Зейнетақы жинағы есебінен емделу мүмкіндігі қашан қайта беріледі?

Ел тұрғындары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты емделуге пайдалану мүмкіндігіне жарты жылдан кейін ғана қайта қол жеткізе алады. «Отбасы банк» басқарма төрағасы зейнетақы қорынан қаражат алуға уақытша тыйым салу туралы шешімді егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз 12 қаңтар күні сағат 19:00-де өтінім қабылдауды тоқтаттық. Себебі enpf-otbasy.kz порталында радиохирургияға қатысты өтінімдер саны күрт көбейді. Біздің ұстанымымыз – жекелеген ем түрлерін қайтару қажет, алайда бұл үдеріс толықтай ашық әрі бақылауда болуы тиіс. Алдағы уақытта, шамамен 6-9 ай ішінде, кейбір операция түрлерін қайта жандандыруымыз мүмкін», деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Банк басшысының айтуынша, бұған дейін радиохирургия бойынша айына берілетін өтінімдер саны 10-нан аспаған. Соңғы уақытта олардың саны күрт өсіп, қалыптан тыс деңгейге жеткен. 12 қаңтарға қарай мұндай өтінімдер саны 7 мыңнан асқан. Банк қызметкерлері операция жасалуы тиіс делінген клиникаларға тексеріспен барған. Алайда кейбір медициналық мекемелерде қажетті арнайы жабдық та, тиісті мамандар да жоқ болып шыққан. Ал тағы бір клиникалар көрсетілген мекенжайда мүлде болмаған.
КТК арнасының хабарлауынша, енді «Отбасы банк» Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мұндай клиникаларды лицензиялау талаптарын қатаңдату бағытында жұмыс жүргізбек. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін тіс емдеу, көз ауруларын емдеу, онкологиялық және орфандық ауруларға байланысты зейнетақы жинақтары есебінен қаражат пайдалану мүмкіндігі қайта енгізілуі ықтимал.
«Мониторинг барысында анықталған заңбұзушылықтар бізге бұл операцияларды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермейді», деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
Айта кетейік, бұған дейін зейнетақы есебінен емделуге өтінімдер қабылдау тоқтатылғанын хабарлаған едік.




