ЖҮГЕРІНІҢ БҮГІНГІ БІТІМІ ҚАНДАЙ?
Осы уақытқа дейін Шиелі ауданы жүгері дәнін өсіруде біраз тәжірибе жинақтаған. Бұған жергілікті диқандардың тарих беттерінде қалған жоғары көрсеткіштері дәлел. Бір кезде «дала аруы» атанған жүгері дақылына деген сұраныс әлі күнге дейін азайған емес. Күтімі келіссе, өнімнің бітімі де көңіл толтыратыны белгілі. Дегенмен, бұл өнімнің бүгінгі сұранысы қандай?
Жақында аудан маңайынан 2000 гектар жер шаруашылыққа пайдалануға берілді. Соған байланысты Таң «LTD» ЖШС мен Қытайлық инвесторлардың бірлесе отырып ұйымдастырған жобасы жүзеге аспақ. Жоба бойынша биыл Сауысқандық тау аймағына 800 гектар жерге тамшылап суару әдісімен жүгері дақылы егілетін болады. Бұл аумаққа өнімнің жемдік мақсатта қолданылатын сорты егілсе, 5 гектар жерге жүгерінің 21 түрлі сорты орналастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, піскен өнімді алдағы 2025-2026 жылдары шикілей сату жоспарлануда. Дегенмен, алдағы уақытта дәстүрлі дәнді өндіру үшін арнайы өндіріс орындарын салу қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл жерде электр бағаналарын тарту жұмыстары жүргізілгелі отыр. Бұл үшін облыстық бюджеттен 149 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ Шиелі ауданына қарасты Бестам елді мекенінен 4,5 гектар жер телімі жүгері өсіруге б е р і л г е н . Б и ы л өнімді күтіп-баптау үшін кептіргіш қондырғылар қойылатын болады. Жүгері – еліміздің көптеген жерлерінде өсірілетін бағалы дақылдың бірі. Соған сәйкес оны өсіру де қажетті күтімді керек етеді. Бүгінде осы дақылды өсіру барысында туындайтын мәселелер де жоқ емес. Мәселен, қазіргі таңда Жетісу, Түркістан облыстарындағы мыңдаған гектар жерге егілген жүгерінің дұрыс өнім бермей жатқанына куәміз. Өнімнің біраз бөлігі бұзылуына байланыс¬ты көптеген шаруа шығынға ұшырап та жатыр. Бұл мәселе туралы Таң «LTD» ЖШС-ның өкілі былай деп жауап береді: – Бұндай жағдайлар өнімді кептіретін қондырғылардың болмау себебінен тууы мүмкін. Біз қазір осы сияқты мәселелердің алдын алу үшін күніне 1000 тонна өнімді кептіретін станоктарды Қытайдан алдырып жатырмыз. Олар орнатылғаннан кейін өнімдер құрғақтай, ұзақ сақталатын болады. Сондай-ақ көгеру, шіріп кету сияқты жағдайлар орын алмайды, – дейді Сәкен Шағыртаев. Тарихқа үңілсек, жүгері дақылының шығу тарихы Америка континентімен байланысты. Оның өсімдік ретіндегі алғашқы сипаттамасы үнді тайпаларының үңгірлерінің маңынан табылған. Ол кездегі жүгерілер көлемінің шағын әрі дәндерінің ұсақ болуымен ерекшеленеді. Дәлірек айтқанда, көне тұқымдардың көлемі қазіргі сұрыптардан 10 есе кіші болған. Кейбір деректерге сәйкес, бұл астық өсірудің біршама ертерек, шамамен 10 мың жыл бұрын басталғанын көрсетеді. Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі жүгері өндірумен айналысып, оң нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Соның ішінде Қытай халқы жүгері өндірісінде біршама жетістіктерге жетіп үлгерген. Ал бізге жүгері егу үрдісі қашан келді? Жүгері КСРО уақытында КОКП ОК-нің бірінші хатшысы болған Н.С.Хрущевтің «жылымық» заманында егіліп бастаған болатын. Аймақтың, әсіресе, оңтүстігінде аталған дақыл жақсы өнім берген. Сол кездегі «жүгері індеті» елді дүр сілкінткені тарихтан белгілі. Тіпті жүгері туралы түрлі фильмдер түсіріліп, өлеңдер мен әндер де жазылған еді. Демек, жүгері егу біздің жерімізге 1965 жылдан кейін тарай бастады. Содан бері жүгері өндіру ісі жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Аудан тарихындағы 1985-1986 жылдар ауыл шаруашылығының ең дамыған кезеңі ретінде соған дәлел бола алады. Бұл уақытта жүгері дәнінен қажетті мөлшерде мол өнім алуға болатыны іс жүзінде әбден дәлелденген болатын. Өз заманында «Телікөл» совхозы жүгері звеносының жетекшісі болған ¬Жадыра Таспамбетова апамыз қарауындағы жүгеріліктің әр гектарынан 100 центнерден дән алуды қамтамасыз етті. Бұл – аудандағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы мәліметтерді негізге ала отырып, ауданның бүгінгі ішкі нарығын бақылау мақсатында жергілікті саудагерлермен тілдесіп көрдік. Көтерме саудалы дүкендерде Алматы және Шымкент қалаларынан әкелінетін 1 кг жүгерінің бағасы 100 теңге. Дегенмен, сатушылардың айтуына қарағанда, қазіргі кезде бұл өнімге сұраныс өте аз. Құнарлы өнімді тұрғындар неге аз тұтынады? Мәселе сапада ма әлде сұраныста ма?
Таслима ӘЛІШЕР