«ҚАР ҚЫЗЫ»: ЖАЛҒЫЗДЫҚ ПЕН ҮМІТТІҢ БЕЙНЕСІ
Оралхан Бөкей – қазақ прозасының шебері, сөз арқылы адамның ішкі әлемін көркем бейнелеуді мүлтіксіз меңгерген жазушы. Оның «Қар қызы» атты туындысы оқырманды тек Алтай тауларының қалың қарлы даласына апарып қана қоймай, адамның жүрек түкпіріндегі жалғыздық пен үміттің нәзік үйлесімін сезінуге шақырады. Бұл шығармадағы ақ қар мен боранның қаталдығы – кейіпкерлердің өміріндегі қиындық пен сынақтың символы, ал Қар қызының сыңсыған әуені – үміттің, арманның және махаббаттың дауысы.Повестің сюжеті қарапайым болып көрінгенімен, оның астарында өмірдің терең философиялық мәні жатыр. Әкелері соғыстан қайтпаған Нұржан, Аманжан және Бақытжан қыс ортасында шалғайдағы ауылдан шөп әкелуге аттанады. Жолда олардың алдынан табиғаттың қаталдығы, адасқан жалғыз үйлер, қатал адамдар мен сынақтар шығады. Бір қарағанда жай оқиға сияқты көрінетін бұл сапар – әр адамның өмірінде кездесетін қиындықтарды, таңдау мен төзімділікті бейнелейді.
Нұржан аңыздан естіген Қар қызына ғашық болады. Қар қызының мұңлы, сыңсыған әуені тек Нұржанның құлағына естіліп, түсіне кіреді. Нұржан «бұл қызды таппай қоймаймын» деп өзіне серт береді. Сөйтіп жүргенде, үш жолдас айдаладағы Қоңқай шалдың үйіне түседі. Мұнан соң алыс сапарға қайта аттанған жігіттер бірер күннен кейін айдаладан жалғыз үйді көреді. Ол үйдің иесі кержақ шал еді. Түнеуге сұранған жігіттерді шал самарқау қарсы алып, ас-су беруге де жарамайды. Нұржанның жанындағы жолдасы Аманжанның мінезі де, түрі де үйіне түнеуге рұқсат еткенін міндетсінген кержақ шалдан айнымайтын еді. Ертесіне шалдан жол сұраған жігіттерге кержақ шал бұрыс жол көрсетіп, адастырып жібереді.
Жапан далада ақ қардың арасында қалған үшеуінің өлім мен өмір арасындағы күресі енді басталған еді. Жылынар пана таппаған үшеуі ұйықтап кетіп, жантәсілім етудің аз-ақ алдында ғана қалады. Дегенмен Қар қызы Нұржанның түсіне кіріп, оны оятады. Сөйтіп үш жігіт өлімнен аман қалады. Үшеуінің айы оңынан туып, жүзі жылы ақсақал мен кемпірге кездеседі. Ақсақал үйіне қонақ етіп, Нұржанға біраз әңгіме айтады. Аңыздардан құлағдар етіп, Қар қызы туралы да баяндап береді. Ақсақалдың Алмажан есімді жалғыз қызы бар.
Қыз бойында әлдеқандай жұмбақ жатқандай еді. Нұржан бір қара-ғаннан іздеп жүрген қызы осы Алмажан екенін білді. Алмажан мен Нұржан бір түн сырласып, шер тарқатады. Күндіз сауыншы, түнде Қар қызы болатын Алмажанның сыңсып айтатын әні Нұржанның құлағына балдай жағады. Келесі күні Айыртаудан шөп алып, ауылға аттану қажет болады. Нұржан осы ауылда қалуды жөн көреді. Оның артынан Бақытжан да осы жапан далада қалатын болды. Сөйтіп Аманжан ғана ауылға кетеді.
