Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаздың дәмі жүгері

Жаздың дәмі жүгері

Күн енді ғана көкжиектен көтеріле бастады. Бірақ шілденің шуағы күттірмейді. Ауа – ыстық. Асфальттың беті жып-жылтыр. Дәл осы кезде көшенің бір бұрышынан түтіні бұрқырап, иісі аңқыған қазан көрінеді. Жүгері қайнап жатыр.
Қарапайым ғана арба, үстінде қазан, жанында орындықта отырған әйел. Көзіне қарасаң – көп нәрсе айтады, бірақ сөз жоқ. Жүгері пісіріп отырған емес, балаларын оқуға жібергісі келіп отырған ана. Мүмкін, шипажайға апаруды армандап отырған зейнеткер. Мүмкін, кешке нан мен сүт алу үшін бүгінгі сауданың сәтті болуын тілеп отырған жалғызбасты келіншек. Бір сөзбен айтқанда, түрлі тағдыр иесі.
Бірі үстел үстінде, бірі арбада үлкен қазанды қайнатып, «Жаңа піскен, бал жүгері! Келіңіз!» деп шақырады. Бұл үн базарды түрлендіріп, жаздың шынайы «саундтрегіне» айналады.
Бүгінде бір жүгері – 350 теңге. Сатып алған соң, сатушысы тұз сеуіп береді. Сол сәт – жүгері мен тұздың хош иісі қосылып, ауызға түскенде балдай дәм береді. Ол дәм – тәтті ғана емес, таныс.
Жүгері сатып отырғандардың көбі – зейнеткер апалар, жұмыс іздеген жастар, табыс табуға шыққан көпбалалы аналар. Бір жүгері сатқан сайын олар 50-100 теңге пайда көреді. Бірақ бұл тіршілік тек табыс үшін емес. Бұл – еңбектің, үміттің, төзімнің көрінісі.
Жүгері – топырақтан шығады. Өзі жұмсақ. Бірақ қабығы қатты. Дәл адам сияқты. Сырты қатайып, ішкі жағы жұмсақ болып қалатын сәттері көп. Оны қазанға салғанда – шыдам керек. Бірден піспейді. Дәл өмір сияқты. Армандардың да, еңбек пен үміттің де бірден орындала қоймайтыны сияқты. Жүгері піскен кезде иісі шығады. Адам да өмірге пісіп жеткен кезде ішінен иіс, яғни қасиет, парасат, тәрбие, еңбекқорлық шығады. Жүгері мен адам – бір-біріне ұқсайды. Екеуі де ыстықты көтергенде ғана дәм береді.
Шиелінің шілдесі оңай емес. Ыстық. Жаңбыр аз. Бірақ тіршілік тоқтамайды. Жүгері қайнап жатыр. Бір адам сатып жатыр. Енді бірі сатып алып жатыр. Біреуі от жағып терлеп отыр. Біреуі жеп отырып естелік еске түсіріп отыр. Олардың бәрін біріктіретін нәрсе – сол жүгері. 350 теңгелік жүгері – бәріміздің жаздағы ортақ сәтіміз.

С.МАДИЯРОВА
08 шілде 2025 ж. 27 0

Қоғам

Форум – БАҚ назарында
08 шілде 2025 ж. 32

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031