Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАМШЫЛАТЫП СУАРУДЫҢ ТАБЫСЫ

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУДЫҢ ТАБЫСЫ

Осы уақытқа дейін Шиелі ауданы жүгері дәнін өсіруде біраз тәжірибе жинақтаған. Бұған жергілікті диқандардың тарих беттерінде қалған жоғары көрсеткіштері дәлел. Бір кезде «дала аруы» атанған жүгері дақылына деген сұраныс әлі күнге дейін азайған емес. Күтімі келіссе, өнімнің бітімі де көңіл толтыратыны белгілі.
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Таң ЛТД» ЖШС-ның егін алқабына барды. Серіктестік «Таушұқыр» учаскесіндегі 5000 гектар жердің 800 гектарына тамшылатып суару әдісімен жүгері еккен. Бұл бағытқа 16 шақырым жерден электр желісі тартылды, 8 экскаватор, 3 тиегіш, 1 бульдозер, 8 жер айдайтын техникасы бар, 65 адам жұмыспен қамтылды. Тамшылатып суару үшін 160 шақырым құбыр әкелінді. Бұл үшін облыстық бюджеттен 149 млн теңге қарастырылған.
Сондай-ақ жүгеріні кептіретін қондырғыға «Бестам» ауылдық округінен жер табысталған. Алдағы уақытта тиісті инфрақұрылым облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Нысан іске қосылған соң, тамшылатып суару әдісімен егілетін жүгері және басқа да дақылдарды 3000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Ол кезде 50 адам тұрақты жұмысқа тұрады. Кептіргіштің барлық жабдықтары маусым айында әкелінді, ал құрылысы шілде-қыркүйек айында жүргізіліп, ел игілігіне беріледі.
Бір сәтке тарихқа үңілсек, жүгері дақылының шығу тарихы Америка континентімен байланысты. Оның өсімдік ретіндегі алғашқы сипаттамасы үнді тайпаларының үңгірлерінің маңынан табылған. Ол кездегі жүгерілер көлемінің шағын әрі дәндерінің ұсақ болуымен ерекшеленеді. Дәлірек айтқанда, көне тұқымдардың көлемі қазіргі сұрыптардан 10 есе кіші болған. Кейбір деректерге сәйкес, бұл астық өсірудің біршама ертерек, шамамен 10 мың жыл бұрын басталғанын көрсетеді. Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі жүгері өндірумен айналысып, оң нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Соның ішінде Қытай халқы жүгері өндірісінде біршама жетістіктерге жетіп үлгерген. Ал бізге жүгері егу үрдісі қашан келді? Жүгері КСРО уақытында КОКП ОК-нің бірінші хатшысы болған Н.С.Хрущевтің «жылымық» заманында егіліп бастаған болатын. Аймақтың, әсіресе, оңтүстігінде аталған дақыл жақсы өнім берген. Сол кездегі «жүгері індеті» елді дүр сілкінткені тарихтан белгілі. Тіпті жүгері туралы түрлі фильмдер түсіріліп, өлеңдер мен әндер де жазылған еді. Демек, жүгері егу біздің жерімізге 1965 жылдан кейін тарай бастады. Содан бері жүгері өндіру ісі жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Аудан тарихындағы 1985-1986 жылдар ауыл шаруашылығының ең дамыған кезеңі ретінде соған дәлел бола алады. Бұл уақытта жүгері дәнінен қажетті мөлшерде мол өнім алуға болатыны іс жүзінде дәлелденген. Өз заманында «Телікөл» совхозы жүгері звеносының жетекшісі болған Жадыра Таспамбетова апамыз қарауындағы жүгеріліктің әр гектарынан 100 центнерден дән алуды қамтамасыз етті. Бұл – аудандағы жоғары көрсеткіштің бірі болатын.
Аймақ басшысы компанияның озық тәжірибесін көріп, басқа шаруашылықтарға таратуды және енгізуді ұсынды. «Таң ЛТД» секілді жаңа бағыттарды қолға алып, жұмыс орындарын ашатын қожалықтарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін де айтты.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
17 қыркүйек 2024 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930