Автор қоғамды айыптамай, керісінше оқырманға ой салатын нәзік тәсілді қолданады. Шығармадағы махаббат пен сырластық та ерекше. Сонымен қатар повестегі Қар қызының, қол-шатырлы Малика арудың бейнесі айрықша, әдемі сипатталған. Көз алдыңа елестетіп, өзің де сол кейіпкерлерге ғашық боласың. Шығармадағы Қоңқай шалдың бейнесін толық ашып көрейікші. Қоңқай шалды жартылай жұмбақ күйде ұстаған автор концепциясы туралы үзілді-кесілді, біржақты тоқтам жасау қиын. Жұрттан жырақ өмір сүретін осы Қоңқай шал бейнесі арқылы Оралхан Бөкей нені меңзейді? Былығы көп қоғамнан тысқары өтіп жатқан тірлікті айыптау сарыны шығармада басымдық ала қоймаған. Қаптаған ел ортасында жүріп-ақ оқшау өмір сүретіндер жетіп артылады. Жазушы бір мәнде Қоңқай шалды «арқаланып» қоғамдағы кереғарлықты, келеңсіздікті меңзейді. Кейіпкердің ой ағыны, ішкі сезім сөзі арқылы әсер ету – автордың оңтайлы көркемдік тәсілдерінің бірі. Шығармадағы Қоңқай бейнесінен, жалғыздық пен кеңістік нышаны байқалады. Қоңқай бейнесін Оралхан Бөкей шебер бейнелейді. Оның екі тау арасында жападан-жалғыз тұратыны, аң аулап тіршілігін жасап жүретіні жалғыздығының анық көрінісі: «Шал әлденесін ұмытқандай далаға шығып кетті. Сол баяғы қалпы – көйлек-дамбалшаң, аяғына ештеңе кимеді. Осы бір сақалы өңірін жапқан қапсағай шал үшін мынау табиғаттың қысы, жазы – тіпті төрт мезгілі бірдей секілді ғажап адам еді. Осы жасына дейін қыңқ етіп ауырмаған, тоңып-жаурау дегенді білмейтін, ормандағы аң екеш аң секілді ғажап адам еді. Елмен аралас-құраласы жоқ, қоршаудан қашып шыққан бұғыдай саяқ ғұмыр кешті. Сонау аппақ кеңістікке барар жол мен ызаң шу, қым-қуыт өмірдің екі ортасында шекара, бекет іспетті, міне, жарты ғасырға осы жаман үйінде жападан-жалғыз тіршілік құруда».
Қоңқайдың өмірі – шығарманың басты өзегі. Өмір бойы жалғыз ғұмыр кешу қарғысына ұшыраған Қоңқай – жалғыздықтың бейнесі: «Шыр етіп жерге түскеннен бастап қоғам үшін, өзге біреулер үшін шырпы басын сындырып көрмеген Қоңқайда еңбек кітапшасы деген атымен жоқ-ты. Ешбір жерге өтініш жазып жұмысқа тұрған емес; ешқашан да жиналысқа қатысып, тіпті үйлену, шілдехана секілді жиын-тойда болған емес. Осы елдің тойын қойып, топырақты өліміне қатыспаған қаңғыбас Қоңқайда дін, идея, бір нәрсеге сену секілді үлкен ұғымдар атымен ада – өзімен-өзі, оқшау өмір сүріп жетпістен асып барады»
Жазушы Оралхан Бөкейдің шығармалары әр оқыған сайын тереңдей түсетін, ішкі сыры мен жұмбағы ашылатын дүниелерге толы. Оның кітаптарында «неге біз осылаймыз?» немесе «біз кімбіз?» деген мәңгілік сұрақтар қойылады, және бұл сауалдар әр уақыттың, әр ұрпақтың алдында жаңғыра береді. Мен үшін «Қар қызы» – сүйікті кітаптарымның бірі.
Шығарманың кейбір эпизодтарын Генри Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» кітабына салыстыруға болады (Мұхтар Мағауин аудармасы). Дәл солай үш жігіт бір мақсатқа ұмтылып, сапарға шығып, жол бойында талай қиындыққа тап болады. Бұл ұқсастық повестің шытырман әрі романтикалық табиғатын ерекше еске түсіреді.
«Қар қызы» мені терең романтикалық сезімге бөледі, жүрегімді жылытып, ерекше толқыныс сыйлады. Романтикаға құмар оқырмандар үшін бұл шығарма шын мәнінде жүрекке жақын, әсерлі. Кітап өте қызық әрі тартымды, әрбір адамға оқуға кеңес беремін. Оқыған соң ақ қарлы Алтай даласының үнін, кейіпкерлердің сырлы сезімін ұзақ уақыт бойы сезесіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ






