерлер қызметінің басты мақсаты болып табылатын қарттарды әлеуметтік қорғау, моральдық және материалдық қолдау жөніндегі жұмыс жалғасын табуда. Аудан әкімдігі осы салаға жылына 3 млн 600 мыңдай қаражат бөліп келеді. Соның арқасында ардагерлеріміз 2025 жылы 12-19 қыркүйек күндері Түркістан қаласына 72 ардагер саяхаттап қайтса, 2025 жылы қарашада Қорқыт ата кешеніне 15 ардагер барып демалып қайтты. 2025 жылдың қыркүйек айында Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай, Семей қаласына Шиелі ауданынан Әбдімомын Алдияров, Рысбек Мұхтаров, Серікбай Мұратаев есімді ардагерлеріміз келелі іске қатысып, облыс ардагерлерінің мерейіне үлес қосып қайтты.
Осы кезеңде ардагерлер кеңесіне 7 арыз-шағым келіп түсті. Шағымдар алқада қаралып шешімін тапты. Тыл ардагері Есболат Бәйімбетовтің ақшасы өзіне қайтарылды. Жоғарыға барамын деушілерге жол бермедік. Арыз-шағым түсірмедік.
2025 жылы 25 қыркүйекте Бәйгеқұм ауылдық округіне қарасты, «Ханқожа» көлінің жағасында Шиелі аудандық ардагерлерінің «Балық аулау сайысы – 2025» жарысы ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің демеушілігімен өткізілген іс-шараға 23 ардагер қатысып, 8 ардагер балық аулауға ниет білдірді. Оларды сағат 7:00-де алқа мүшесі Болат Күлімбет қармақтары мен жемдерін даярлап, көл жағасына алып кетті.
Бұрынғы «Ардагерлер үйі» алдына жиналған ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов пен аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев қарттар күніне орай ұйымдастырылған шараға сәттілік тілеп, шығарып салды. Жарыстың қорытындысын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, балықшыларға төрелік жасаған алқа төрағасы Болат Күлімбеттер жасады. Сайыстың үшінші орынын Бәйгеқұмдық балықшы Сейілхан Байжанов, екінші орынды Байсын ауылынан келген ардагер Шайзада Әбдімомынов, жүлделі бірінші орынды бидайкөлдік қарт балықшы Мәлкаждар Таубаев жеңіп алды. Оларға аудан әкімінің құттықтау дипломдары мен заттай сыйлықтар табыс етілді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ақ батасын берді. Есеп беру кезеңінде мен журналист ретінде газет беттерінде 10 ардагердің еңбегін мақтап жазсам, А.Әбдіхамитқызы 20 шақты, ал ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Н.Елтай 30 шақты ардагерді дәріптеп, олар «Сыр бойы», «Сейхун-Шарайна», «Өскен Өңір» газетінің беттерінде жарық көрді.
1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орайластырылған жыл сайынғы ауқымды акция-әлеуметтік қолдау айлықтары, сөз жоқ ардагерлер ұйымдарының еңбегі болып табылады. Бұл жерде Шиелі кенті, Бидайкөл, Бәйгеқұм, Ақмая, Ш.Қодаманов, Алғабас, Еңбекші ­ауылы әкімдері мен шаруа қожалықтарының төрағалары ардагерлеріне қамқорлық жасауда жылда аянбай еңбек етіп, материалдық көмектерін беріп келеді. Бұл мерекеге аудан әкімдігі, мемлекеттік мекемелер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де айырықша мән беруде. Қарттарды құрметтеу, үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін, мемлекеттің, ауданның дамуына қосқан көптеген үлесін мойындау белгісі ретінде Қазақстанда жыл сайын Халықаралық қарттар күні салтанатты түрде аталып өтуде.
2024 жылы 15 мамыр күні өткен ІІІ Пленумға ардагерлер ұйымы Орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтар қатысты.
2024 жылы облыстық ардагерлер кеңесінен 17 ардагерге «Меркі» шипажайына жолдама берілсе, аудан әкімдігінен 10 ардагерге «Сарыағаш» шипажайына жолдама беріліп, емделіп, демалып қайтты. Бір ардагеріміз жолдамамен «Бурабай» санаторийінде демалса, есепті мерзімде 32 ардагер жолдамаға қол жеткізді. «Ардагерлер ұйымы» жастар тәрбиесіне алаңдайды. 2003 жылы осы тақырыпта аудандық мәслихат төрғасы Айтбай Насриддинұлымен ардагерлер кеңесінің мүшелері Ө.Исмаил, Т.Бабасов, Б.Күлімбет, білім бөлімінің бас маманы Т.Бөпежановтар қатысқан бір топ бүкіл ауылдық округті аралап, жиналыс өткіздік. Қорытынды жиын мектеп директорларымен №46 мектепте өткізіліп. Оқушылар тәрбиесіне аса мән берілді. Ата-ананың мысынан қорықпайтын балалар, ұл-қыздар Махамбет Өтемісұлының «Қарттары кімнің болмаса, ­жастары болар диюана» дегеніндей, жастарымыз аяушылықты білмейтін қатыгез, бұзық, тәртіпсіз болып бара жатқандары да жасырын емес. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу да ардагерлер ұйымдарының назарынан тыс қалмауы тиіс. Болашағымыз жастар десек, оған алаңдамасақ болмайды. Ақсақалдар айтса, ақылын айтады. Жастарға ой салады. Сонда ғана олар үлкендерден тайсалады. Заң мен тәртіп баршамызға ортақ. Тәртіп бар жерде қауіпсіздік бар, тыныштық болады.
Жуырдағы есеп беру сайлау жиналыстарында Білім бөлімінде, Қазтелекомда, Бала би, Алмалы, Бестам, Байсын, Ы.Жақаев, Нартай, Қарғалы ауылдарында төрағалар жаңадан сайланды. Олар: Ұлтай Сейілова, Бекахмет Сақтағанов, Нұрғали Спабеков, Бәйімбет Дүрімбетов, Балтабай Қошқаров, Аманжол Жұмабаев, Сейтқали Ділімбетов, Набат Әбжапбарұлы, Қазбек Дүйсенбаевтар. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
«Қарттарын қадірлеген ел ардақты» демекші, біз жылда Халықаралық қарттар күніне орай құттықтау іс-шараларында номинациялармен марапаттап отырдық.
2021 жылы К.Смайлұлы «Кемеңгер қария», Ө.Исаханов «Ақылгөй», Б.Әбдіжаппарпов «Сырбаз», М.Рахым «Қазыналы», К.Тәжіков «Сабырлы», К.Омархан «Байсалды», Ж.Сақбаев «Батагөй», Т.Баймағамбетов «Мейірбан қария» атанды.
2022 жылы П.Архабаев «Ақылгөй қария», С.Оразымбетов «Қажырлы», Ж.Баетов «Сырбаз», Ө.Исмаил «Сабырлы», С.Байжанов «Қазыналы», Т.Таңбаев «Байсалды», М.Сейітов «Батагөй», Қ.Тұрсынова «Бауырмал әже», А.Серікбаева «Мейірімді әже» номинациясына ие болды.
2023 жылы М.Маханшаев «Қажырлы қария», Ә.Мизамбаев «Ақылды», С.Жақаев «Қазыналы», А.Баукенов «Байсалды», Ә.Абдрахманов «Сырбаз», А.Сәрсенбаев «Сабырлы», Н.Елтай «Қаламгер», Ү.Әбішбаева «Мейірімді әже», А.Әбілдаева «Бауырмал әже» атағын алды.
2024 жылы С.Аманжолов «байсалды қария», Қ.Сүгірбаев «Кемеңгер», С.Махамбетұлы «Ақылгөй», А.Жұмабеков «Қажырлы», Е.Сейілбеков «Сырбаз», Ә.Сейтжанов «Қазыналы», М.Бекхожаев «Батагөй», Г.Ізбасханова «Мейірімді әже», Қ.Дүйсеманов «Сабырлы қария» атанып, мерейлері үстем болды.
2025 жылы Т.Сырымбетов «Батагөй қария» болса, Қ.Әлтаев «Кемеңгер», Б.Құлтаев «Қазыналы», С.Омаров «Қажырлы», Б.Күлімбет «Ақылгөй», Б.Пірімбетов «Байсалды», А.Жұмаділов «Сабырлы», М.Әбілдаева «Мейірімді әже», Б.Аманқұлова «Қамқоршы әже» номинацияры салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің қолымен табыс етілді. Бұл деген қарияларымызға жасалып жатырған құрметтің керемет белгісі болса керек. Ардагерлер ұйымдары арасында бірлік пен ынтымақ бола берсін. Есеп беру кезеңінде 12 ардагер Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» атағына ие болды. Атап өтсек, ардагерлер П.Архабаев, С.Оразымбетов, К.Смайлов, Қ.Әлтаев, Ұ.Мәміреева, Т.Бабасов, Б.Күлімбет, А.Әдіхамитқызы, Ө.Исмаил, К.Жәукебаева, Қ.Дүйсеманов және Көшер Нұрсейітұлын атап өтуге болады. Аймақ басшысы Н.Машбекұлы облыс ардагерлеріне, оның ішінде аудан ардагерлеріне үлкен құрмет көрсетіп келеді. Облыс әкіміне ризашылығымызды білдіреміз.
Аудан ардагерлері аудан көлемінде тазалық сақтауда да, жасыл желекке бөлеуде де алдыңғы шепте келеді. Біз аудан әкімінің ізгі бастамаларына үнемі қолдау білдіріп келеміз.

Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
27 қаңтар 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (9374)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031